Мәдениет

ӨРЕСІ БИІК ФЕСТИВАЛЬ

Елордада бір апта бойы «Астана кештері» халықаралық өнер фестивалі өтті. Оған әлемнің ең үздік өнерпаздары қатысты.

Ғажайып өнер фестивалі 2012 жылы елорданың туған күніне тарту ретінде өмірге келген. Ұйымдастырушысы – «Дегдар» гуманитарлық қоры мен «JTI» компаниясы. Нақтырақ айтқанда, «Дегдар» қорының Қамқорлық кеңесін басқарушы Дариға Назарбаеваның бастамасымен дүниеге келген жоба.
– Биыл біздің фестивальға бес жыл толды. Алғашқы мерейтойымызды ерекше атап өтіп жатырмыз. Ауқымды жобаға әлемнен көптеген дарынды өнерпаздар келді. Алғашқы жылдары фестиваль аясында біз көрермендерге үш концерт өткізіп жүрдік. Биыл бес бағдарлама ұсынып отырмыз, – дейді аталған жобаның көркемдік жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев.
Халықаралық фестиваль аясында өткен концерттердің барлығы елорданың көркемдігі келісті залдарында өтті. Мәселен, бас қаладағы Қазақ ұлттық өнер университетінің орган залындағы «Камералық музыка» кешінде биыл ғана мемлекеттік мәртебе алған «FORTE-TRIO» үштігі мен Мемлекеттік камералық оркестірінің «Академия солистов» тобының дарынды мүшелері өнер көрсетті.
«Астана Опера» театрында болған «Классикалық музыка» кешіне ресейлік талантты пианист П.Чайковский атындағы IX атындағы байқаудың жеңімпазы Борис Березовский мен Америкадан келген атақты скрипкашы Филипп Квинт қатысты. «Опералық музыка» кешінде Осетияның халық әртісі Вероника Джиоева мен Мәскеу үлкен театрының солисі Анна Аглатова өз өнерлерімен көрермендерді көркем күйге бөледі. Баритон дауысты ресейлік Василий Ладюк пен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз Медет Шотабаев та тенор дауысымен тыңдармандарды тәнті етті.
Сондай-ақ, Еуропа органистерінің ішіндегі бірегей жетекші деп танылған Кристиан фон Блон мен ресейлік «Московская Оператта» театрының бас дирижері Константин Хватынецтің шеберліктеріне сүйсінбеген жан болмады. Әзербайжаннан келген «Jangi» тобы мен қазақстандық «Magic of Nomads» деп аталатын этно-фьюжн тобының өнері де ешкімді бейжай қалдырмады.
Айта кетерлігі, қайырымдылық жоба болғандықтан билеттердің барлығы жұртшылыққа тегін таратылды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button