Жаңалықтар

Орман шаруашылығын оңтайландырады

DSC_0887-(1)

Өсуін тоқтатқан ормандарды қалпына келтіру және қайта отырғызу арқылы жаңарту мәселесі бүгінде тек қазақстандық ғалымдарды ғана емес, күллі әлем оқымыстыларын ойландыруда. Дәл осы мәселе сейсенбі күні С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде өткен халықаралық форумға арқау болды.

Түркияның Кастамону универ­ситеті мен Астанадағы Қазақ агро­техникалық университеті бірлесіп ұйымдастырған бұл шараға әлемнің 15 мемлекетінен, атап айтсақ, Түркия, Ресей, Польша, Италия, Германия, Чехия, Словакия, Марокко, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия, Иран, Нигерия мен Қазақстаннан 140-тан астам ғалымдар мен мамандар қатысты.
Шара барысында ҚазАТУ ректоры Ақылбек Күрішбаев сөз сөйлеп, біздің ел тек өсуін тоқтатқан ормандарды қалпына келтірумен айналысып қана қоймайтынын, сонымен бірге Қазақстан ағаш егіп, жаңа орман алқаптарын да өсіретінін алға тартты.
«Елбасының тікелей бақылауымен Астананың төңірегінде ғажайып Астана орманы «Жасыл белдеуі» бой көтерді. Осыдан 10-15 жыл бұрын Астана аумағы бос жатқан сары дала болса, қазіргі таңда бұл аймақты 73 000 га орман алқаптары алып жатыр» деді ректор. Бұл мәселе Мемлекет басшысының назарынан тыс қалып көрген емес. Индустрияландыру бағдарламалары шеңберінде ғылымның экономика салаларымен және мамандар дайындаумен айналысатын он жоғары оқу орны анықталғанын айта келе, Елбасы осы мақсаттарға 2017 жылға дейін 10 миллиард теңге бағыттай отырып, олардың материалдық-техникалық базасын қалыптастыруды тапсырған болатын.
ҚазАТУ-дің «Орман ресурстары жəне орман шаруашылығы» кафедрасының аға оқытушысы, география ғылымының кандидаты Нұргүл Қазанғапова осы мәселе жөнінде әңгімеледі. Оның айтуынша, орман шаруашылығы – ҚазАТУ-де қарқындап дамып келе жатқан бірден-бір бағыт. 2006 жылдан бері білім мен ғылымды біріктіре отырып осы бағытта мамандар дайын­дап, еліміздегі салалық ғылыми ор­талық Қазақ орман шаруашылығы және агромелиорациялау ғылыми-зерттеу институтының тікелей қол­дауымен Щучинск қаласында «Сары-Арқа» мамандандырылған ғылыми орталығы аймағы құрылған. Алғашында студенттер теориялық пәндерді Астана қаласында оқып, кейін алған білімін Щучинск қала­сында тереңдетілген тәжірибе дағ­дысымен ұштастырғанын тілге тиек еткен Н.Қазанғапова оқу үрдісіне зертхана және ғылыми-эксперименталды инфрақұрылымды институт кірістірілгенін жеткізді.
Одан соң форумға қатысушылар аталмыш жоғары оқу орнының аумағындағы ескерткіш аллеяға 30-дан аса қылқан жапырақты ағаштар отырғызды. Кейін ормандардың азуы мен оны қалпына келтіру механизмін жетілдіру жайындағы өзекжарды пікірлерімен алмасты.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button