Имантаразы

Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ораза және намаз кестесін, ораза пітірінің мөлшерін бекітті.

Биыл Рамазан айы 23 наурызда басталады. Ал сәуір айының 17-сінен 18-іне қараған түн – қасиетті Қадір түні. 21 сәуір – Ораза айт.

Биыл пітір садақа мөлшері – 535 теңге. Оның мөлшері еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады.

Пітір садақа Рамазан айында беріледі. Оны Ораза айт намазына дейін беру керек. Айт намазынан кейін берілген пітір садақа жай садақа болып қалады.

Оразаны алғаш рет ұстауға ниет еткен адамдар сәресі мен ауыз ашар дұғасын білмесе, сәресіде «Алланың разылығы үшін Рамазан айының оразасын таң атқаннан күн батқанға дейін ұстауға ниет еттім» деп; Ауызашарда «Жаратушы ием! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім. Сен берген ризық-несібеңмен ауыз аштым. Уа, Кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнәмді кешіре көр!» деп дұға қылуға болады.

Кімдерге ораза ұстамауға болады? Шариғатта қасиетті айда ораза тұтуды кей жандарға кейінге қалдыруға рұқсат етеді. Олар: жолаушылар; науқас адамдар; жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдер. Сонымен қатар, індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлер және басқа да мамандық иелері ораза ұстау­ға шамасы жетпесе, кейінге қалдыра алады. Аяғы ауыр әйел мен емізулі баласы бар әйелдер өздерінің және балаларының денсаулығы үшін қауіптенсе, ораза тұтпауына болады. Бірақ кейін қазасын өтеуі керек. Сосын Рамазан айында етеккірі келген әйел мен босанғаннан кейін қан көрген әйел ораза тұтпайды. Өйткені етеккір мен нифас қаны ораза тұтуға кедергі болады.

Қадір түні не істеу керек? Сәуірдің 27-інен 28-іне қараған түн – Қадір түні. Алланың мейірімінен үміт еткен әрбір адам Қадір түні кірместен бұрын дәрет алып, таза киім киіп, қасиетті түнді күтуге дайындық жасауға тиіс.

Қадір түні мың айдан да қайыр­лы. Бұл түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа пара-пар делінеді. Мұсылман қауымының Қадір түнін асыға күтудегі тағы бір себебі – Жаратушыға жақындау. Бұл түні адамдардың сыртынан ғайбаттап, өсек айтуға, ішімдік ішуге, жанжалдасуға, дауласуға болмайды. Достармен көңіл көтеріп, ән айтуға, билеуге, сауық кештерін ұйымдастыруға тыйым салынады. Теледидардан ойын-сауық бағдарламалары мен фильмдерді де көруге болмайды. Оның орнына тәрбиелік мәні бар дүниелерді тамашалаған дұрыс.

Қадір түнінде түні бойы дастарқан жайып қою шарт емес. Мұсылмандар бұл түнді құлшылық етіп, шын жүректен өкініп, күнәлары үшін кешірім сұраумен өткізуге тиіс. Таңға дейін Қасиетті Құран кітабын оқып, дұға жасаған абзал.

Ораза айт күні таңертең сәресі ішілмейді, күндіз ауыз ашық болады. Ораза айт дастарқан жайып, дәмнен ауыз тиетін күн болғандықтан, Ораза айттың бірінші күні ауыз бекітуге тыйым салынған.

Дәстүр бойынша бұл күні мұсылмандар бір-біріне «Ораза айт қабыл болсын» деп жылы лебіздерін білдіреді. Ренжісіп қалған ағайын-туыс, жора-жолдас бір-бірінен кешірім сұрап, өкпе-назын ұмытады. Сонымен қатар Ораза айт мерекесінде тұрмысы төмен отбасыларға, жетім-жесірлерге қол ұшын созған абзал.

Қазақ халқында ораза айында жарапазан айтатын дәстүр бар. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Жарапазан рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түн­де үйдің тұсында тұрып жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар сауап болады деп жарапазан айт­қандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек, басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазан айтатын екеу болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады»  деп жазады.

Жарапазанды көбіне балалар мен жасөспірімдер Рамазан айында үй-үйді аралап айтады. Ежелде жарапазан ораза ұстаған адамдарды ауызашарға ояту үшін айтылған. Жарапазан айтушыларға әр үйден біреу шығып, тәтті тағамдар, кәмпит, құрт, кей кездері тиын-тебен ұсынған. Бұрынғы жас балаларға асық та сыйланыпты.

Жарапазан мәтініне назар аударатын болсақ, өлең шумақтары үй иесін мадақтаудан басталатынын байқаймыз, ары қарай ислам дінінің шарттарын уағыздап, имандылыққа шақырып, өсиет айтылады. Осыдан жарапазанның негізгі мақсатын түсінуге болады.

Оразадан оразаға аман жетейік. Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button