Мәдениет

ОРФЕЙДІҢ ОРАЛУЫ

20 шілде күні «Астана Опера» театрының Камералық залында сирек кездесетін дауыс иесі – контратенор Батыржан Смақовтың қатысуы­мен «Орфейдің оралуы» атты концерт өтеді.

0000000000000000

Италияда оқып, жұмыс істегеніне қара­мастан, Батыржан Смақов жылына бір рет міндетті түрде Отанына келеді. Қазақстаннан жыраққа ол вокалдық шеберліктің қыр-сырын толықтай меңгеру үшін ғана емес, өзінің дауысы көне операларды шырқауға әбден икемді болған соң да аттанған. Білімін Озимо қаласындағы Опера өнері академиясында жалғастырып, жеке ән айту класы бойынша Алла Симони, Анна Ванди, Райна Кабаивански, Лелла Куберли, Стефано Демикелли, Антонио Юварра, Харриет Лоусон, Алессандро Бениньи, Кристиан Маццавилани-Мути, Джанни Тангуччи, Уильям Матеуцци, Альберто Дзедд, Джемм Бертаньоли сынды профессорлардан дәріс алған.
– Араға біраз уақыт салып елге оралдым. Туған жерімнің күн сайын дамып, көркейіп келе жатқанына шексіз қуанамын. Мен өзімді Россинидің «Танкред» операсындағы кейіпкермен салыстырамын. Бұл концерттегі мен орындайтын арияда бас кейіпкер өзінің еліне оралып, «О, менің Отаным, менің үйім!» деп ән салады. Ол жақта мемлекетімді, туған тілімді, достарымды, ұстаздарымды сағынып жүремін, – дейді Батыржан Смақов.
Концерт бағдарламасына барокко дәуіріндегі ұлы композиторлар – Иоганн Себастьян Бах, Георг Фридрих Гендель, Кристоф Виллибальд Глюк, Клаудио Монтеверди, Антонио Вивальди, Джоаккино Россини, Луиджи Боккерини секілді музыка корифейлерінің шығармаларымен қатар, операдағы Орфей жайлы аңыздың ариялары енгізілді. Айта кету керек, 1660 жылғы көне жазбалардың негізінде дүниеге келген туынды Қазақстанда алғаш рет орындалғалы отыр.
– Серенаданың табылғанына көп болған жоқ және оның шифры Италияда оқылды. Оның авторы кім екенін ешкім дөп басып айта алмайды, бірақ көбі Фердинандо Паердікі деп есептейді. Бұл композитор қазақстандықтар үшін мүлдем бейтаныс. Серенаданың тақырыбы махаббатпен байланысты. «Орфейдің оралуы» деген тақырып та кездейсоқ таңдалған жоқ. Ән айтатын жартылай құдай, жартылай адам кейпіндегі образ көне грек мифологиясына тән. «Орфей» ең алғашқы опералар қатарына жататындығын да ұмытпаған дұрыс. Мен осы концерт арқылы музыкадағы ертегінің мазмұнын жеткізгім келеді, – дейді кейіпкеріміз.
Контратенор дауысының иелері негізінен барокко дәуірінің әуендерін, Қазақстанда жиі орындалмайтын көне музыкаларды шырқайды. Бұл сөзімізді растаған Батыржан аталмыш стильде жұмыс істейтін музыкант­тардың елордаға өте керек екенін жеткізді.
– Биыл Пезаро қаласындағы консерваторияда магистратураны тәмамдаймын. Бұдан басқа, мен сол академиядағы көне музыкалар факультетінде халықаралық деңгейдегі танымал педагог Джемм Бертаньолиден тәлім аламын. Қазір сондағы қалалық Коммунада опера хорының дирижерімін, – дейді ол.

Ботагөз  МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button