Спорт

Оралбайлар мұраты – Олимпиада олжасы

Қазақ спортында егіз спортшылар аз емес. Мәселен, Серік және Ерік Қонақбаевты жақсы білеміз. Екеуі бірдей спорт жолын қуаламаса да, бірі – белгілі ғалым, екіншісі әйгілі боксшы болды. Геннадий және Максим Головкин рингте талай қарсыласының мысын басты. Сол секілді астаналық Нұрбек пен Айбек Оралбайды қазақстандық жанкүйерлер жақсы біледі. Қос спортшы ел намысын Азия және Әлем чемпионатында абыроймен қорғап, табысты өнер көрсетіп жүр. Жақында Амманда байрағы көтерілген құрлық бәсекесінде екеуі де олжалы оралды. Оғландарға арнайы қонаққа барып, спорттағы жетістігі жайлы білдік.

Шаңырақ иесі Рекең – Рахат Қуандықов ақжарқын азамат екен. Төрді ұсынды. Жас кезінде еркін күресті серік етіпті. Екеу­мізді спорттың осы түрі рухани жақындастырып, әңгімемізді жарастырып жіберді. Ортақ әңгіме – спорт. Ұлдарының спорттағы жетістігі туралы сұрадық.

– 2009 жылы бокс залына апардым. Білікті бапкер Асқар Еркебаевтің қол астында бокстың әліппесін үйреніп, шеберлігін шыңдай бастады. Еңбек еш кетпей, көп ұзамай өз нәтижесін бере бастады. Шу қаласында республикалық турнир өтіп, алғаш рет 34 келі салмақта Нұрбек, 36 келіде Айбек рингке шықты. Екеуі де жақсы өнер көрсетті. Содан бері ұлдарым жарыс алаңына шыққанда тақымымды қысып, жанкүйер боламын, – дейді тілеуқор әке.

2022 жылдың 30 қазан 13 қараша аралығында Иорданияның орталығы Амман қаласында Азия бокс конфедерациясы (ASBC) құрлықтың үздіктерін анықтады. Бұл сында Нұрбек – 80 келіде, Айбек 92 келі салмақта сынға түсті.

– Екі ұлым өте намысшыл. Бір-бірін рухани қолдап, демеу көрсетіп жүреді. Олардың спорттағы жетістігінің бір сыры осында. Олимпиадалық циклда турнирлерде жоғары көрсеткіш көрсету оңай емес. Спортшылар қаншама тер төгеді. Техникасын жетілдіріп, тактикасын шыңдайды. Азия чемпионаты Нұрбекке де, Айбекке де үлкен сын алаңы болды. Шүкір, екеуі де сенімді ақтады, – деді Рахат Қуандықов.

2022 жыл. 7 қараша. Рахаттың өзі Астанада болғанымен, көңілі Амманда. Өйткені шаршы алаңға Нұрбек көтеріліп, 1/4 финалда Таиланд өкілі Жонгоджо Веерапонмен қолғап түйістірді. 2018 жылы Таиландта өткен Азия чемпионатының ақтық сынында екеуі кездесіп, төрешілердің шешімімен жарыс қожайыны жеңімпаз атанған-ды. Жалпы Жонгоджо оңай шағылатын жаңғақ емес. Сербияда өткен Әлем чемпионатында қола жүлдені қанжығасына басқаны тағы бар. Бұл жолы аянып қалуға әсте болмайды. Реванш алу маңызды. Шиеленісті жекпе-жекте Нұрбектің бағы басым болды. Сөйтіп, жартылай финалға жолдама алды.

Жартылай финалда Нұрбектің жолы болмады. Негізі, жекпе-жек өте шиеленісті өтті. Қайсысына жеңісті берсе де жарасады. Тең өткен кездесуде төрешілердің бүйрегі тағы да алаң иесіне бұрды ма, ол жағы бізге белгісіз, әйтеуір иорданиялық Хуссейн Иашайштің қолы жоғары көтерілді. Есеп 3:2. Қола медаль қалтада.

Ал 92 келі салмақта шыққан Айбектің бірінші қарсыласы Үндістан боксшысы Йодваре Тхипсатч болды. Тұлғасы мығым, қолдары да ұзын үндістандық боксшы солақай екен. Мұндайда сақтанып жүріп, сауатты өнер көрсету маңызды. Егер жаңылыссаң, жұдырық дарытсаң, ұтылдым дей бер. Айбек алдын ала бапкерлерінің берген бағдары бойынша сол қолын үнемі қағып, жақын қашықтықта бокстасуға мән берді. Ұрымтал сәтте ашық тұсын тауып, ауыр соққысын дәл тигізді. Йодваре нокдаун алды. Төреші есеп ашты. Жанкүйер толы зал ду ете қалды. Айбек тағы да шабуылды үдете түсіп, ыңғайлы сәтте соққысымен қарсыласын тағы да еденге отырғызды. Әуесқой бокста нокдаун мен нокаут – сирек болатын құбылыс. Амман төріндегі жанкүйер Айбектің шеберлігіне тамсанып, шынайы ықыласпен құрмет көрсетіп жатты. Үнді боксшысы 9 минут ішінде үш рет нокдаун алып үлгерді. Айбек айқын басымдылықпен жеңді.

Одан кейін ирандық Туфан Шарифинамен қолғап түйістірді. Ол жекпе-жекті өте сақ бастап, мұқият қорғанып, Айбектің қапы кетер сәтін аңдыды. Бірақ ирандықтың мәнерін зерттеп шыққан қазақстандық боксшы тактикалық шеберлігін байқатты. Туфанның тура соққан соққыларын күтеді де, лезде қарсы ұмтылып соққыны жамбырша жаудырады. Төрешілер Айбектің мықты екенін мойын­дады. Есеп: 5:0.

Ақтық бәсекеде оның қарсыласы өзбекстандық – Мадияр Сайдрахимов. Бұл екеуі – Париж Олимпиадасында алтынға үміткер боксшы. Сол себепті бокстың сыр-қырын жетік меңгерген білікті мамандардың назары 92 келінің финалына ауды.

Құрлық және Әлем чемпионатына елдер осал спортшысын қоспайды. Жүлде алуға қауқарлы, талай сыннан сүрінбей өткен мықтыларынан үміт күтеді. Мадияр да – сондай мықтының бірі. Ол Әлем чемпионатына қатысып жүлде алған. Сол жолы Айбектен айласын асырған еді. Енді Айбекке жеңілуге жол жоқ. Екінші жағы, екі салмақта өзбекстандықтар қазақ боксшысынан басым түсті. Бұл жолы ұтылса, азаматтыққа сын, сосын командалық есепте Өзбекстанды алға шығарып аламыз. Бапкерлер психология­лық тұрғыда осындай бағыт-бағдар берді. Не бел, не белбеу кетедінің нақ өзі, осы!

Өзінің өнерімен иордания­лықтардың назарын баурап алған Айбек өз-өзіне сенімді шықты. Жанары оттай жанып, қарсыласының мысын басты. Аңдысып көп жүрген жоқ. Ашық айқасқа кірісіп те кетті. Айбек бірінші нөмірмен қозғалып, қарсыласын рингтің төрт бұрышында қуалап жүріп, соққылады. Нәтижесінде есеп – 5:0. Сөйтіп, Сербияда кеткен есені қайтарды.

Жеңіс – қазақтыкі! Жеңіс – Қазақстандыкі!

Шынында, Айбектің жеңісінен кейін Қазақстан құрамасы Өзбекстанның алдына шығып, жалпы командалық есепте көш бастады.

– Негізі, рингте өнер көрсету оңай емес. Біріншіден, көрер­меннің абыр-сабыр қолдауы спортшының мысын басады. Екіншіден, қарсыласын қандай сый дайындап келгенін білмейсің. Мұның бәрі адам жүйкесіне ауыр жүк түсіреді. Әп-дегеннен сәтсіздікке ұшыраса сағы сынып, мүмкіншілігінен төмен нәтиже көрсететіндер аз емес. Тіпті психологиялық тұрғыда бұрынғы бабына келе алмай, спортты ерте тастайтындар көп. Ал бокста бір жеңілістен соң-ақ жанкүйерлердің қатарынан орын аласың. Келесі жарыста кеткен есенің орнын толтыру тіпті де қиындай түседі. Егер бапкерлер кезекті рет сенім артса, көп күш-жігер, қайрат жұмсауға тура келеді. Міне, менің шәкірттерім осындай жауапкершілікті жақсы түсінеді. Амманда жақсы өнер көрсетті. Алдағы турнирлерге дайындықты үдетеміз, – дейді қос боксшының бапкері Асқар Еркебаев.

Нұрбек те, Айбек те жеңіс пен жеңіліс алма-кезек келетінін айтып, алдағы байрақты бәсекелерге дайындықты күшейтетінін сөз етті.

– Сары құрлықтың мықты боксшылары жиналған чемпионатта қола медальға қол создым. Турнирге жақсы дайындықпен барған едім. Сәттілік жетіспеді. Алдағы ірі жарыстарға дайындықты жалғастырып, қоланы алтын медальға алмастыруды ойлаймын. Мақсат – Олимпиада ойындарында жүлде алу! Бұл оңайлықпен келмейтінін де жақсы білеміз, – дейді жігерлі Нұрбек.

Егіздер жастар арасындағы Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойынында өнер көрсетіп, Әнұранды шырқатқаны әлі есімізде.

Олардың 2018 жылғы жетістігінің өзі неге тұрады?

2018 жылы 19-28 сәуірінде Таиландта Азия чемпионаты байрағын көтерді. 75 келі салмақта сынға түскен Нұрбек ақтық бәсекеде жарыс қожайыны Джонгоджо Веерапон есе жіберген-ді. Ал 91 келіде сынға түскен Айбек финалда Өзбекстан өкілін Жавохира Тогаймуродов қуалап жүріп сабап, алтыннан алқа тақты.

Сол жылы 21-31 тамызы аралығында Венгрияның Будапешт қаласында AIBA жастар арасындағы Әлем чемпионатын өткізді. Нұрбек 75 келі салмақта финалда ресейлік Даниил Тетеревтің осал тұсын тапса, 91 келіде бақ сынаған Айбек ресейлік Игорь Федоровке есе жіберіп, күміс медальмен шектелді. Есесіне, 6-18 қазанында Аргентина елінің астанасы Буэ­нос-Айресте ІІІ жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындарында Айбек қарсылас шақ келтірмеді. Ақтық сында алжирлік Мохаммед Амин Хасед айқын жеңіп, Олимпиада чемпионы атанды.

2019 жылы қос боксшы ересектер арасына ауысып, өздерінің мықты екенін дәлелдеді. Алдымен Спартакиада ойынында, сосын Қазақстан чемпионда топ жарды. 2021 жылы ел намысын Сербия­ның Белград қаласында өткен Әлем чемпионатында қорғады. Ересектер арасында қатысқан алғашқы әлемдік додада тәжірибе жетіспеді ме, жүлдесіз қалды. Оның есесін Аммандағы Азия чемпионатында қайтарды.

22 жастағы Айбек пен Нұрбек техниканы жетік меңгерген, бәрінен бұрын, бапкерлердің көрсеткен тактикалық дағдысын дәл орындап, жеңіске жетудің сырын жақсы біледі. Еңбекқор. Ізденгіш. Рингте батыл қозғалады әрі шешімтал. Жеңіске деген жігері басым.

Мұны неге айтып отырмыз? Қол созым жерде Париж Олимпиа­дасы тұр. Ағайынды Кличколар сында Оралбайлар да олжамызды көбейтіп, әлі Әлем чемпионаты мен Олимпиада ойынында көк байрақты биікке қалықтатады.

– Біздің мақсат – Париж Олимпиадасында топ жару. Бұл жолда тер төгіп, ел сенімін ақтағымыз келеді, – деді мұратшыл Айбек.

«Ел үмітін ер ақтар, Ер ата­ғын ел сақтар». Ескіден қалған есті сөз егіздерге қарата айтыл­ғандай.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button