Оқырманын сусындатқан «Ғұмырдария»
Кеше Астанадағы Достық үйінде қоғам қайраткері, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Ерсұлтан Бектұрғановтың «Ғұмырдария» кітабының тұсауы кесілді.
«Фолиант» баспасынан жарық көрген, естелік-эссе түрінде жазылған бұл кітапта автор балалық шағынан қазірге дейінгі ғұмыр жолындағы елеулі оқиғаларды баяндап, өмірлік тәжірибесімен бөліседі. Сондай-ақ адам бойындағы басты қасиеттер – адалдық, еңбексүйгіштік пен кішіпейілділікті басты құндылық ретінде көрсетіп, оқырмандарды кездескен қиындықтарды жеңіп, қашанда жақсылық жасауға шақырады.
– Ерсұлтан Бектұрғановтың жаңа кітабын екі күн бас алмай оқып шыққанмын. Оқып отырып, елде жүрген кездегі өзім де білмейтін нәрселеріме қанықтым. Бүкіл Бектұрғановтар әулетінің жақсы істерін, жақсы қасиеттерін, өнегелі істерін таныдым. Түйіндеп айтқанда, бұл кітап адалдықты, адамгершілікті ту ете отырып, ұрпақтарды отаншылдыққа, еңбексүйгіштікке шақырады, – деді тұсаукесерде сөз алған аудармашы-журналист Есенқұл Сафуани.
– Менің басты айтқым келгені өмірдің мәнін де, құнын да, бақытын да еңбектен тапқаным. Адал еңбек абыройға жетелейтіні анық. Тағылымды ойлар мен қызықты оқиғаларды арқау еткен бұл кітабым өскелең ұрпаққа тәрбие беріп, жол көрсетуде пайдасы тиеді деген ойдамын, – дейді автор.
Ерсұлтан Бектұрғанов Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиясы институтын (қазіргі
М.Х.Дулати атындағы өңірлік университет), Дипломатиялық академияны бітірген. 1-сыныпты кеңесші деген дипломатиялық дәрежесі бар. Еңбек жолын қарапайым жұмыстан бастаған ол кейін ҚР Сыртқы істер министрлігінің хатшысы, Қазақстанның Германиядағы елшілігінің консулы, ҚР Президенті Әкімшілігі кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі болды. 2012 жылы қаңтар айында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланып, V-VI шақырылымдарда абыройлы қызмет атқарды. Қажырлы еңбегі мемлекет пен қоғам тарапынан жоғары бағаланып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталды. Екі рет Президенттің алғысын алып, кеудесіне «Алтын барыс» белгісін тақты.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ