Басты ақпаратМәдениет

ӨРЕЛІ МӘДЕНИЕТ МӘРТЕБЕМІЗДІ ӨСІРЕДІ

«Мәдениет – кісілер арасында адам болу өнері». Ортаның айнасы – мәдениеті, өнері һәм әдебиеті. Соңғысын қоя тұралық. Астананың айнасын алдыңғы екеуімен көрелік. Тәуелсіздіктің туын төбемізге көтергелі жоғалтқанымызды таптық, барымызды байыттық дедік. Ендеше, бас қаладағы мәдени ошақтарға бас сұғып, тынысы мен тіршілігін байыпталық.

Өнер мен өре

«Театр – киім ілгіштен басталады». Өресі жеткен өзі-ақ түйсінер. Өтпелі экономикалық тоқырау рухани құлдырауға да жеткізгені рас. Бүгін, тәуба, өркениетті елдер қатарына ұмтылысымыз құлдырап кеткен руханиятты да, мәдениетті де біршама биіктерге көтерді. Астана астана болғалы бір мүшелден асты. Театрлардың тамырына қан жүгірді. Сол жағалаудан классикалық үлгіде іргесін көтерген жаңа теа­тр айтылған сөздің айғағы. Жыл басында сан жылдық тарихы бар Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ, М.Горький атындағы Орыс драма театрларына «академиялық» деген айдар тақтық. Бекерден-бекер емес, дәрежесіне сай ісі болғандықтан. Дәлел керек пе? Қараңыз.

Қаллеки театры биылғы маусымын Халық қаһарманы, профессор, осы ордада он жылдай көркемдік жетекшілік еткен Әзербайжан Мәмбетовтің қолтаңбасындағы «Ғасырдан да ұзақ күн» драма­сымен ашқан. Қарқынды бас­тал­ған жаңа маусымда өнер ұжы­мы екі республикалық және халық­а­ралық фестивальге қатысып, же­ңіспен оралды. Атап айтқанда, Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясы Орал қаласында өткен Қазақстан драма театрларының бәсекесінде Қадыр Мырза Әли атындағы арнайы сый­лықты иеленді. Ұжым жуырда ғана Қостанайда ұйымдастырылған байқауға Ж.Шевренің «Ізгілік формуласымен» түсіп, «Ең үздік әйел» номинациясын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Лейло Бекназар-Ханинга мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жанат Чайкина иеленді. Ал, қазанның соңын ала Алматы қаласында Орталық Азия мемлекеттерінің IV халықаралық театрлар фестивалі өтті. Байрақты додаға театр көркемөнерпаздары әлемдік классиканың хас шебері, ұлы драматург У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясымен барған. Тағы да қанжыға майсыз емес. Алғыс хатпен марапатталды. Актер Нүркен Өтеуілов Гамлет бейнесі үшін «Ең үздік ер бейнесі» номинациясын жеңіп алды.

«Шығармашылық адамы із­де­­­ніссіз шыңға шықпайды. Із­деніссіз жаңа дүние де тудыру неғайбіл». Біз әңгімелескен теа­тр директорының орынбасары Құрман Өмірбекұлы осылай дейді. Оның айтуынша, тура қазір театр әртістері Шерхан Мұртазаның «Теке бұрқақ» драмасының және Қуандық Шаңғытбаев пен Қанабек Байсейітов шығармашылығындағы «Қыздар-ай» комедиясының премьерасына қызу дайындық үстінде екен. Айта кетпесек тағы болмайды, Думан Рамазанның «Кенесары – Күнімжан» қойылымы түрік тіліне аударылып, осы ұжым әртістерінің сахналауымен Қара теңіздің жағасындағы Стамбул, Анкара қалаларына жетіпті. Қазақ өнерпаздарын Түркия елі зор қошеметпен қарсы алған көрінеді.

Есіл  жағасындағы Қазақ елі

«Еліміз қайтіп күй кешсе, «Атамекен» Қазақстан картасы» да солай тыныс алуы тиіс». Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқаны. Біз тоқтаған Есілдің жағасындағы Қазақ елінің маңызын осы сөзбен салмақтай беріңіз. «Ашық аспан астындағы мұражай» деп те атала­тын «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалдық кешені мәдени және ағартушылық бағытта жұмыс істейді. Бір жарым гектар аумақты алып жатқан Қазақ жеріндегі қалалар мен облыстарды айтып жатудың өзі артық, өйткені, бәрімізге таныс.

Онжылдық шежі­ресі бар этнокешен қаладағы маңызды мәдени-этнографиялық орта­лықтың бірі саналады. Сонымен қатар, халықаралық және республика деңгейіндегі форумдар, online конференциялар және мерекелік шаралар ұйымдастырылып, ел та­рихының тұғырлы кезеңдеріне арналған басқосулар өтіп тұрады. Жыл сайын мұражайтанушылар мерекесін «Атамекенде» айрықша атап өту дәстүрге айналған.

Бірнеше жылдан бері мұнда «Ата­­мекен» патриоттар клубы жұмыс жасап келеді. Онда елор­далық өрендер бас қосып, мұражай ұжымына қолғабыс жасайды. Ал, «Ғасырлар тоғысындағы» диорама­лық павильон ерте палеолит дәуі­рінен қазіргі заманғы гүлденген Қазақстанға дейінгі кезеңді қамтыса, жуырда ашылған «Тәуелсіздіктің 20 жылдық шыңы» атты панорамалық павильонында тәуелсіздік жылда­рындағы жетістіктер көрініс тап­қан. Панорамалық мұражайдағы жәдігерлер мен макеттерді жасау­да Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының жетекші суретшілері, дизайнерлері және сәулет­шілері ерекше еңбек сіңірді.

Сөрелер толы шежіре

«Кітаптың құны жоғалып барады» дейді, біреулер. Бәтуасыздықтан айтылған. Әйтпесе, бір ғана елордада жиырма беске жуық кітапхана бой көтере ме?! Олардың мыңдап саналатын оқырманын айтыңыз. Ұлттық академиялық кітапхананы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанындағы «Отырар» кітапханасын, Назарбаев орта­лығындағы кітапхананы былай қойғанда, Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарайтын 23 кітапхана бар. Соңғысының қаланың шетінде орын тепкен №5 балалар кітапханасына табан тіредік. Ашылғанына бар-жоғы екі-ақ ай болған. Жеткіншектер арасында да кітапқа қызығушылар жетерлік. Жаңа ашылған рухани орда оқымысты өрендермен байланысын мықтап орнатып үлгерген. Мұнда 17000-нан астам кітап қоры бар екен. Рухани орданың жетекшісі Гүлмира Бектасова соңғы айдың өзінде бес жүзге тарта кітапқұмар баланы қабылдағандарын жеткізді.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button