Басты ақпарат

Өрелі өнер ордасы

Талай таланттың томағасын сыпырған Қазақ Ұлттық Өнер университетіне 15 жыл толды. Күллі әлемді хас талантымен тәнті еткен, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халықаралық шығармашылық академиясының академигі, профессор Айман Мұсақожаева басқаратын өнер ордасы шығармашылық  шыңдардың талайын бағындырып, Алаштың атын әлемге танытты.

Алаштың ақмаңдай қызы

Қазақ Ұлттық Өнер универ­ситетінің атағы бүгінде дүрілдеп тұр. Даңқы тек Алаш жұртына ғана емес, төрткүл дүниенің төртбұрышына да таралды. Өнер ордасының талантты ұл-қыздары талай халықаралық байқауларда бақ сынап, Батыстың өзін бас идіріп келеді. Оқу ордасының шәкірттері байрақты бәсекеде топ жарып, Қазақ деген халықты әлемге танытқан сайын Алаштың Аймандай ақмаңдай қызынан айналасың.

Айман Қожабекқызы – халқы­мыздың маңдайына біткен біртуар тұлға. Ұлт өнерінің бағына жаралған жарық жұлдыз.

Айман Мұсақожаева қарша­дайынан өнерге жақын болып өсті. Кішкентайынан апа-сіңлілерімен бірге, Абай атындағы опера және балет театрының қойылымдарына баратын.

Соның ықпалы болса керек, ағайынды төрт қыз Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы музыка мектебіне оқуға түсті.

Жастайынан Нұрғиса Тілен­диев, Ғазиза Жұбанова, Арам Хачатурян, Валерий Климов сынды мықтылардың көзіне түсіп, батасын алған Айман 18 жасында-ақ жұл­дыз­дай жарқырап, Югославияда өткен ха­лықаралық сайыста же­ңiм­паз атанды. Содан кейін-ақ атақ-даңқы аспандай берді, аспандай берді. Дүниежүзінің дүйім дүл­дүл­дерімен үзеңгі қағыстырып, талай бәй­гелерден ат оздырды. Скрип­каның құдіретті сазымен талғамы биік талай көрерменнің жүрегіне жол тапты. Қазақтың ақмаңдай қызының талантына бас имеген, қол соқпаған ел кемде-кем шығар. Есімі «XX ғасырдың 2000 көрнекті музыканты» атты дүниежүзілік құрметті тізімге енді. Күллі Алаштан жалғыз өзі «Әлем әртісі» атағын алуының өзі көп нәр­сені аңғартса керек. Оған атақ­ты Стра­диваридің скрипкасы сеніп тап­сырылуы да бекерден-бекер емес.

Кейін өзі де «Солистер академия­­сы» камералық оркестрін ұйым­дас­тырып, шығармашылығын шың­дай түсті.

Айман Қожабекқызы қай елге, қай жерге барса да туған елі­нің тұғы­рын биіктетуді есінен шығар­ған емес. «Шет мемле­кеттерге гас­троль­­дік сапарлармен шығып, кон­церт қой­ған кезде ең алдымен сырт елдер қазақ өнерін білсе екен, таны­са екен деген мақсатты алға қоя­мын. Сол себепті Евгений Бруси­ловский, Ғазиза Жұбанова, Тiлес Қажы­­ғалиев, Еркеғали Рахмадиев тәріз­ді отан­дық компо­зиторлардың шығар­­ма­ларын жиі орындаймын. Қазақ музы­касы – қаймағы бұзыл­маған кіршік­сіз өнер. Оның таби­ғатын, жан-дүниесін шетел тың­дармандары да жақсы сезінеді. Үнемі қошемет білдіріп, ілтипат көрсетіп жатады», – дейді Айман Қожабекқызы.

Биікті бағындырған білім ордасы

Ел мақтанышына айналған білім ордасының іргетасы Астанамен бірге, 1998 жылы қаланған. Ұлт өнерінің үлкен шаңырағын көтеру әрі оны бас шаһардың мәр­те­бесіне сай әлемдік оқу орны дең­гейіне жеткізу – ауыз толтырып ай­тар­лықтай ауқымды іс. Әрі ол кез кел­геннің қолынан келе бер­мейді. Осы тұрғыдан алғанда Айман Мұсақожаева бір өзі бір министр­ліктің жұмысына татитын істі ойдағыдай алып шықты. Талантты жастардың дарынын ұштауға ден қойған ол мақсатын жүзеге асыру жолында аянбай тер төкті.

– Гастрольдік сапарлармен көп­те­ген мемлекеттерді аралаған кезде, олардың музыкалық білім жүйесіне ерек­ше қызығушылық танытатын едім. Өз елімізде де осындай үлкен өнер ордасын құру – көптен көкейімде жүрген жоба болатын. Бір кездесуде осы ойымды Елбасына жеткіздім. Маған бірден қолдау білдірген Президент болашақ Му­зыка академиясы жаңа астанада ашы­лу қажеттігін айтты. Ол кезде мен Ақ­мо­ла қаласын онша біле бер­мей­­тін едім. Бірақ жаныма жай тап­қыз­ба­ған ойымның осы шаһарда жүзеге асуға тиіс екендігіне іштей өзімді дайындап жүрдім, – дейді Айман Қожабекқызы.

Сөйтіп, қазіргі Өнер универси­теті – бұрынғы Чайковский атын­дағы №1 музыка мектебi мен Ақмо­ла­ның музыка колледжiнiң база­сында құ­рыл­ды. Қиындықтар болмай қалған жоқ. Білікті маман­дар­дың тапшылығын былай қой­ғанда, олардың әлеу­меттік мәселе­ле­рін шешу оңайға соқпады. Мұ­ның сыртында құрал-жаб­дықтар мен музы­калық аспап­тардың жетіс­пеу­шілігі, оқу ауди­тория­­лары­ның аздығы, қара­жат тапшылығы бар. Бірақ Айман Қожа­бекқызы мойыған жоқ. Елбасының сенімі мен қамқорлығын жанына демеу етіп, түйткілді мәселелерді біртіндеп шеше бастады.

1998 жылы Астананың халық­аралық тұсаукесерімен бірге, бұ­рын­ғы Музыка академиясы – қа­зіргі Қазақ Ұлттық Өнер универ­си­тетінің де тұсауы кесілді. Бұл салтанатты жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысты.

Бұл өнер ордасындағы оқу жүйесі ерекше. Шет мемлекеттердікі сияқ­­ты, білім берудің барлық түрі бі­рың­ғай оқыту жүйесіне бірік­ті­­рілген. Яғни оқу ордасы табалды­рығын аттаған жеткіншек дипломын қолға ұстап, бір-ақ шығады.

Таланттар тоғысқан шаңырақ

Бүгінгі күні Қазақ Ұлттық Өнер университетінде оқыған да, оқымаған да арманда болып тұр. Есілдің сол жағалауындағы «Шабыт» шығармашылық сарайына қоныс тепкен білім мен өнер ордасында оқушылар мектептен кейін колледжде, колледжден кейін университетке түсуге мүмкіндігі бар. Тіпті бакалавриат, магистратура сатыларын бітіргенше оқуын жалғастыра алады. Оған университеттің материалдық-техникалық базасы толығымен жеткілікті. «Шабытта» екі балет залы, екі театр залы, аэробика залы және әр буынның өзіне лайық студиялары жұмыс істейді. Орган залының өзі бар iрi орталыққа айналды. Орталық Азия бойынша сирек кездесетiн үздiк орган залында небiр iрi жарыстар мен фестивальдер өткiзiлiп, атақты органшылар өнер көрсетедi.

Қазіргі күні университет дамудың жаңа жолына түскен. Білім ордасында мектеп-колледж кешенінде 5 бағдарлама, бакалавриатта –19 және магистратурада 15 бағдарлама бойынша мамандар әзiрлейді.

Оқу орнында тек 2010 жылдың өзінде жаңа өнер мамандықтары ашылды: мәдениеттану, өнертану, хореография, кескiндеме, мүсiн, режиссура (көркем және деректі кино), операторлық өнер, сценог­рафия (киiм дизайны, грим-визаж), кiтапхана iсі. Сонымен қатар, 6 фа­куль­тет жұмыс істейді: музыка; театр, кино және ТВ; дәстүрлi музы­ка­лық өнер; хореография; бейнелеу өне­рi; әлеуметтiк-гуманитарлық ғылым.

Университет құрылымының бірі – өнертану ғылыми-зерттеу институтында келешекте ЮНЕСКО кафедрасы мен фольклор кабинетін ашу жоспарланып отыр. Осы оқу ордасы түлектерінің бірі қалмай, жұмыспен қамтылатыны да университеттің мәртебесін, оқытудағы сапасын білдірсе керек.

Университет шәкірттері жыл сайын Австрияда, Венада, Ватиканда, Сан-Бартоломеода өтетiн халықаралық конкурстарда топ жарып, жүлдегер атанып, ел мерейін асқақтатып жүр. Бүгінгі күнге дейін жастар 500 халықаралық байқау­дың, 400-ден астам респуб­ликалық сайыстың лауреаттары атанып үл­герген.

Кезінде Қазақстанның орталық, солтүстік өңірлерін, соның ішінде Астанадағы шығармашылық ұжым­дарды жоғары білімді кәсіби мамандармен қамтамасыз етуді міндетіне алған өнер ордасы бүгінде сол мақ­сатына толық жетті деуге әбден негіз бар.

ҚазҰӨУ-де сабақ беріп, шәкірттер тәрбиелеп жүрген оқытушылар да осал емес. Олардың басым көпшілі­гі елімізге танымал тұлғалар. Атап айт­қанда, Е.Рахмадиев, К.Дүй­се­кеев, С.Еркімбеков, С.Әбді­нұров, Қ.Байбосынов, Ә.Сы­ғай, Б.Нөгербек, Ә.Тарази, Р.Мұқа­нова, Т.Әліпбаев сынды өз кәсі­бінің білікті мамандары өз шеберлік­терінің қыр-сырын шәкірттерге үйретіп келеді.

Бұл бұл ма, мұнда сырт мемлекеттерден де келіп сабақ беретін Ресей мен Еуропаның білікті музыканттары да баршылық. Мысалы, Мәскеу, Петербург, Киев, Минск, Вена мен Лондон консерваториясымен жасалған келісім-шарттар бар. Жыл сайын университетімізге Италияның өнер шеберлері де келіп, дәріс оқиды.

Мерейтой мәзірі

Қазақ Ұлттық Өнер универси­тетінің 15 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде өтті. «Қазақстан» орталық концерт залында арнайы әзірленген ауқымды бағдарламамен басталған мерейтойлық кеш ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты Айман Мұсақожаева мен «Айгөлек» балалар скрипкашылар ансамблінің орындауындағы Ф.Крейслердің «Г.Пуньяни сти­ліндегі Прелюдия мен Аллегро» шығармасымен ашылды.

Концертке Франция, Ресей, Әзір­байжан, Беларусь, Қырғызстан, Лат­вия мен Италияның белгілі өнер қай­раткерлері мен жоғары оқу орын­­да­ры­ның бас­шылары арнайы келді.
Мерекелік кеште жұртшылық Өнер университетінің бүгінгі күнге дейін­гі қол жеткізген жетістіктерін тама­шалап, дәстүрлі және әлемдік му­зы­ка жауһарларымен сусындап қайтты.

Осы мерейтой құрметіне Астанада он күн бойы халықаралық өнер форумы өтті. Онда италиялық пианист Бруно Канино, Ресейдің Халық әртісі Максим Федотов, Граф Муржа, германиялық әйгілі музыкант Михаил Ваймен сынды тұлғалар қатысып, өнер көрсетті.

Ал кеше халықаралық Өнер форумы аясында «Шабыт» шығарма­шы­лық сарайында скрипкаға арналып жазылған әуендердің концерті өтті. Онда С.Франк және И.Брамстың скрипка мен фортепианоға арнал­ған шығармалары әуелесе, екін­ші бөлімде «Солистер академиясы» мемлекеттік камералық оркестрі мен Астана Мемлекеттік филармо­ния­сының концерті көрермен қауымға жол тартты.

Енді Айман Мұсақожаева басқа­ратын шығармашылық топ «Әлем­нің сегізінші кереметі – Астана» атты осы мерейтойлық концерт­тік бағдарламасын Астанадан бөлек, Милан және Турин, Вашинг­тон мен Париж, Токио мен Лос-Анджелес сынды әлемнің ірі мегапо­лис­те­рінде де ұйымдастыру мақсатында, гастрольдік сапарға аттанбақ. Түпкі мақсат – қазақтың өнерін төрткүл дүниеге таныту.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button