Президент пәрмені

ӨРКЕНИЕТ ӨРІНЕ БАСТАҒАН ОҢ ҚАДАМ

флаг каз

Мемлекетіміз үшін маңызы айрықша мерекенің бірі – 1-желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін мерекелеуге санаулы күндер қалды. Бұл атаулы мерекенің тарихы 2011 жылғы 14 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының заңына толықтырулар енгізу туралы» заңның қабылдануынан бастау алады.

Қазақстан халқы Тұңғыш Президент күнін 2012 жылғы 1 желтоқсан күні алғаш рет атап өтті. Бұқараның кең қолдауына ие болған мерекеде тыныштық пен берекелі өмірге бастауына айналған Елбасының салиқалы саясатының жемісіне жоғары баға беріліп, жүйелі істің жалғасын табуына зор сенім білдірілді.

1991 жылғы 1 желтоқсанда алғаш рет жалпыхалықтық сайлау өтіп, егемен Қазақстанның негізін салушы –  Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет Президент болып сайланды. Ол жұрттың 98,78% дауысын жинады.

Бұл – жаңа мемлекет қалыптасуының өтпелі кезеңінде сенімді басшыға өз тағдырын тапсырған Қазақстан халқының жауапты таңдауы еді. Шын мәнінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың берекелі бағдарының арқасында тәуелсіз еліміздің іргетасы қаланып, тарихымыз түгенделіп, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. Қазақстан бүгінде бүкіл әлемге танымал мемлекетке айналды. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңы 1991 жылғы 16 желтоқсан күні қабылданды. Осы заң негізінде еліміз мемлекеттік тәуелсіздігін жария етті.

Осы заңның 1-тарауында: «Қазақстан Республикасы – тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет. Ол барлық мемлекеттермен өзара қатынасын халықаралық құқық принциптерi бойынша құрады. Өзiнiң мемлекеттiк тәуелсiздiгiн басқа мемлекеттердің тануы үшiн Қазақстан Республикасы ашық» – делінген. Содан бергі жиырма екі жылда елдің іргесі сөгілген жоқ. Ұлтаралық татулыққа сызат түспеді.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңды қабылдау ел егемендігінің шынайы егемендігінің бастауы болды. Тыңнан түрен салған Қазақстан халқы, оның Көшбасшысы тәуелсіз мемлекеттің басым бағыттарын нығайтты. Ең алдымен, шынайы егемендікті жария етіп, сыртқы әлемге танылуға қол жеткізді. Әлем Қазақстанды Елбасының арқасында таныды, мойындады. Елбасы «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген еді. «Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы» деп Елбасы айтқандай, Егемендік, Тәуелсіздік, Ана тілі ұлтты біріктіруші күшке, ұлттық идеологияның рухани тірегіне айналды. Ол мемлекеттің өр-кениетті даму жолын ұсынды. Президенттік саяси институт енгізді. Осылай қазақтың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Ата заңға сүйеніп, халық алдында Ант берді. Тәуелсіз Қазақстанның көк Байрағын тізерлеп отырып сүйгені – тарихи сәт еді. Бұл бірінші рет өткізілген инаугурация болатын. Ғасырға бергісіз жиырма жылдың ішінде қазақ деген ұлтты, Қазақстан атты мемлекетті әлемнің алып елдері мойындап, стратегиялық әріптестікке ұмтылды. Қазақтың шекарасы айқындалып, ол Ресей, Қытай, Өзбек елі парламентінде тиісті ратификацияланып, заңды құжатқа айналды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында мемлекеттік қызметтің биік жауапкершік жүктейтініне  басымдық бере отырып, біз қалыптастырған жүйе барлық азаматтардың тең құқыларға ие болуын, кадрларды іріктеп жоғарылатуда мемлекеттік аппарат қызметінің кәсібилігі мен ашықтығының барынша жоғары деңгейін қамтамасыз ететінін атап өткен болатын.

Міне, осы орайда Елбасы өз бастамасымен мемлекеттік қызмет саласында меритократия, тиімділік, нәтижелілік, транспаренттік және қоғамға есептілік қағидаттарына негізделген мемлекеттік қызмет жүйесін кәсібилендіру, мемлекеттік басқару жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі мен халыққа сапалы қызмет көрсетуін  қамтамасыз ету мақсатында осы саладағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жетілдірді.

Тұңғыш Президент қазақ ұлтының ұйысып, іргелі мемлекетті құраушы ретінде қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Өйткені, президенттік басқару пішімі мен тәуелсіздіктің жиырма жылдық тәжірибесі еліміз үшін осы басқару нышанының тиімді болып, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын саралауға мүмкіндік берді.

Қазақстан тәуелсіздігін алған сәтте алғаш Түркия елі егемен ел ретінде мойындаған еді. Бұл туралы Түркияның экс-мәдениет министрі, саясаткер Намық Кемел: «Қазақстан ең алғаш тәуелсіздігін алғанда біз Қазақстан үшін Түркия үлгі боларлық мемлекет болады дедік, ал 21 жыл өткен соң біз Түркия үшін Қазақстан үлгі боларлық мемлекетке айналды деп мойындауға мәжбүрміз» дегені мемлекетіміздің қысқа мерзімде айрықша қадам жасап, келелі жетістіктерге қол жеткізгендігінің дәлелі іспетті.

Найзаның ұшы, білектің күшімен ата-бабамыз аман алып қалған еліміз бен жерімізді басқарған Елбасы Н.Ә.Назарбаев қазақ байтағының байрағын көкке көтеріп, жаңа белестерге жеткізді.

Елбасы «Қазақстан 2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Біздің мақсатымыз  – мемлекеттік басқарудың жаңа түрін қалыптастыру. Ол қоғамға қызмет ету мен мемлекеттілікті нығайтудың жаңа міндеттеріне сай болуы тиіс» деді.

Міне, алдағы болашақта мемлекетіміз жоспарлау және болжау жүйесін одан әрі жетілдіре түсіп, дамудың жаңа белестеріне қол жеткізетініне нық сенімдіміз. Елбасының бастамасымен жергілікті жерлердегі билік органдарының уәкілеттіктері қаржылық және кадрлық ресурстармен нығайтылуы, мемлекеттік қызметшілерді іріктеу ісіндегі ашықтықты қалыптастырып, меритократия қағидасын енгізу арқылы әкімшілік реформасы негізінде тиімді кәсіби кадр саясатын жүзеге асырып, мемлекеттік қызметтің жаңа жүйесінің жемісін көретін де күн алыс емес деп білеміз.

Сыртқы және ішкі саясаттағы іргелі іс-әрекеттерінің бәрі Н.Назарбаевты, сөз жоқ, әлемнің тамыр соғысының бүлкілін жазбай таныған, шартараптардың саяси ағымын түгел бағамдап отырған білікті саясаткер, жаһандық деңгейдегі атаулы тұлға екенін байқатады.

 

Маржан ЖИЕНБАЕВА,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Астана қаласы бойынша департамент

басшысының орынбасары

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button