Жаңалықтар

Өркенді өзгерістер өзегі

20120210111835

Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде 5 институционалдық реформа жасау қажеттігін айтып, Ел Президенті жанынан Ұлттық жаңғырту жөніндегі комиссия құруды тапсырды. Ал енді сайлау өтіп, Елбасымыз сайланған соң санаулы күндер өтпей Ұлттық жаңғырту жөніндегі комиссия құрылып, жұмысқа кірісіп те кетті. Уақыт күттірмей, әрбір күнді бағалап, жоғарыда айтылған реформаларды қолға алып жатыр. Президент жанынан Ұлттық жаңғырту жөніндегі комиссияның құрылуы, үкіметтің кеңейтілген отырысында аталмыш реформаларды жүзеге асыруға қарай жасалатын жүз қадам туралы нақты шешімдер мұның айқын дәлелі бола алады. Сондықтан мен бұл реформалардың толықтай жүзеге асатынына сенемін. Тек әр азамат соған тамшыдай болса да үлесін қосса, бұл біздің еліміздің ортақ жеңісі болар еді.
Енді осы реформалардың еліміз үшін қаншалықты маңыздылығына тоқталғым келеді.
Алғашқы реформа – баршаға ортақ заманауи мемлекет құру. Мұндағы негізгі бағдар, кәсіби, автономды мемлекеттік аппарат құруға негізделеді. Бұл жүзеге асырылған жағдайда мемлекеттік аппаратта белгілі бір адамның ықпалымен команда құру дегенге жол берілмейді.
Екінші институционалдық реформаға келер болсақ, бұл қоғамдағы заңның үстемдігін арттыру болып саналады.
Заңдар азаматтық қоғамдағы басты құндылықтарды қа­лыптастырушы бірден бір абсолютті маңызды сипатқа ие болуы тиіс. Осы екінші реформаның мазмұнына сот жүйесін жетілдіру, полицияның қоғамның сеніміне ие болатындай дәрежеде жұмыс жасауын қамтамасыз ету, елдің әділ заңға деген сенімін арттыру енеді.
Үшінші реформа – орнықты экономиканы бағдар еткен индустрияландыру және экономикалық өсу. Елбасымыз айтып өткендей, «кәсіби мемлекеттік қызмет пен заңдардың үстемдігі экономикалық реформалар кешенін жүзеге асыруға мүмкіндік туғызбақ». Мұнда өнім өңдеу секторын дамытып, оны экономикалық өсудің тетігіне айналдыру қолға алынады. Индустрияландыру еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға да жағдай туғызбақ. Қолға алынған реформалардың төртіншісі болашағы біртұтас ұлт мәселесіне арналған. «Мәңгілік ел» идеясы да осы мұраттармен үндес.
Біздің еліміз – түрлі ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тату-тәтті, береке-бірлігі бұзылмай өмір сүріп жатқан бірден-бір мемлекет. Бұл біздің қоғамдық санамыздағы басты идеологияға айналып келе жатқан жаңаша сана деу керек. Осы төртінші реформаның ең негізгі мазмұны «Мәңгілік ел» идеясының аясында біріктіруші құндылықтарды негіз еткен қоғамдық жаңаша идеологиялық сана қалыптастыру жатыр.
Бесінші реформа – ашық, транспарентті мемлекет құру. Мұндағы басты идея мемлекеттік ұйымдар мен қа­ра­па­йым халықты жақындастыру. Мемлекеттік ұйымдар мен құрылымдардың жұмысы елге түсінікті, айқын болуына қол жеткізу реформаның басты мазмұнына кіреді. Халыққа есеп беруші, халықтың алдында тікелей жауапты мемлекет қалыптастыру. Барлық мемлекеттік істер, қызметтер кім үшін, әрине, халық үшін. Мұны шынымен жүзеге асырсақ, елдегі әрбір азамат қоғамдағы істерге белсене араласып, сол мемлекетті жасаудағы өзінің рөлін сезінбек. Сондықтан Елбасымыз осы тұста азаматтық қоғам өкілдерінің бюджет қаржысын бөлуге қатысуын, қоғамның өзін-өзі реттеуін енгізуді, билік өкілеттіктерін азаматтық қоғам институттарына бере отырып, мемлекеттік органдардың араласу аймағын қысқарту, мемлекеттік органдар мен әкімдер жанындағы қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту туралы айтуының маңызы зор. Ол, негізінен, «Қазақстан-2050» стартегиясын жүзеге асыру, дамыған 30 елдің қатарына енуге нақты нәтижелі көрсеткіштер арқылы қол жеткізу мақсатынан тыс емес, соған сай жасалатын реформалар деп білемін. Және Елбасымыз айтып өткендей, «ұсынылып отырған шаралар қоғамдық қатынастар жүйесін түбегейлі өзгертпек».

Ерболат МҰҚАЕВ,
Парламент Сенатының депутаты

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button