Басты ақпаратҚоғам

Өркениетті қоғамда шынайы ақпаратсыз даму жоқ

Ақпарат алаңында дәстүрлі журналис­тиканы классикалық журналистикаға жатпайтын блогерлер, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер барған сайын ығыс­тыра түсуде. Бұдан дәстүрлі журналис­тикаға қандай да бір қауіп төнеді деп есептейтіндер де жоқ емес. Жаңа медиа қоғамдық пікір қалыптастыруда кәсіби журналис­тикамен бәсекелесе алмайтыны анық. Осы мәселеге орай қазақ журналистикасының «жілігін шағып, майын ішкен» патриархтары мен дүлдүлдерінің пайым-пікірін жинақтаған едік. Төтесінен қойылған қос сауалға төмендегідей жауаптар алдық.

1. Бұрынғы журналистика мен бүгінгі журналистиканың қандай айырмашылығы бар?
2. Еуразия медиа форумына қатысушыларға құттықтау жолдаған Елбасы Н.Назарбаев: «Бүгінгі аудитория тәуелсіз блогерлер мен әлеуметтік желілердегі баламалы ақпарат көздерін жиі пайдаланатындықтан, классикалық журналистика сенім дағдарысына ұшырайды» деген пікірін айтты. Сіз осы пікірге не дейсіз?

Намазалы ОМАШЕВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры:

1. Бүгінгі көзқарасыммен айтар болсам, тіл шеберлігі, тақырыпты ашу, сөйлем құрау, сөз түсіну және сөздің сәулесін сезіну жағынан бұрынғы журналистика ешкімнен кем емес. Жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Кейде мүлдем басы қосылмаған екі сөздің басын қоссаң, бір-біріне сәулесін түсіріп тұрады» дегені бар. Бұл – ұлы суреткердің ғана аузынан шығатын сөз. Жас кезімізде журналист ағаларымыздың мақалаларын оқып, сөз саптаудағы, сөйлем құраудағы ғажайып шеберлігіне тәнті болатынбыз. Қазақта «мақтамен бауыздау» деген сөз бар. Ол сөзді өзге ұлт өкілдеріне ешуақытта жеткізе алмайсың. Түсіндіру мүмкін емес. Оған тілің де, мысалың да жетпейді. Бұл сөзді тек қазақ түсінеді. Бұрынғы журналистер осындай сөздерді орынды пайдаланды. Қазақтың табиғи тілін бүгінгі жастардан гөрі тәуір білді. Шетел журналистикасын көп зерттегенде байқағаным, қазақ журналистикасындай сөздің ажарына, парқына мән беретін елдер онша көп емес. Табиғатты жырласа да, бір адам туралы жазса да тамсанып жазу, сырттай баяндау – бұрынғы журналистерге тән нәрсе. Ал адамның жан-дүниесіне үңіліп, терең зерттеп жазу – бүгінгі журналистиканың жетістігі. Бір мысал. Қазір журналистиканың теориясынан 60% білім алсаң, қалған 40%-ын қай салаға (экономика, құқық, ауыл шаруашылығы) мамандансаң, соны оқисың. Жазатын салаңды кәсіби мамандар секілді білуге тиіссің. Қазір креа­тивті, конвергенттік журналистика дегенді айтып жүр. Шын мәнісінде, мұның бәрі – журналистік зерттеу. Жаңашыл журналистің қолында қаламы, мойнында фотоаппараты, түсіретін камерасы болуы шарт. Бұрын журналист сұхбаттасатын адамның сөздерін қойын дәптеріне түртіп алатын немесе миына сақтайтын. Міне, айырмашылық осында. Бүгінгі журналистикадан бұрынғы журналистердің артықшылығы: жаза білу, жатық тілмен әдемі жазу, бір-біріне сәулесін түсіріп тұратын сөздерді табу, сөзді ойнату жағы төмен. Баспасөзде сөздің ажарына мән берілгенімен, радио мен теледидарда тіптен орынсыз қолданады. Сөздің парқын білмей, тікелей эфирде бірнеше сағаттап отырып, аузына түскен сөздерді пайдаланады. Бүгінгі журналистиканың кемшілігі – осы.

2. Егер дәстүрлі журналистика түгелдей опырылып түсіп, сөнген өрттің орнындағы күлдей болып қалса, тек әлеуметтік желілер ғана жұмыс істесе, әрине сенім дағдарысына ұшырайды. Аллаға шүкір, ондай жағдайды көріп тұрған жоқпыз. «Егемен», «Казправда», «Астана ақшамы», өзге де газеттер шығып жатыр. Телеарналар жұмыс істеп тұр. Бұған қоса әртүрлі әлеуметтік желілер пайда болуда. АҚШ-та «Нью Йорк таймс», «Вашингтон пост» сияқты элиталық газеттер бар. Егер де бұл газеттердің бірінде АҚШ президенті қатты сыналса, ол көп ұзамай орнынан кетеді деген сөз. Яғни, билікке жақын басылымдар бәрін бақылап отырады. «Нью Йорк дейли ньюс»-ке не шықса да, оның әсері жоқ. Телевизияда да солай. Бізде қалай? «Хабар» биліктің саясатын қолдайды, «31 арна» сынап береді, «КТК»-ны қоссаң, қоғамдағы әлеуметтік кемшіліктерді ғана көрсетеді. Алайда… ұлттық дүниелерге бармайды. Өйткені біздің қоғам сондай. Әртүрлі көзқарастағы адамдар бар. Біреу оңшыл, біреу солшыл, біреу центрист. Біреу оппозицияшыл. Ал оппозиция неге өз пікірін білдірмеуге тиіс? Ашық білдірсін. Бұдан трагедия жасаудың керегі жоқ. Дамыған елдердің бәрінде солай. Өз басым классикалық журналистикаға сенім азаяды дегенге мүлдем қарсымын. Екіншіден, журналистиканы классикалық және классикалық емес деп екіге бөлу дұрыс емес. Неліктен бұрынғысы классикалық болып, бүгінгісі болмау керек? Меніңше, классикалық дегеннен гөрі қалыптасқан журналистика деген дұрыс. Он журналист он түрлі пікірін айтады. Демократиялық, зайырлы қоғамның бір артықшылығы сол, адамдар бір-бірінің пікірін тыңдап, сыйлап үйренуі тиіс. Журналистика қоғамға ауадай қажет. Себебі халық өз пікірін БАҚ арқылы айтады. Әйтпесе, буы шықпаған нәрсе бомба сияқты жарылады. Бұдан шығатыны, журналистика – ол қоғамда өзінің орны бар саяси платформа, қоғамдық институт. Ол өз жұмысын атқаруы керек. Егер билік журналистің аузын буып, қолындағы қаламын тартып алып, жаздырмай не айтқызбай қойса, қателеседі. Мұндай жағдайда күбір-күбір, сыбыр-сыбыр әңгіме халықты адастыруы мүмкін. Ал арты үлкен қиындықтарға алып келеді. Керісінше, басшылар журналистер айтқан сынға жедел назар аударып, жазылған кемшілікті өз көзімен көріп, оны жоюдың жолдарын іздестіргені жөн. Меніңше, басшылар БАҚ сияқты қоғамдық институтты дұрыс пайдалана білгені абзал. Одан ұлт­қа, мемлекетке көп пайда келеді.

Қуаныш СҰЛТАНОВ, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты:

1. Біріншіден, мен қай заманның журналистері болса да, оларды бір-біріне қарсы қоймас едім. Екіншіден, қай заман болса да, журналистің негізгі міндеті мен мақсаты – адал ақпарат жеткізу. Мен 8-ші сыныпта оқып жүргеннен бастап журналист болам деп армандадым. «Сөйлесем, жазсам, тек шындықты жазып сөйлеуім керек» деген ұстанымда болдым. Журналист мамандығын таңдаған адам қоғамда болып жатқан әртүрлі оқиғалар, құбылыс­тардан хабардар болып қоймай, өзі көп білуі, оқуы керек. Біз «журналист – эрудит болуы керек» деген сезіммен оқығанбыз, өскенбіз. Ондай талап қазір де маңызды. Адалдық, тазалық, әділдік – мәңгілік құнды­лықтар. Қазір – ақпараттық-техно­логиялық өзгерістердің заманы. Заман, қоғам, адамдардың дүниетанымы түбірімен өзгеріске ұшырады. Ақпараттық қоғам қалыптасып келеді. Журналистердің өздері үлкен бәсекелестік ортаға кіріп кетті. Қазір журналиспен бірге жай қарапайым оқушы, кез келген мамандық иесі мұғалім де, дәрігер де, инженер де, технолог та барлығы бір бәсеке­лес­тік ортада жүр. Бұл нені көрсетеді? Бұл интеллектуалдық өте жоғары дәрежені көрсетеді. Соған байланысты қоғамдық мәдениетті, сөйлесу мәдениетін, ақпарат тарату мәдениетін, жауапкершілігін түсінуіміз керек. Біржақты көзқараспен біреуді «жамандау» не «мақтау» – өте жадағай. Біз өркениетті мемлекет құрып келеміз. Өркениетті мемлекеттің ең басты белгісі – заңмен өмір сүру. Заңды сақтау, өтірік айтпау, адалдықтан айнымау, әділдікті сақтау. Осының бәрінің қайнаған ортасында журналист жүреді. Яғни, журналистің ойы озық, таза болуы керек.
2. Әлеуметтік желілерде үлкен жауапкершілік болуы керек. Ақпараттық адалдық, тазалық, шындық болуы керек. Ал енді «ана адамды мен жақтырмаймын» деп біреу туралы сыңаржақ, тіпті кейде көпе-көрнеу жалаға жақын сөз айтуға жол бермеуіміз керек. Ол – мәдениетсіздік. Әлеуметтік желіде ондай нәрселер әлі көп. Бірақ бірте-бірте халық оны да түсініп келе жатыр. Ақпаратқа сенімділік тек шындық арқылы қалыптасады. Мысалы, қазір кез келген редакцияда қызмет ететін журналист пен ешкімге жа­уап бермейтін үйінде отырған адамның жауапкершілігі қандай? Алайда «Өтіріктің өрісі тар» деген қанатты сөз бар. Сол дерттен оңалармыз деп ойлаймын. Сөздің қадірі ешқашан кетпейді. «Тіл немесе сөз бас жарады, бас жармаса, тас жарады» деп бекер айтпаған. Бастың мықтылығы – мидың болғанында. Сондықтан, ол физикалық тұрғыда емес, саналық тұрғыдан айтылып тұр. Яғни, сөздің құдіреттілігі, күштілігі. «Сөз анасы – құлақ» дейміз біз. Сөзді түсінетін адамға айту керек. Түсінбейтін адам немесе түсінгісі келмейтін адам сөздің қадірін қайдан білсін?! Абай атамыз айтпақшы, Жартасқа сөйледің не, адамға сөйледің не? Наданға сөзіңді қор қылып қайтесің. Білімі жоқ адам өзін өте бақытты сезінеді, өйткені ол «бәрін білем» деп ойлайды, ал білімді адам оқыған сайын соған тереңдей береді. Журналистер, қолына қалам ұстаған адамдар сөздің қадірін сақтау керек. Адам баласы өркениетті қоғамда сөзсіз өмір сүре алмайды.

Шәмшидин ПӘТТЕЕВ, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры:

1.   Біріншіден, ғаламтордың дүниеге келуінен елдің ақпарат алу көздері көбейді. Журналистика күрт өзгерді. Қазір жұрт ақпаратты қалыптасып қалған радио, теледидар, газет арқылы ғана емес, ғаламтор арқылы және толып жатқан әлеуметтік желілерден де алатын болды. Өзгеріс осында, яғни дерек көздері алуан түрлі, бұл бәсекелестік туғызады.
2. Дүние жүзінде жалпы оқу мәдениеті төмендеді. Өйткені бұл – бір жағынан әлеуметтік желілердің, ғаламтордың пайда болуымен туындаған мәселе. Екіншіден, қазір әлеу­меттік желілерден хабар алатын адамдар саны көбейгенімен, дамы­ған елдерде бұрынғы классикалық дәстүрлі баспа өнімдеріне деген сұраныс әлі кеміген жоқ. Оның себептері көп. Әлеуметтік желілер де зор рөл атқарады. Өйткені ол шын мәнінде қоғамның көңіл-күйін, әлеуметтің «қызуын» байқап отыруға көмектеседі. Батыс мемлекеттері, оның ішінде дамыған елдер аяқ астынан берілетін жедел ақпарат әрқашан шынайы немесе шындық болмайтынына назар аударады. Алуан түрлі топтар неше түрлі ақпаратты өзінің пайдасы үшін таратады. Сондықтан, дамыған елдердің көбісінде дәстүрлі ақпарат көздері қайта қалпына келуде. Оны дамыған кез келген елден байқауға болады. Жапония, Корея және батыс мемлекеттерінде күнделікті таралатын жеңіл, тексерілмеген ақпараттан гөрі, белгілі журналистердің, белгілі басылымдардың, сарапшылардың болып жатқан оқиғаға немесе әлеуметтік желіде айтылған ойларға қатысты пікірлеріне көп көңіл бөлінеді. Мәселен, белгілі бір мүддені көздеген топтардың әдейілеп немесе белгілі бір мақсатта таратқан ақпараттарын олар сараптап, оның астарында не жатқанын көрсетіп отырады. Сондықтан қазір дамыған елдердің бәрінде дәстүрлі классикалық БАҚ-қа деген сұраныс бар. Тіпті, Жапония сияқты технология дамыған елдерде ол артып келеді.

Мейрамхан ЖӘПЕК, елімізге танымал медиа-маман:

1.  Айырмашылығы Жер мен Көктей, жіктеп көрейік. Алды­мен бұрынғы журналистиканың ауқымы тар болды. Ол тек идеология құралы еді. Қазіргі журналистиканың ауқымы кең, ықпалдылығы зор, билік БАҚ-тың сөзімен санасады. Сосын ертеректе журналистика көтерген мәселе біржақты шешімін табатын. Мәселен, Бейімбет Майлиннің «өзің космомолсың еще талқан жейсің» дегеніндей. Яғни, «сен қоғамда идеалсың – басқалай болуы мүмкін емес». Ал бүгінгі журналистика ақпаратты жан-жақты беруге тырысады, мәселеге әр қырынан қарайды, оған бір жағынан ғаламтор көп көмек беріп отыр. Үшіншіден, бұрынғы баспасөз жанрлық тұрғыда мазмұнға өте бай еді. Ал қазіргі журналистикамыздың жанрлық мазмұны кедейленіп барады. Төртіншіден, бұрынғы журналистикада «баспасөз бостандығы», «еркін сөз» деген ұғым болған емес. Тек бірлі-жарым публицист өз ойын белгілі бір шеңберде ғана еркін айта алатын. Қазір бәрі басқаша.
2. Классикалық журналистика өз биігінен түспейді, оның орнын басу үшін көп факторларға көз жұма қарау керек. Қоғамдағы көптеген жайттарды әлеуметтік желілер немесе тәуелсіз блогерлер шешіп тас­тайды деу ақылға сыйымсыз. Әрине, «азаматтық журналистика» – «жаңа медиамыз» классикалық журналис­тикаға ықпалдылық, пәрменділік, мазмұндық жағынан белгілі бір дәрежеде әсер еткенін жоққа шығармаймын. Дегенмен, классикалық журналистика конструктивтілігімен алға озған. Жалпы, журналистикаға синкретизм тән болғандықтан да, алда оны тағы да көптеген «жаңалықтар» күтіп тұр.

 

«Ақшам» алаңындағы пікірсайыс

Ерлан САҒАДИЕВ, Білім және ғылым министрі:

«Мен журналис­тиканы 4 жыл оқу­дың қажеті жоқ дейтіндермен келісемін. Меніңше, ең бірінші кезекте өзің жазатын саланың маманы болуға тиіссің. Егер сен медицина туралы жазсаң дәрігер, экономиканы жазсаң экономист, банкир, одан кейін журналист болғаның жақсы. Журналистке экономика туралы жазуды, ақпаратты қалай дұрыс беру керектігін үйрету экономистке қарағанда әлдеқайда қиын. Ендігі уақытта 4 жыл оқу міндетті емес. 2,5 жыл немесе 4 жыл қалағаныңша оқуға болады».
(Медиа білім беруді дамыту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңесте айтқан сөзі)

 

Намазалы ОМАШЕВ, филология ғылымдарының докторы, профессор:

«АҚШ-та журналист мамандарын да­йын­дайтын орындар көп. 44 штатта мек­теп саны 164-тен асады. Бұл – жоғары
мектептер. Әртүрлі шіркеулер, университеттер мен кейбір компаниялар да осымен айналысады. Шындығында 3-4 айда диктофонмен жұмыс істеуге, монтаждауға үйретуге болады. Журналистика машық емес, ол – мамандық. Оған университеттік 4 жылдық жоғары білім қажеттігі дүние жүзінде дәлелденіп қойған. Бұл мәселені көтеріп, әуреленудің керегі жоқ. Өйткені ел білмеген, кездеспеген жағдайды басынан кешеді. Адамның тағдыры, қоғамдық мәселені жазғанда диктофонды қоса салады дейді. Журналистің ой-өрісі, ұстанымы, бағалауы, салыстыру қайда? Журналистің көзі ашылған, ой-өрісі кеңейген. Уақыт пен кеңістікке саяхат жасай алады. Уақыт – тарих, кеңістік – білім көкжиегі. Білім және ғылым министрі әліппеге қатысты мәселені шеше алмай отырып, журналис­тиканы қалай оқытуда не жұмысы бар? «Өз үйінде ою оймаған, кісі үйіне барып пішу пішіпті» дейді қазақ. Сондықтан, мен министрдің пікіріне мүлдем қарсымын. АҚШ-та жыл сайын «Форбс» журналы қоғамдағы ықпалды адамдардың тізімін жария етеді. Соның ішінде 1-2 журналист жүреді. Неге олай? Себебі мықты журналистің жазғаны, айт­қаны арқылы қоғамға ықпалы өте зор».

 

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button