Сұхбат

Орденбек МАЗБАЕВ: ӘЛЕМДІ ТАНУ МАҚСАТЫМА АЙНАЛДЫ

IMG_0018 (1)
Орденбек МАЗБАЕВ,география ғылымының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры

«Қазақстан аңызы» – танымдық мақсаттағы алғашқы саяхат болды

– Жер бетінің ең қиын, ең шалғай жолдарымен жүріп өткен еліміздегі санаулы саяхатшылардың бірісіз. Сіздер өзгелер көре бермейтін нәрсені көріп, өзгелер сезінбеген жайттарды бастан өткеріп көрдіңіздер. Ал, жалпы, бұл саяхаттар сізге не берді? Не түйдіңіз?

– Негізі, мен еңбек жолымды мұғалімдіктен бастағанмын. Бірақ мамандығым географ болғаннан кейін жер көру, әлемді тану, жинаған материалдарды жұмыста пайдалану – алдыма қойған мақсатыма айналды. Соның арқасында отыз сегіз жылдан бері туризм географиясы мәселесімен айналысып келе жатырмын.

– Неше рет экспедицияда болдыңыз?

– Өзім 19 экспедиция ұйымдастырдым. Соңғы жылдардың өзінде айтарлықтай ауқымды, үлкен үш экспедиция жасалыпты. Біріншісі – 2011 жылғы Оңтүстік полюске бағытталған саяхат, яғни, Антарктида экспедициясы. Екіншісі – өз елімізде жасалған «Қазақстан аңыздары». Үшіншісі – Шоқан Уәлихановқа арналған Қашқар саяхаты.

Бұл саяхаттар туралы кең толғап айта беруге болады. Бірақ, әрқайсысы бір-бір тақырып. Саяхаттардан түсінгенім, дүние – шексіз. Ғылым-білімді дамытып, танымды кеңейте түсу қажет.

Қазақ даласына жасалған экспедиция «Қазақстан аңыздары» аталыпты. Мұның мәнісі неде?

– Иә, расында да, елімізде бірінші рет өткізілген ғылыми-танымдық автоэкспедиция «Қазақстан аңыздары» аталды. Ол Қазақ география қоғамының және «Меркур» авто компаниясының көмегімен ұйымдастырылған болатын. Сапар барысында біз Қазақстанның 12 облысының аумағын автокөлікпен аралап, 10 800 шақырымды жүріп өттік. Бұл сапардағы  мақсаттың бірі – өзіміз жүріп өткен аймақтың табиғи, тарихи деректерін, аңыз-әңгімелерін, туристік нысандар туралы деректер жинастыру болатын.  Сол себепті де, саяхатты «Қазақстан аңыздары» деп атадық.

IMG_3775

Әлем бойынша жерінің кеңдігі жағынан тоғызыншы орын алатын Қазақстанды автокөлікпен неше күнде шарлап шығуға болады екен?

– Ата-бабаларымыз талай ғасырлар атпен бағындырған, сақтап қалған осы аймақты қазіргі кезде автокөлікпен қысқа уақытта өтуге болады. Біз, әрине, зерттеу, бақылау мақсатымен шықтық. Сол себепті, жалпы 10 800 шақырымды 18 күнде жүріп өттік.

– Сіз сол экспедицияға жетекшілік еткен екенсіз?

– Иә, экспедиция құрамында 68 адам болған. Экспедицияның ғылыми жауапкершілігі  маған жүктеліп, жетекшілік еттім.

– Жалпы, осы саяхатқа шығарда көздеген мақсатқа жеттіңіздер ме?

– Біздің мақсатымыз, расында, аймақтардан ел, жер туралы аңыз-әпсаналарды жинаумен қатар, өңірлердің экономикалық-әлеуметтік дамуын бағамдау, туристік мүмкіндіктерді айқындау болатын. Біз көздегенімізге жалпы жеттік деп айтуға болады. Соның арқасында елімізге аса қажетті ғылыми жобаларды дүниеге әкелдік. Туристік мәліметтер жинақталды. Сапарға шыққан ғалымдармен бірге көптеген журналистер қатысып, олар саяхат барысында көзбен көргендерін күн сайын ақпарат құралдары арқылы елімізге таратып отырды. Ол хабарлар әлі де жалғасып, бұқара халыққа өзіміздің туған еліміз, қазынаға бай, тарихы тереңнен бастау алған өлкелеріміз жайлы хабарлар әлі де көрсетіліп келе жатыр. Жалпы, бұл бұрын-соңды елімізде болмаған танымдық саяхат деуге болады. Біз саяхат барысында бес ұлттық саябақта болып, Алтайдан Каспийге дейінгі аралықты жүріп өттік. Еліміздің ең төменгі нүктесінде болдық. Үстірт, Арал теңізі, Жібек жолымен таныстық. Табиғаты көркем жерлерді араладық. Сапарымызға жергілікті жердің ғалымдары да атсалысып, үлестерін қосты. Саяхатта Қазақстанның тамаша жерлерінің ерекшеліктері мен өзгешеліктерін елге танытып, игілікті бір жұмыс жасадық қой деп ойлаймын.

 

Еуропа елдері азғантай мүмкіндіктің өзін қалт жібермейді

– Сіз күн, жел энергиясын алу мәселесі жөнінде жиі айтасыз. «Қазақстан аңыздары» экспедициясы кезінде қосымша энергия көзін ашуға қаншалықты мүмкіндік барын аңғара алдыңыздар ма?

– Қазір «ЕХРО – 2017» көрмесін абыроймен өткізу бәріміздің ортақ мұратымыз екенін көпшілік жақсы түсініп қалды деп ойлаймын. Осы көрмені өткізу мақсаты бізге қосымша энергия көзін табуға болатынын, ғылымды дамытып, ізденсе, адамның мүмкіндігі арта түсетінін түсіндіре бастаған сыңайлы. Бұл мәселе ғалым ретінде бізді де әркез ойландырады. Сондықтан да, біздің өткен экспедициямызда осы көрменің қазіргі талаптары ескеріліп, аймақтардағы жел мен Күн энергиясын, су ресурстарын, биоресурс­тарды пайдалану мүмкіндіктеріне көңіл аударылды. Байқағанымыздай, еліміздің аумағында екі-үш жерде ғана желден энергия алып отыруға болатын қуат көзі бар екен. Оны жүзеге асыру жолдарын қарастыру – ғалымдардың еншісінде. Әзірге алғашқы қысқаша қорытынды жасасақ. Мысалы, Жетісу Алатауы мен Торғай ойысында жыл он екі ай жел соғып тұрады. Біз соны пайдалануымыз керек. Мынаны есте ұстаған жөн, Еуропа елдеріне қарағанда қазақ даласында үнемі жел соғып тұратын аймақтар көп. Біз соны игермегенбіз. Ал дамыған елдердің көбі азғантай мүмкіндіктің өзін қалт жібермейді. Мысалы, Скандинавия түбегінің өзінде қаншама жел диірмені бар. Ел сол тегін желді іске асырып, тұрмыстарына пайдаланып отыр.

– Бізде сондай жел, су диірмендері бар ма?

– Бір кездері жел диірмендері де, су диірмендері де болған. Қазір де бар, бірақ санаулы ғана. Демек, елімізде энергия өндірудің балама көздері бар, енді соны дамыту қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «ЕХРО – 2017» көрмесіне дейін осы мәселеге ерекше ден қойып, тапсырмалар беруі көрегендік деп ойлаймын. Біз көрмеге дейін желден қуат өндіру орындарын жасап алсақ, шеттен жаңа технология да келері анық.

– Сіз Тәуелсіз­дігіміздің 20 жылдық тойында Туымызды Антарктидадан желбіретіп, мәртебелі іс атқарып қайттыңыз. Сол сапар туралы айта кетесіз бе?

– Расында да, ол Қазақстанның 20 жылдығына арналған іс-шара болатын. Бірақ сол жылы, яғни, 2011 жылдың 14 желтоқсанында Антарктиданы Руал Амундсен ашқанына 100 жыл болды. Біз, яғни, қазақстандық автокөлік экспедициясы сол тойға тұспа-тұс жетіп, екі қуанышты бастан өткеріп келді. Ол сапар нәтижесі бойынша «108 сағат» атты деректі фильм шықты.

Ең бастысы, біз 16 желтоқсан күні еліміз Тәуелсіздіктің 20 жылдығын тойлап, түрлі іс-шаралар өткізіп, дүбірлетіп жатқанда, біз Антарктидада еліміздің Туын көтеріп, қуандық. Полюсте кездескен  шетелдік саяхатшылар да біздің қуанышымызға ортақтасқандай болды. Жалпы, мен ол күнді ұмыта алмаймын. Әсерімді айтып жеткізу  қиын.

– Сол Антарктида саяхаты сіздерге не берді?

– Ең бірінші, бұл сапар Қазақстанның иммиджін көтеру мақсатын көздеген. Жаңа өзіңіз де айтып өттіңіз ғой, еліміздің тәуелсіздігіне 20 жыл толған тойы қарсаңында оңтүстік полюсте Қазақстан жалауын көтеру біздің мәртебелі міндетіміз болатын. Екіншіден, Қазақстан Антарктида келісімшартына кірген жоқ. Оған кіргендердің мүддесі зор. 2041 жылдан кейін ол келісімшарт күшін жояды. Одан кейін осы материкті игеру басталса, онда Қазақстанның үлесі болмай қалады.

Қазір ол келісімшартқа кімдер қосылған?

– Антарктида келісімшартына қазір Америка, Қытай, Чили, Аргентина, Жаңа Зеландия, Ресей секілді елдер кірген. Оған, тіпті, Эстония, Белорусия, Украина да кіріп үлгерді.

– Ал біз…

– Біз барлық қажетті құжаттарды дайындап қойғанбыз. Бірақ, ол белгісіз себептермен кешеуілдеп отыр. Бұны әрі қарай қозғау Қазақ ұлттық география қоғамының міндеті деп санаймын. Екіншіден, Қазақстан кешенді Поляр стансасын ашу керек. Өйткені, бұл поляр стансасы Қазақстан ғылымына, соның ішінде гидрометеорология саласына, геология – жалпы географияның түрлі-түрлі салаларына, сонымен қатар психологиялық, биологиялық, медициналық зерттеулер үшін қажетті нәрсе. Сондықтан да, Қазақстан осы екі бастаманы жүзеге асыруы қажет.

– Оған шамамыз жете ме?

– Иә. Қазақстанның қазіргі әл-ауқаты, шамасы жетеді оған. Қазір, мысалы,  ЭКСПО өтуіне орай біз қосымша энергия көзін пайдаланбақпыз. Сондықтан, осы күндері Поляр стансасын ашуымыз керек. Оны ашқан жағдайда бүкіл Қазақстан ғылымы ұтады деген сенімдемін.

Территориясына бірнеше Еуропа сыйып кететін жерде, туризммен екі-үш адам ғана айналысып отыр

– Жаңа сіз Қашқар саяхатына бардық дедіңіз.

– Иә. Бұл ұлы ғалым, ер жүрек тұлға Шоқан Уәлихановтың туғанына 180 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Мерейтой келер жылы атап өтіледі екен. Біз соған орай алдын ала қимылдадық.

Негізі, он жыл бойы Шоқанның маршрутымен жүрген болатынбыз. Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық балалар мен жасөспірімдер туризм орталығының бұрынғы директоры Маулен Есімхановтың бастамасымен бүкіл Шоқанның жүрген жолдарымен саяхат жасалынды, Қашқар сапары ғана қалып қойған еді.

– Ол неге қалып қойып еді?

 – Осыдан бес жыл бұрын Шоқан Уәлихановтың ізімен жасалған экспедиция Қашқар саяхатын жасауы қажет болған. Бірақ ол тұста саяси жағдайларға байланысты кіре алмағанбыз. Осы жылы тамыз айында 14 күндік саяхатпен Қашқарға барып қайттық. Сапарға Қазақ ұлттық географиялық қоғамының тікелей демеуі болды. Сонымен қатар, Назарбаев университеті мен Еуразия ұлттық университеті қолдау көрсетті. Экспедиция құрамында он адам болдық. Саяхат Астана қаласынан басталған. Сосын Үрімші, Тұрфан, Қорла, Ақсу арқылы Қашқарға дейін бардық. Қашқардан Тұрағат асуы арқылы қайттық. Шоқанның ізімен Тұрағат керуен сарайына келіп, Баласағұннан өттік. Сөйтіп, елге оралдық.

Біздің мақсатымыз тек қана Шоқанның жолымен өтіп шығу емес еді. Қытайдың туризм саласындағы жауапты тұлғаларымен кездесіп, жаңа жобаларды қолға алу болатын. Айта кету керек, оларда туризм министрлігі бар. Ал  Қазақстанда, өкінішке қарай, туризм министрлігі де, агенттігі де жоқ.

Туризмнің дамымауына тікелей себеп осы туризм саласын басқаратын құрылымның дұрыс құрылмауында, ғылыми орталықтың жоқтығынан. Өйткені, бір облыста, территориясына бірнеше Еуропа сыйып кететін жерде, туризммен екі-үш адам ғана айналысып отыр. Онда да департамент емес, бөлім ғана бар. Туризмге деген көзқарас бізде дұрыс деп айта алмаймын. Аумақтардың тұрақты дамуында туризмді пайдалануда әкімдер тікелей жауапты болуы керек

– Сіздіңше, туризмді дамыту үшін ең алдымен не істелуі керек?

– Егер мемлекеттік мүддемен қарап, туризм саласын дұрыс ретке келтіргіміз келсе, Қазақстан туризмін ЭКСПО-ға дейін-ақ оңалтуға болады. Бұл орайда, әсіресе, Астана туризмін міндетті түрде жаңартуымыз керек. Астанаға ЭКСПО кезінде кісі көп келеді. Оларды қалай қабылдаймыз, қайда жатқызамыз? Бос уақытында не көрсетеміз? Не айтамыз? Дайындық қалай? Міне, осы сауалдар бойынша жасалып жатқан жұмыстарды жандандыруымыз қажет. Қазір онымен Астана қаласы туризм ассоциация-сы айналысып жатыр. Бірақ соны арттыру керек. Оған ғалымдар, туристік нысандардың басшылары да атсалысуы қажет.

– Сіз өзіңіз ғалым ретінде не қоса аласыз?

– Астана қаласындағы туристік нысандарды тіркеп, сертификаттаудан өткізіп, паспорттап беруіміз керек. Оларды тізімге алып, соларға келген қонақтарға қандай көмек көрсетуіміз керек, қалай қонақжайлылығымызды танытуға болады – бәрін жүйелеп белгілі ережеге енгізуіміз қажет.

Осы тұста айта кетейін, жаңағы Шоқан саяахатының бір мақсаты көне Жібек жолын дамыту болатын. Ол Қытай тарапынан қолдау тауып отыр. Үрімжіден басталған Жібек жолы Қашқар арқылы Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстанға кетеді. Қазақстанға келген Еуропалық туристер Қырғызстанға барып, Ыстықкөлді көріп, одан әрі Өзбекстанға өтіп, Самарқан мен Бұқараға жетіп, сосын Қашқарға барып, Тұрфан, Такламақан, Лобнорды көріп, Үрімжіге барып, одан әрі Пекинге кетіп қалатын болса, бір мезетте бірнеше мемлекетті көріп қайтатын еді. Осылай сапарлау тиімді болғандықтан, олар біздің елімізге де келуші еді.

Өкінішке қарай, қазір сонау Америкадан Қазақстанға келген турист Орталық Азия елдерін көрмей, Қазақстаннан қайтады. Мен осыны түсінбеймін. Сондықтан, мемлекетаралық келісімдер жүргізілуі керек деп ойлаймын. Ұлы Жібек жолы бойымен визасыз жүріп өту мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Соны рәсімдеуді біз ұсынып отырмыз.

Қазір бізде кәсіпкерлердің ұлттық палатасы бар. Сол көп жұмыс істеп жатыр. Егер сол жұмыстардың 60-70 пайызы жүзеге асатын болса, Қазақстан туризміндегі нормативтік құқықтық актілердің бәрін біз ретке келтіре аламыз. Ал қазір осыны ретке келтіретін бірде-бір ғылыми зерттеу орталығы жоқ. Біздің ең басты қатеміз – Астана қаласының бір жоғары оқу орнының жанында туризм саласын дамытатын бірде-бір жоғарғы ғылыми зерттеу орталығының болмауы. Қытай тәжірибесіне сүйенетін болсақ, олардың кез келген жоғары оқу орнының жанында туризм институты бар. Өйткені, олар туризм арқылы ақша табуды көздеп отыр.

Бізде әр экскурсовод әртүрлі мәлімет айтады

– Сіз Астанаға көшіп келгеннен кейін қаланы жаяу аралап шығыпсыз. Не байқадыңыз?

– Мен қалаға осыдан тура бір жыл бұрын, яғни 2013 жылдың қыркүйегінде келген болатынмын. Осында Еуразия ұлттық университетіне қызметке шақырылған едім. Келе сала, өзіңіз айтқандай, қаланы аралап шықтым. Байқағаным, әзірге қала саяхат жасауға ыңғайлы емес. Экскурсиялық нысандардың айналасында автобустардың тоқтайтын, яғни, туристердің түсетін ыңғайлы орындары жоқ. Мысалы, С.Сейфуллин музейіне барған адам көлігін қайда қойып, музейге қалай кіру керектігін білмейді. Екіншіден, барғысы келген нысанын оңай тауып ала алмайды. Өйткені, нысандар көрсетілген карта, буклет жоқ. Ондай нәрселер аэропортта, вокзалда сатылып тұруы керек. Одан кейін, вокзалдан, аэропорттан шығып, таксиге отырғанда  жақсы көңіл – күймен жүрген таксисті көру қиын. Көбінің қабақтары түюлі… Мінезді өзгерту қажет секілді…

Әңгіме үстінде есіме түсіп отыр: Шерхан Мұртаза ағамыз бұрындары  Әділ Дүйсенбек секілді өзі жақсы көретін қаламгер інілерін ертіп алып, қаланың сыртына шығып кетеді екен. «Сонда бір елеусіз жерде бұлақ бастауы бар, соған барып, бұлақтан су ішіп қайтатынбыз» деп жазыпты… Сіздер Астананың төңірегін шарлап, көре алдыңыздар ма?

– Расында да, Астана маңында 60 шақырымдық радиуста тамаша жерлер, бұлақ көзі, көлдер бар. Солардың бәрін игілікке пайдалана білуіміз керек. Бұл – алдымызда тұрған мәселе. Қазір Астана маңайындағы туристік нысандар кадастрын жасауды қолға алып отырмыз. Сосын қаланың барлық нысандарын тізімге алып, сертификаттап, туристік-экскурсиялық ереже жасауымыз керек. Қандай маршрутпен жүріп, қай жерге тоқтап, қай жерден түседі – бәрін белгілеп көрсету қажет. Сосын гидтер жоқ бізде. Олардың да шетелдіктерге не айтуы керек, қандай тақырыпта сөйлеуі қажет – бәрін нақтылаған жөн. Гидтерге мәдени орындарға тегін кірер мүмкіндіктер қарастыру керек. Ал бізде әрбір экскурсовод әртүрлі мәлімет айтады. Бір Абылайханның өмірі туралы әртүрлі сөйлейді. Бұл – дұрыс емес. Өйткені, әрбір шетелдіктің Қазақстан туралы көзқарасы маңызды екенін түсінуге тиіспіз.

Ал жаңағы қала мен қала сыртындағы барлық экскурсиялық мекемелерді, нысандарды, көрікті жерлерді картаға түсіріп, оны үш тілде шығару қажет. Содан кейін келген қонақтар соған бара алатындай жағдай жасаған жөн. Астана төңірегінен этноауыл ашу, тарихи орындарға оқушылар мен студенттер үшін жеңілдік жасау келушілерді көбейтеді. Қазақ мәдениеті арқылы туристерді тарта аламыз.

– Біз патриоттық сезім бақытын спорттық ойындар кезінде жиі көреміз. Бірақ сіз Тәуелсіздіктің 20 жылдығында Антарктидада Туы­мызды көтердіңіз. Қазақстандық автокөлік саяхаты Гиннестің рекордтар кітабына енді. Өзіңіздің көргеніңіз бен сезінгеніңізді жас­тармен  бөлісіп тұрасыз ба?

– Расында да, біз Қазақстан жетістіктерін спорттан ғана көреміз. Өнердің басқа салалары да дәл спорттағы саңлақтарымыздың жүлде алған сәтіндегідей қуаныш, мақтаныш туғыза бермейді. Бірақ, кейінгі жастарға, балаларға үлгі болатын нәрселер көп бізде. Олардың кешке дейін компьютердің алдында телміріп отырмауы үшін біз балаларға өзіміздің мақтанышымызға айналған тұлғаларымыз туралы жиі айтуымыз керек. Гинесс рекордтар кітабына кірген, шөлді басып, жаяу жүгіріп өткен Марат Жыланбаев деген азамат бар. Одан кейін әлемнің көптеген елдерін өз қаражатымен аралап шыққан Сапар Ысқақов деген азамат бар. Осы секілді т.б. кісілерді де біз телеарналар арқылы көрсетіп, танытуымыз керек. Балалардың бұған қызығушылық танытпауы мүмкін емес. Өйткені, мен өзім мектеп оқушыларымен жиі кездесулерге барамын. Бір ғана Антарктида сапары туралы әңгіме болғанда, олардың сұрағы таусылған емес. Туризм іс-әрекеті, саяхат, экспедиция болсын, оның білімдік-тәрбиелік мәні зор екенін ұмытпайық.

Әңгімелескен:

Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button