Қала мен сала

Орман – тіршілік көзі, таза ауаның өзі

Бейсенбінің берекелі күні қым-қуыт тірлігі қызған қаладан ұзап, Үркерді бағытқа алдық. Бізді межелі жерден «Астана орманы» ЖШС бас агрономы Ардақ Хасенов күтіп алып, қалың орманға жол бастады. Көңілі сергек, жүзі жылы орманшы ағашты күтіп-баптау өнері туралы сыр тартып, елорданың экожүйесіне әсерін сөз етті.

– Арқаның ен даласында орман өспейді деген пікір айтылды. Жоқ, ғалымдармен бірлесе жұмыс істеп, елорданы 88 шақырым қоршап жатқан жасанды орман пайда болды. Жасыл белдеудің жалпы ауданы 14,9 гектар құрайды, оның 11,5 гектары ағаш пен бұтаның 34 түрінен 9,6 миллион дарақ көктеп тұр. Жыл сайын маусымдық жұмысқа 900 адам тартылады. Қысы-жазы 24 сағаттан 45 орманшы жасыл белдеуді күзетеді. Олар 6 постан кезек-кезек шығып, дала өртінен сақтауды, жеміс терушілер қоқыс тастап кетпеуді, мал кіріп кетпеуді қадағалайды, – деп сөзін бастады орманшы.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ағаш отырғызу – биік мәдениеттіліктің белгісі екенін атап, 2025 жылға дейін 2 миллард көшетті көктетуді тапсырды. Өйткені, орман – экожүйе. Онда ағаштардың жиынтығы ғана емес, бұталар, шөптектестер, жануарлар, жәндіктер, микроорганизмдер үйлесімді тіршілік етеді. Орманның негізі – ағаш. Ағаш – тірі организм сынды тыныс алады, қоректенеді, көбейеді, өседі және тіршілігін тоқтатады.

– Орманды «ғаламшардың жасыл өкпесі» деуге болады, ондағы ағаштар ауаны тазартып, оттегі бөледі. Рас, ағаштар көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегін бөліп шығарады. Мәселен, 20 жылдық 1 га жердегі қарағайлы орман жыл сайын 9,35 тонна көмірқышқыл газын сіңіріп, 7,25 тонна оттек бөледі. Ағаштар ауадағы шаңды 42 пайызға дейін азайтады. Аптап ыстықта орманның арасы өте салқын, құрғақшылықта ауа ылғалды болады. Күннің ыстығы бұтақтарына жайыла таралып кетеді де, біразы жапырақтарына сіңеді. Яғни ормандар жер бетіндегі температураны реттейді. Бір жағы, желге қалқан, елге пана болады. Астананың маңында орман өскелі азынаған жел тыйылып, ауа температурасы жайлы бола түсті, – деді тәжірибелі орманшы.

Орман маңындағы демалыс аймағында елордалықтардың қарасы қалың көрінді. Олар қаланың қымқуыт тіршілігінен бір мезгіл рухани серпілу үшін орманға арнайы отбасымен келіп демалады екен. Жазды күндері жидек теріп, қысқа азық та сайлайды екен. Астананың бір байлығы – орман.

– Мұнда адамдар екі жағдайда келеді. Біріншісі – атқа мініп, велосипед теуіп, рухани демалуға таптырмайтын орын. Екіншісі – жеміс теріп, қысқа керекті азық-түлігін жанайды, – деді ол.

Көп ұзамай велосипед жолындағы жастар көзге түсті. Олар бір-бірімен велосипедпен жарысып барады. Арнайы жолдың ұзындығы – 25,6 шақырым. Сенбі, жексенбі күндері салауатты өмір салтын ұстанатын адамның қарасы көбейеді екен. Түрлі ағаштың жұпар иесі аңқыған далада еңбек белсенділігін арттырып, велосипед тепкенге не жетеді?! Ал атқа мінуге арналған 13,2 шақырымдық жолдың екі жақтауы ағашпен оқшаулаған, атқа міну қауіпсіз. Мұнда да елордалықтар жылқы тақымдап, серуендеп жүр. Фотоаппаратын арқалай барған Сұлтан Сейітов велосипед тепкен, атқа мінген жастарды объективімен көздеді. Биіктігі 18 метр болатын мұнараға шығып, суретке түсіру тағы жалғасты.

Ғылыми негізге сүйеніп ағашты баптаса өсе береді, өсе береді екен-ау! Санаға сондай ой келді. Бір-бірімен бой таластырып жоғарыға өрлеген қайындар биік мұнараға деңгейлес болып қалыпты. Көзбен 12-14 метрге жуықтағанын байқадық. Мұндай мұнара орманды алқаптың 10 жерінен табуға болады (6-ы – 18 метрлі, 4-і – 12 метрлі). Орманшы-күзетшілер күніне бірнеше рет шығып, алқапты бақылауды әдетке айналдырыпты.

Арекең орманды аралап жүріп жапырағы ирек тартқан ағаштың қасына тоқтады:

– Бұл – жарық сүйгіш, көп жағдайда жылы аймақта өсетін емен ағашы. Биіктігі 40 метрге дейін, діңінің жуандығы 2 метрге дейін жетеді. Өмір сұру ұзақтығы – 800-1000 жыл. Он бес жылдан кейін жеміс бере бастайды. Міне, осындай алып ағаш біздің орманға бейімделіп, биіктігі – 8-9 метрдей болып қалды. Жасанды орманның 30 пайызын қылқанжапырақты тұқымдастар – шырша, қарағай, самырсын құраса, 70 пайызы жапырақты тұқымдастар – емен, қайың, шегіршін, жиде, – деп бір масаттанып қойды А.Хасенов.

Жасанды ормандағы әрбір жұмыс тек ғалымдардың сүйелдемелеуімен жүзеге асады. Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары жасыл белдеудегі сынақ алаңдарында зерттеу жұмысын жүргізіп, ғылыми қорытынды береді. Содан кейін ғана орманшылар нұсқама бойынша жұмыс істейді.

– Көшетті отырғызу, есепке алу, орман зиянкестері мен түрлі аурудан қорғау және тағы басқа жұмыстарды ғалымдардың бағыт-бағдары бойынша істейміз. Мәселен, ағаштардың арасындағы бос кеңестікке көп жылдық шөптің бірнеше түрін өсірдік. Бұл ортаға көбелек, ара, инелік, өрмекші, құмырсқа, қоңыз тағы басқа көзге көрінетін және көрінбейтін жәндік түрлері келіп, өз экожүйесін құрды. Жәндіктер ормандағы түрлі зиянкестермен қоректеніп, ағаштың ауырмауына жағдай жасайды. Жәндіктер тым көбейіп кетпеуі үшін Жетісудың қырғауылдары жерсіндірілді. Қояндар орманның негізгі тіршілік иесіне айналды. Қоян популяциясы көбейіп кетпеу үшін түлкі мен қарсақтар жіберілді. Бүгінде институт ғалымдары 5 тақырып бойынша ғылыми зерттеу жұмысын жүргізуде. Соның бірі – ағашты санитарлық бұталау және жиелігін реттеу, – деді бас агроном.

Бүгінде Астана қаласының ішкі аймақтарындағы демалыс саябақтары «жасыл белдеулерде» қайың, қарағай, самырсын, терек және жиде, өрік, шие, алма сынды ағаштар тамыр жайып, елордаға көрік беріп, тазалықтың айнасына айнала бастады. Ботаникалық бақ пен Орталық саябақты сондай көрікті жерге жатқызуға болады.

«Орман ел дәулеті, жер сәулеті» деген аталы сөздік парқын түсініп, тазалықтың бір нышаны – орман екенін ұғынып қайттық.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button