Оралханға оралу
«Бiр ел – бiр кiтап» акциясы бойынша, биыл жалпыхалықтық оқуға ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, жазушы Оралхан Бөкейдiң шығармалары таңдап алынды. Бұл туралы кеше ҚР Ұлттық кiтапханасында өткен баспасөз мәслихатында мәлiм болды.
Акцияны ұйымдастыру комитетiнiң төрағасы Фариза Оңғарсынова жиын барысында қаламының қарымы бөлек Оралхан Бөкейдiң шығармашылығына тоқталды. Мәслихатта модератор болған әдебиет сыншысы Амангелдi Кеңшiлiкұлы, Сенат депутаты, академик Ғарифолла Есiм, жазушы Төлен Әбдiк, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай, театр сыншысы Әшiрбек Сығай және тағы басқа қаламгерлер сөз сөйлеп, кiтап оқудың маңыздылығы мен бүгiнгi әдебиет, әдеби туындылардың оқылуы мен таралымы мәселесiн қозғады.
Оралхан Бөкей – аз ғұмыр кешсе де, соңына мол мұра қалдырып кеткен бiрегей тұлға. Оның әдебиетте алар орны мен өзiндiк қолтаңбасы жиын барысында жан-жақты сөз болды.
Бұған қоса «Жасын ғұмыр жазушы» виртуалды кiтап көрмесi мен «Алтайдың ақиық ұлы» методикалық құралының тұсауы кесiлдi. Ал, фойеде «Кербұғы секiлдi қазақтың кербезi» деген тақырыппен кiтап көрмесi қойылды.
Әдеби туындыларды насихаттау, қоғамды кiтап оқуға үгiттеу мақсатында ұйымдастырылған «Бiр ел – бiр кiтап» акциясы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң қолдауымен қолға алынған. Биылғы жылы Оралхан Бөкей шығармаларын насихаттау барысында елiмiз бойынша 1123 iс-шара өткiзу жоспарланып отыр.