Басты ақпарат

Орманы бардың – қорғаны бар

Соңғы күндері елімізде орман өрті үдеп тұр. Ең алдымен, Қостанай облысының Әулиекөл ауданына қарасты орманды алқаптан басталған бұл өрт бүгінгі күнде Жетісу жеріне дейін жетіп, Шығыс Қазақстанды да шарпыды. Таң қаларлық жағдай.

Әулиекөл ауданындағы орманның бір уақытта бірнеше алқабынан қатар жанып, оған қоса Қостанай қаласындағы қару-жарақ дүкеніне де өрт кеткенде жұрт арасында «бұл өрт қасақана жасалған қастандық емес пе?» деген күмән пайда болды. Іле-шала Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Қостанай облысының өртті сөндіру жөніндегі жедел штаб отырысын өткізген кездегі «Қостанайдағы өрт 4 аудан аумағына жайылды, тағы 5 облыста – Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақмолада өрт ошақтары пайда болды» деген мәлімдемесі мен ҚР төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің «Өрт қасақана адам қолынан болды деген нұсқаны жоққа шығармаймыз» деген сөзі күмәнімізді тіпті күшейтті. Енді, міне, бірде Ақмола облысының Зеренді ауданындағы орманды алқаптан өрт шықса, 6 қыркүйек күні Алматының іргесіндегі, Алатаудың бөктеріндегі орманның жалаңдаған жалынға орануы, Шығыс Қазақстан облысына қарасты Марқакөл маңындағы маң даланың өртенуі… бұл реткі өрттің тегін емес екенін шындап аңғартқандай. Найзағай түсіп, тосыннан өрт кетті дейтін себеп айтуға да келмейтін ашық күнде аяқ астынан орманды алқаптардың бірінен кейін бірі өртенуі түсініксіз.

Елімізде орман қорының жалпы ауданы 30,4 млн гектар. Бірақ, Қазақстанда орманды алқаптың көлемі ел аумағының небәрі 4,6 пайызын құрайды. Есесіне шөл және шөлейт жерлер Қазақстанның 56 пайызын алып жатыр.

«Жасыл белдеу» – елорданың «өкпесі»

Елімізде орманның өсуі де әркелкі. Кейбір облыстарда сыңсыған сұлу орман жоқ. Климатымыз әр алуан, топырақ жағдайы да әртүрлі. Демек, Қазақ мемлекетінің алдында тұрған бір үлкен міндет бар. Ол – табиғи ормандарды қорғап, ағаш егіп, орман отырғызу; шөлейттенудің алдын алып, жасанды орман белдеуін үздіксіз ұлғайту. Осы тұрғыдан алғанда, «Астананың жасыл белдеуін қалыптастыру» мақсатында елорда төңірегіне 100 мың гектарға жуық аумаққа орман отырғызылғаны – қуанарлық жағдай. Осы орман белдеуінің қалыптасуымен, астананың ақырған аязының да беті қайтып, бораны бәсейді.

«Жасыл белдеу» – Қазақстан Республикасының 1997 жылдан бастап жүзеге асырып келе жатқан, астананың іші мен оның маңайындағы аймақтарды абаттандыру жобасы. Қаланың өзінде және оған жапсарлас аумақтарда жасыл желек қалыптастыру және оны сақтау мақсатында елорда айналасын қоршай бой көтерген жасыл белдеу бұл күнде қаланың таза ауамен тыныстауына мүмкіндік беретін «өкпесіне» айналды. Бұл орманды алқапта 10 миллионнан астам ағаш пен 2 миллионға жуық бұта бар. Демек, орман – далаға сән беретін, тіршілкке нәр беретін бағалы байлық ғана емес, климаттың өзгерісіне де оң ықпал ететін, сондай-ақ ел қорғанысына да қалқан болатын қасиетті қорған. Міне, сол қорғанымыздың ай мен күннің аманында шетінен отқа оранып, жалынға жалманғаны жанға батады.

Әлемде орман азайып барады

Жасыл шардағы орман қорының жалпы аумағы 32 пайыз­ды құрайды. Бұл ормандар, негізінен, Оңтүстік Америкада, Ресейде, Орталық Африкада және Оңтүстік-Шығыс Азияда шоғырланған. Бұл төрт өңірдегі орман әлемдегі орманның 60 пайызын құрайды, әсіресе Ресей, Бразилия, Индонезия және Конго Демократиялық Республикасы әлемдегі орманға ең бай елдер саналады, себебі әлемдегі орманның 40 пайызы осы 4 елге шоғырланған.

БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау басқармасы адамзаттың кесірінен жаһандағы орманның жартысына жуығы жо­йылып кеткен деген деректі алға тартады. БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының 2001 жылғы есебіне сүйенсек, әлемдегі орман алқабы 1990 жылғы 3,96 миллиард гектардан 2000 жылы 3,87 миллиард гектарға дейін азайған. Демек, жыл сайын әлемде неше жүз мың гектар орман жойылып кетіп жатыр. Осыған байланысты кейбір елдер табиғи орманды өз елінің құнды байлығы, ұлттық қоры ретінде бағалауды заңмен кепілдендірген.

Өрт апаты – ең ауыр болған жыл

Қазақстан да соңғы жылдары орман отырғызу жұмысына ден қойғанымен, табиғи ормандар жыл сайын өртке оранып, көлемі азайып барады. Мәселен, 2011 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Боралдай орман шаруашылығында 4000 гектарға жуық орман өртеніп кеткен.

2013 жылы Түркістанда 600 гектарға жуық тоғай күлге айналса, келесі жылы Арыс қаласында 200 гектар орман өртке оранды. 2014 жылы ел бойынша 500 гектарға жуық орман апатқа ұшырап, өрт себебі белгісіз күйде қалды. 2015 жылы шырайлы шығыстың сәні болған Марқакөл маңында өрт кетіп 900 гектар орман жанып кетті. Бұл өткен он жылдықтағы ең ірі өрт апаты болса, 2021 жылғы 10 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы маңындағы орманға өрт кетіп, 272,4 гектар орман қызыл жалынның құлқынына түсті. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанда 500-ге жуық орман өрті тіркеліп, салдарынан 38 мың 27 гектар жер өртенген (2020 жылы – 22 мың 626 гектар, бір жылда плюс 68%) болса, биыл жыл басынан бері 800-ге жуық орман өрті тіркелген. Тек қана Қостанай облысындағы өртте 43 мың гектар орман өртке оранды. Демек, биылғы жыл Қазақстандағы өрт апаты ең ауыр болған жыл болып тұр.

Жалақы аз, өрт көп…

Қазақстанда мейлі қай өңірде, қайсы аймақта өрт апаты болса да, оның нақты себебі анықталмай, жұмбақ күйде қалып жатады. «Күннің ыстығы», «найзағайдың түсуі», «орман қорғаушылардың немқұрайдылығы» деген сияқты себептер айтыла-айтыла жауыр болуға айналды. Өрт болған кезде қылмыстық іс қозғалады да, өрт сөнген соң, ол да «өшеді». Сосын да шығар, бізде жыл сайын орман өрті үзілмейді. Кінәліні тауып, қатаң жазаламаған соң, орманшылар да өртке немқұрайды қарайтын деңгейге жетті. Өйткені көптеген өңірлерде, әсіресе табиғи орман алқаптарында өрт қауіпсіздік шаралары сақталмайды. Алда-жалда өрт туыла қалса, оны қалай ауыздықтаймыз деген мәселеге мән берілмегендіктен, көп өңірлерде өрт туыла сала дереу ауыздықталмайды.

Оның үстіне, Қазақстандағы өрт сөндіру техникаларының көбі ескі, өрт сөндіруге қолайлы тікұшақтар саны аз. Таулы өңірлерге доңғалақты көліктер бара алмайтындықтан, өртті өшіруге адам күшіне таянуға тура келеді. Өткен жылы тамыз айында Төтенше жағдайлар министрлігі 48 млрд теңгеге өрт сөндіру техникасын сатып алуды жоспарлап отырғанын жариялаған болатын. Алайда біз аталған министрліктің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, өрт сөндіру техникасын сатып алу бойынша 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы бектілгенін, Жол картасы аясында республикалық бюджет есебінен 387 бірлік автокөлік құралын сатып алу жоспарланғанын атап өтті (2021ж. – 134 бірлік, 2022 ж. – 127 бірлік, 2023 ж. – 126 бірлік).

Алайда, 2021 жылы республикалық бюджет есебінен қаражат бөлінбей, өткен жылы ешқандай техника сатып алынбаған. Ал биыл өрт сөндіру қызметтеріне 146 бірлік өрт сөндіру-құтқару техникасы сатып алынған. «Қазір Министрліктің әуе паркінде әртүрлі типтегі 132 тікұшақ бар. Өрт сөндіру қызметтерінің иелігінде әртүрлі санаттағы 3321 бірлік өрт сөндіру-құтқару техникасы бар. Бүгінде жаңартуды қажет ететін техниканы есепке алғанда, қосымша 944 өрт сөндіру техникасын сатып алу қажет» деп түсіндірді ТЖМ баспасөз қызметі. Демек, орманды өрттен қорғайтын мекемелердің техникаларының 20 пайыздан астамы ескі.  Қостанайдағы өрт кезінде өрт сөндіру машиналарының дұрыс жұмыс істемей, су құбырлары жарылып жатқаны жайлы ақпараттардың тарауы да тегін емес.

«Өрттің көбеюінің бірқанша түрлі себебі бар» дейді аты-жөнін, жұмыс орнын жазбауымды өтінген мәлім бір орман шаруа­шылық мекемесінің бастығы. «Біріншіден, жұрттың өрттен сақтану сәуясы төмен. Орман арасында демалады да, жаққан отын толық өшірмей кетеді. Екіншіден, қазіргі шылымдар оңай өшпейді. Бұл – өртке себеп болатын адами факторлар. Жаратылыстық себептер де аз емес» дейді ол.

– Ең бастысы, орман шаруа­шылық мекемелерінде қызметкер жетіспейді. Себебі жалақы төмен, 75 мың теңге жалақымен қайтып күн көреді?! Бұл – бір. Екіншіден, техникаларымыз қаусап тұр. Бұрын 7 жылда бір жаңалайтын, ал қазір 10 жылда жаңалау міндеттелген. Оның өзі атқарылмай қалады. Берген тікұшақтары су шашуға қабілетсіз. Үшіншіден, орман қарауылдары жаяу жүр. Бұрын мотоцикл берілетін, қазір ол да жоқ. Тау ішінде өрт болса, жедел жетудің өзі мұң, – дейді орман шаруашылығы мекемесінің бас­тығы.

Әрине, бұдан сырт, жұрт арасындағы әңгімелерге қарағанда, Қазақстанда орманнан ағаш, отын алу үшін жасыл желекке әдейі өрт қоятын қаскөйлер де бар көрінеді. Тіпті олар орманшылармен астасып та алатын сыңайлы. Өйткені біздің елде орман өртегендерге берілетін жаза тым ауыр емес, 8 жылға ғана сотталады.

Қысқасы, орманды қорғау – әрбір азаматтың борышы. Өйткені ол тіршіліктің қормалы, елдің қорғаны. Сондықтан орман өртінен сақтануға мемлекеттік деңгейде баса назар аудару керек. Бүкіл елді жайлаған жемқорлық бұл салада да жоқ емес болуы мүмкін. Ол да – ескеретін мәселе. Әсіресе, орманшылардың жалақысын көтеру кезек күттірмейтін міндет. Себебі өзі аш құрсақ, бала-шағамды қалай бағам деп уайымдап жүрген адам орман күзетіп те жарытпайды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button