Сұхбат

ОРАЙЛЫ ӨЗГЕРІСТЕР ОҢ НӘТИЖЕСІН БЕРЕДІ

IMG_2751 

 

 

 

Тілеген ҚАСКИН,

ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы, Тәртіптік кеңес төрағасы

 

Наурыз айынан бастап мемлекеттік қызмет саласында өзгерістер орын алмақ. Бұл жаңалықтың бір ерекшелігі – мемлекеттік қызметке орналасамын деген әр азамат бұдан былай Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып құжат тапсырады. Ал, тестілеуден алған сертификат бір жылға дейін жарамды. Осы және басқа да өзгерістер төңірегінде ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы –Тәртіптік кеңес төрағасы Тілеген Қаскинмен әңгімелескен едік.

 

– Тілеген Төлегенұлы, саладағы негізгі өзгерістер қалай жүзеге асып жатыр?

– Өткен жылы мемлекеттік қызмет саласындағы жұмыс барысын жетілдіру ісі дами түсті. Атап айтқанда, Астана қаласы бойынша мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызмет саласындағы заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардан соң конкурс өткізу рәсімдері артқандығы байқалады. 2013 жылдың екі тоқсанында 208 мемлекеттік бос әкімшілік лауазымға 56 конкурс жарияланып, олардың қорытындысы бойынша 155 үміткер алға шықты. Айта кету керек, оның 58 пайызы мемлекеттік қызметшілер емес.

Алғаш рет Астана қаласының мемлекеттік органдары жариялаған барлық бос әкімшілік лауазымдарға конкурс хабарландыруларында бақылаушылар мен сарапшылардың қатыса алатыны туралы көрсетілді. Мемлекеттік органдардың басшылары конкурс өткізу рәсімдерінің екі есе қысқартылуы тиімді екенін айтуда. Тестілеу мен конкурс өткізу рәсімінің бөлек өткізілуі Астана қаласының мемлекеттік органдарында конкурстардың жиілігіне оң әсерін тигізді. Сонымен қатар, кадр резерві де іске қосылды. Конкурс рәсімдерінің қорытындысы бойынша 80 үміткер «Б» корпусы әкімшілік мемлекеттік қызметшілер кадр резервіне тұрды. Оның тең жартысы мемлекеттік органдар ұсынған  жұмысқа орналасты.

Егер 2012 жылы бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға ауысу мен тағайындау, яғни, «командалық ауыстыру» арқылы ауысу орын алған болса, ол көрсеткіш 2013 жылы 72%-ға төмендеді.

Өткен жылы мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлықпен күресу және мемлекеттік қызметшілердің этикасын сақтау туралы заңдарға енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында Астана қаласы мемлекеттік органдарының мемлекеттік қызметшілері арасында айына екі рет, оның ішінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп түсіндірме семинарлар жүргізілді.

Бес басшы жұмыстан қуылды

– Талай басшыны түзейтін Тәртіптік кеңес отырыстарында айтылған ұсыныстар мен қабылданған шешімдер нәтижесін берді ме?

– Тәртіптік кеңес жұмыстарының талдауы көрсеткендей, Астана қаласының мемлекеттік органдарында жоспарлы тексеру отыз пайызға төмендеді. Бірақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша тексерулер екі есеге ұлғайды. Тексеру барысында 27 кемшілік орын алған, бұл көрсеткіш 2012 жылмен салыстырғанда екі есе жоғары, сонымен қоса, азаматтардың арыздары бойынша тексеру сапасының жақсарғандығын атап өту керек.

2013 жылы Тәртіптік кеңестің алты отырысы өтіпті. Департамент Тәртіптік кеңес ұсынысы бойынша 28 тәртіптік жаза қолданылған, оның ішінде бес лауазымды басшы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін атқаратын лауазымынан босатылды, екі лауазымды тұлғаға  қызметіне толыққанды сәйкес еместігі туралы ескерту, сегізіне қатаң сөгіс, екі азаматқа сөгіс түрінде тәртіптік шара қолданылды.

2013 жылы Департамент Тәртіптік кеңесінің ұсыныстары толығымен орындалды деуге болады.

– Жеке азаматтардың өтінішіне  қаншалықты құлақ астыңыздар?

– Азаматтарды жеке қабылдау жұмыстары қарқынды түрде жүргізілді. Алғаш рет «Нұр Отан» партиясының Астана қалалық филиалының қоғамдық қабылдауында жеке қабылдаулар өткіздім. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті жанындағы жеке тұлғалармен, коммерциялық емес ұйымдармен мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі Қоғамдық кеңесінің отырысы және семинарлары өтті. Тәртіптік кеңестің жасалынып жатқан барлық жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды.

Бір ғана құжат талап етіледі

– Саладағы өзгерістер жайына қайта ойыссақ. Тест тапсыру сұрағына қатысты қандай жаңалықтар бар? 

– Президент Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік қызметтің жаңа моделінің тұжырымдамасында» көзделгендей мемлекеттік мекемелерде меритократия қағидасын дамыту, азаматтардың мемлекеттік қызметке тең қол жеткізудегі конституциялық құқығын жүзеге асыру мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының бұйрығымен Бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға үміткерлерді тестілеу ережесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Аталған бұйрық 2014 жылдың 1 наурызынан бастап күшіне енеді. Ережеге енгізілген өзгерістер «Б» корпусына қатысты деп айтсақ болады.

Мемлекеттік қызмет саласындағы енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, қазіргі таңда үміткерлердің тестілеу рәсімі бос әкімшілік лауазымдарға жарияланған конкурстардан бөлек өткізіледі.

Біріншіден, ережеге өзгерістер енгізілгенге дейін үміткерлер тек уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшелеріне өтініш, бiлiмi туралы құжаттардың, еңбек өтілін растайтын құжаттың, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмелерін тапсырса, наурыздан бастап, тестілеуге қатысу үшін «Б» корпусына үміткерлер «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы, оның ішінде халыққа қызмет көрсету орталықтарына, сондай-ақ уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшесіне жүгіну жолымен  белгіленген нысандағы өтінішті тапсырады және үміткерден тек бір ғана құжат, яғни жеке басын куәландыратын құжат талап етіледі.

Екіншіден, ережеге өзгерістер енгізілгенге дейін үміткерлерден құжаттар уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшелерімен қолма-қол немесе пошта арқылы қабылданып, олардың еңбек өтілі бойынша біліктілік талаптарына сәйкестілігі қарастырылатын, ал жаңа өзгеріске сай енді үміткер тестілеудің күнін және уақытын тестілеу өткізуге бар бос орындар негізінде таңдайды. Оны үміткерден тестілеуге қатысу үшін құжаттардың қабылданғаны «электрондық үкімет» веб-порталында қалыптастырылатын белгіленген нысанда тестілеу күні, уақыты және өту орны көрсетілген қолхатпен расталады. Алдағы уақытта үміткерлердің еңбек өтілін санау, құжаттарының біліктілік талаптарына сәйкестілігін тексеру бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға конкурс жариялаған мемлекеттік органдардың жауапкершілігінде болады.

Үшіншіден, ережеге өзгерістер енгізілгенге дейін тестілеу екі бағдарламадан құралған болса, яғни басшылық лауазымдар үшін және атқарушы лауазымдар үшін, ал 2014 жылдың 1 наурызынан бастап  тестілеу үш бағдарламаны қамтитын болады.

Үш бағдарлама бойынша өткізіледі

Әр бағдарламаның өзіндік талаптары болатыны сөзсіз. Санаттар бойынша қандай Заңдарды білу міндеттелді? Сұрақ көлемі мен тест тапсыру уақыты өзгерді ме?

– Бipiнші бағдарлама А-1, А-2, А-3, А-4, В-1, В-2, В-3, В-4, С-1, С-2, С-3,     С-О-1, С-О-2, С-О-3, C-R-l, D-l, D-2, D-3, D-O-l, D-O-2, D-0-3, Е-1,Е-2 санаттарына арналған және мемлекеттік тілді білуге тест (20 тапсырма); логикалық тест (10 тапсырма); Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестке Қазақстан Республикасының Конс­титуциясы (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» (15 сұрақ) Қазақстан Республикасының конституциялық заңдарын, «Мемлекеттік қызмет туралы» (15 сұрақ), «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» (15 сұрақ), «Әкімшілік рәсімдер туралы» (15 сұрақ), «Нормативтік құқықтық актілер туралы» (15 сұрақ), «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» (15 сұрақ), «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» (15 сұрақ) Қазақстан Республикасының заңдарын бiлуге арналған тест сұрақтары кiредi. Әрбір нормативтік құқықтық актілер бойынша тестілеу нәтижелерінің шекті мәні мүмкін болған 15 жауаптан кем дегенде 10 дұрыс жауапты құрайды. Жалпы тест тапсыруға 110 минут беріледі.

Екінші бағдарлама В-5, С-4, С-5, С-О-4, С-О-5, С-О-6, C-R-2, C-R-3, C-R-4, D-4, D-5, D-O-4, D-O-5, D-O-6, Е-3, E-R-1, E-R-2, E-R-3, E-G-l, E-G-2  санаттарына арналған және мемлекеттік тілді білуге тест (20 тапсырма); логикалық тест (10 тапсырма); Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестке Қазақстан Республикасының Конституциясын (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» (15 сұрақ) Қазақстан Республикасының конституциялық заңы, «Мемлекеттік қызмет туралы» (15 сұрақ), «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» (15 сұрақ), «Әкімшілік рәсімдер туралы» (15 сұрақ), «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» (15 сұрақ), «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» (15 сұрақ) Қазақстан Республикасының заңдарын бiлуге арналған тест сұрақтары кiредi. Әрбір нормативтік құқықтық актілер бойынша тестілеу нәтижелерінің  шекті мәні мүмкін болған 15 жауаптан кем дегенде 8 дұрыс жауапты құрайды. Жалпы тест тапсыруға 110 минут беріледі.

Үшінші бағдарлама C-R-5, Е-4, Е-5, E-R-4, E-R-5, E-G-3, E-G-4 санаттарына арналған мемлекеттік тілді білуге тест (20 тапсырма); логикалық тест (10 тапсырма); Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге арналған тестке Қазақстан Республикасының Конституциясын (15 сұрақ), «Мемлекеттік қызмет туралы» (15 сұрақ), «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» (15 сұрақ), «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» (15 сұрақ), «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» (15 сұрақ), «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» (15 сұрақ) Қазақстан Республикасының заңдарын бiлуге арналған тест сұрақтары кiредi. Әрбір нормативтік құқықтық актілер бойынша тестілеу нәтижелерінің  шекті мәні мүмкін болған 15 жауаптан кем дегенде 8 дұрыс жауапты құрайды. Жалпы тест тапсыруға 100 минут беріледі.

Осы ретте айта кететін аса маңызды жәйт, жергілікті бюжеттен қаржыландырылатын аудандық атқарушы органдардың басшыларына, аудандық маңызы бар қалалардың, селолардың, кенттердің, селолық округтердің әкімдері мемлекеттік лауазымдары үшін Қазақстан Республикасы Заңдарын білуге арналған тестілеу саны азайған. Әрбір нормативтік құқықтық актілер бойынша тестілеу нәтижелерінің  шекті мәні мүмкін болған 15 жауаптан кем дегенде 8 дұрыс жауапты құрайды.

Үміткерлерге сертификат қалай беріледі?

– Шекті мәннен төмен емес тестілеу нәтижесін алған үміткерге белгіленген нысандағы тестілеу өткендігі туралы сертификат беріледі. Бірінші тестілеу бағдарламасы бойынша берілген сертификат екінші және үшінші тестілеу бағдарламаларына жататын «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметінің санаттарына жарамды. Екінші тестілеу бағдарламасы бойынша берілген сертификат үшінші тестілеу бағдарламасына жататын «Б» корпусы мемлекеттік әімшілік қызметінің санаттарына жарамды, бір айта кетерлік жай, сертификатта нақты  жарамды санаттардың тізбесі жазылады.

Шекті мәннен төмен тестілеу нәтижесін алған «Б» корпусына үміткерге шекті мәннен төмен нәтижелермен тестілеу өткендігі туралы анықтама беріледі.

Қағидаға өзгерістер енгізілгенге дейін, тестілеу аяқталғаннан кейін тестілеуден өткен адамдарға уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды тұлғасының және тестілеу әкімшісінің қолы қойылған және мөр басылған тестілеу нәтижелері берілетін, оған белгілі бір уақыт керек болатын. Ал, ережеге енгізілген өзгерістер мен толықтырулардан соң азаматтарға шұғыл түрде қызмет көрсету мақсатында аталған сертификаттар тестілеу аяқталғаннан кейін отыз минуттан кеш емес уақытта тестілеу әкімшісінің және оператордың қолы қойылған және мөрмен расталған тестілеу нәтижелері берілетін болады.

– Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов тест тапсыру кезінде азаматтарға талап күшейетінін айтып еді. Нақты қандай жағдайларға шектеу қойылды?

– Тест тапсырғалы отырған адамның басқалармен сөйлесуге, материалдар алмасуға, қағаз немесе электрондық түрдегі ақпараттарды қолдануға, орынжайды тастап кетуге тыйым салынады. Оның электрондық құрылғылары тестілеуді өткізу уақытында өшіріледі. Егер аталған талаптарды бұзған жағдайда тестілеу әкімшісі процесті тоқтатып, азаматты шығарып жібереді.

Бұл ретте әкімші белгіленген нысанға сәйкес, тестілеу ережелерін бұзу туралы актіні толтырады. Ережені бұзған адамның тестілеу нәтижесі жойылады.

Акт толтырылған адамдар қайта тестілеуді акт толтырылған күннен бастап алты айдан кем емес мерзімнен кейін өтеді.

Әңгімеңізге рахмет!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button