Мәдениет

ӨРЕСІ БИІК ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ

Ғарыштан жеткен өзге планеталықпен танысып, естелікке суретке түскіңіз келе ме?! Бәлкім, Нью-Йорктегі «Бостандық мүсінін» өз қолыңызбен ұстап көрерсіз?! Ал wi-fi желісін тарататын тамаша ағаш жайлы не білеріңіз бар?! Осындай ғажап құбылыстарға былтырғы жазда елордалықтар «Astana Art Fest» аты өнер фестивалі кезінде куә болған-ды. Айрықша шара биыл да қала күні қарсаңында ұйымдастырылмақшы.

3

Жаңа халықаралық форматтағы бұл фестиваль өткен жылы Астанада өте сәтті жүзеге асқан-ды. «Нұржол» бульварының бойы түгелдей дерлік «Аstana Art Fest» еншісіне берілген еді. Үш күннің ішінде 300 мыңнан аса адам отандық және шетелдік суретшілердің, дизайнерлердің, сәулетшілердің, музыканттардың туындыларымен танысты. Әсіресе, алып бюст, пластиктен тігілген киіз үй, целлофаннан жасалған картина секілді арт-нысандар көпшіліктің көңілінен шыққан.

2

Биылғы жарыс шілденің 4-і мен 6-сы аралығында болады. Ерекшелігі сол, заманауи мәдениеттің жаһандық көрмесі 2017 жылғы ЭКСПО алдындағы кішігірім дайындық тәрізді. Өйткені, ол да «Болашақ энергиясы» тақырыбына арналғалы отыр.

«Astana Art Fest» әр адам үшін ерекше мүмкіндіктер есігін айқара ашады. Мәселен, көрермен қазіргі өнер түрлерінің қыр-сырына қанығып, шат-шадыман әсерге бөленеді. Ал сайысқа қатысушылар өз шығармашылығының нәтижесін бұқараға паш етіп, отандық және шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмаса алады. Демеушілер болса, компания абыройын еліміздегі ең елеулі мәдени іс-шараны қолдау арқылы арттырып, Қазақстан өнерінің дамуына қомақты үлес қоспақ.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button