Имантаразы

ОРАЗА ҚАБЫЛ БОЛСЫН!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкіршілік айтамыз.

Құрметті мұсылман бауырлар!

Иман бұлағынан сусындай бас­та­ған халқымыз мүбәрәк Рамазанда Алланың рақымына бөлену­ді үміт етіп, сауабы мол ізгі амал­дар­ды атқаруға ниеттеніп отыр. Сіздерді бір ай бойы жалғасатын мұ­сыл­мандардың ұлық мерекесі – Рама­занның келуімен құттықтаймын!

Алла тағала өз мейірімі әрі кең­шілігімен белгілі күннің, түн мен ай­­дың қадірі мен қасиетін һәм ар­­тық­шы­лығын арттырып қойды. Қа­сиет­ті Құранда айтылған Рамазан айы­­ның ерекшелігі сол, бұл мез­гілде жа­салған кез келген игі істің, Жара­тушыға жақындататын жақ­сы амал­дың сауабын санау мүм­кін емес.
Ораза – Алла мен адамның ара­сын­дағы риясыз құлшылық, тек Раб­бымыздың разылығын көздейтін ұлық ғибадат. Оразаның теңдессіз сауабын Жаратушы Иеміздің жасырып қоюында үлкен сыр бар. Көзбен көріп, қолмен ұстап, түйсікпен түсініп алмайынша, көп нәрсеге сене бермейтін адам баласының санасына салмақ болатын сауапты жасыруда біз біле бермейтін даналық көп. Бұл – ұлық ғибадатты кіршіксіз орындап, ұлы мақсатқа ұмтылуға жетелейді. Хадис-шәріпте Алла тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шө­ліркегеннен шыққан аузының исі мен үшін мисктен де артық» дейді. Алланың уәдесі – хақ.

Рамазан – рухани жаңару айы. Жерді мекен еткен аң мен құс­тың, барлық тіршілік иесінің жыл мез­гілдерінде жаңару, түлеу, өзге­ру үдерісінен өтетіні белгілі. Ал Алланың адам баласына берген шек­сіз нығметі, теңдессіз сыйы санал­ған ораза – тікенді жерге табан ти­гізбей, сақтанып жүретініміз секілді, күнәға бетпе-бет келуден сақ­тайтын, жан-дүниемізді, мінез-құл­қымызды жақсылыққа тәрбие­лейтін, рухани түлеп шыға­тын құл­шылық. Ауыз бекітудің адам өмірін ізгілікке бастайтынын білген пенде одан бас тартуы мүмкін емес.

Ораза – сабыр мектебі. Еліміз егемендігін алып, еңсесін тіктеп, рухани құндылықтарымен қайта қауышқан сонау 1991 жылдары Рамазан айы күннің қысқарған, түннің ұзарған, яғни, ораза ұстауға қолайлы қыс мезгіліне тұспа-тұс келді. Расында да, бұл енді ғана иманға ден қойған халқымыздың деңгейіне дөп келген мезгіл еді. Енді, міне, Аллаға шүкір, кешегі кеңес кезінде үзіле жаздаған рухани жібімізді «Бірінші тілек тілеңіз, Бір Аллаға жазбасқа» деп жырлаған батагөй бабаларымыздың алтын ар­қауын жалғауға мүмкіндік туды. Жұртымыз Ислам құндылықтары­мен қайта қауышып, рухани қазы­ғын қайта айналып тапты. Жүрекке бе­кіген сенімге селкеу түспейді. Ас­пан жерге айналып түсетін ші­лің­гір шілдеге тұспа-тұс келген Рама­­занда ораза ұстауға күннің ап­табы немесе басқа да себептер әсер етпейді деп сенеміз. Себебі, иманның бал дәмін татқан жан Алланың тең­дес­сіз сыйынан шет қалғы­сы кел­мейтіні хақ.

Иман жолы сабырлық пен тақуа­лықты талап етеді. Ораза нағыз, шынайы тақуалыққа жетелейді. Құранда Алла тағала: «Ей, иман кел­тіргендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» («Бақара» сүресі, 183-аят) дейді.

Қымбатты отандастар!
Қасиетті Рамазан айы құтты болсын! Ұстаған оразаларыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болғай! Рамазан айында жасаған игі істеріңіз сауаптан жазылып, Алла тағала елімізге, жерімізге береке жаудырғай!

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button