Қала мен Сала

ӨРМЕКШI АДАМ – 2: ҚАЛА ҮСТІНЕН ҚАРАЙТЫНДАР

IMG-20141117-WA0012

Естеріңізде болса, газетіміздің өткен сандарының бірінде өндіріс альпинистері жайлы жазған болатынбыз. Астанада жазуымызға арқау болар тағы қандай «өрмекші адамдар» бар екенін әрі-бері ойладық. Біз ойлағаннан да көп болып шықты. Өздерін байқамасақ та, көкке өрлеген көлігін күн сайын көреміз. Кейде, тіпті, көшеде аяңдап келе жатсақ, төбемізден төніп тұрады. Тұрып жатқан үйлеріміздің арасында орын табатын сап-сары сол керік техниканың үрейімізді ұшыратыны тағы бар. Басымызға түсіп кетпесе екен деп тілейміз. Ұзын ұшы үйіміздің бүйіріне кіріп кете ме деп қорқамыз. Сескенетін жөніміз бар, әрине. Бірақ, осынау үлкен техниканың әр қимылын адам қауіпсіздігін әркез бірінші орынға қоятын білікті краншылар ғана басқаратынын білесіз бе? Біз қала үстінен қарайтын краншылардың жұмысымен танысу үшін Астанадағы құрылыс аумақтарын аралауға шыққан едік…

ТЕМІР ТӘРТІП ҚОРШАУДАН АСЫРМАДЫ

Ең алдымен, жұмыс аумағына кіруге рұқсат алу мақсатымен бірнеше құрылыс компанияларымен байланысқа шықтық. Алайда, басшылық тарапынан «Бөтен кісілерді кіргізе алмаймыз. Тәртіп сондай!» деген жауап естідік те, «бір жөні болар, бара көре жатармыз» деп жолға шығуды жөн деп білдік. Қайсысы болса да, құрылыс аумағы түгелімен адам бойынан биіктеу қапталмен қоршалған екен. Күзетшілер басшыларына рациямен келгенімізді баяндап, бұйымтайымызды түсіндірсе де, үзілді-кесілді айтылған «Жоқ, кіргізбеңдер!» деген келте жауап естіле берді. Қоршаудың ар жағында қайнаған тірлік. Бос жүрген адам көрмейсің. «Әбу-Даби Плазаның» құрылыс аумағында қаз-қатар тізілген қаншама кранның төбесіне қарай бердік.  Олардың саны оннан асатыны анық. Бізді ішке кіргізіп жатқанның өзінде жұмыс уақытында оларды негізгі шаруаларынан алаңдату ыңғайсыз көрінді. Өйткені, кім-кімнің болса да, журналист келді деп кранды тоқтатып қоюы түгілі, краншылардың бізге еңкейіп қарауға да мұршасы жоқ-тын. Бірақ, мәселе басқада.

Күзетшінің айтуынша, аумаққа рұқсат картасы бар жұмыскерлер ғана кіргізіледі. «Бөгде адамдарды маңына да жолатпаймыз. Жазатайым жағдайға тап болсаңдар, қайтеміз?! Сондықтан қауіпті жердің қауіпсіздік шараларын сақтауға міндеттіміз» деді ол. Иә, дәл солай. Әу баста орындаймыз деп келген ісіміз өнбесе де, құрылыстың темірдей тәртібіне риза болып қалдық.

КРАННАН ТҮСКЕН КҮНСҰЛУ

Біраз бөлігі пайдалануға берілген. Алайда, салынып жатқан үйлер де бар.  Қысқасы, «Жағалау-3» тұрғын үй кешенін жағалап жүрміз. Бір амалын тапқандай болдық. Үмітіміз – жұмыс уақыты аяқталғанда, краншыны есік алдында күтіп алып, сұхбатқа тарту.

Бір уақытта өзін Дәурен деп таныстырған прораб келген жайымызды біліп, шамалыдан соң орта бойлы, жарқын жүзді бір әйелді ертіп келді.

– Таныс болыңыздар, анау жердегі е-е-ең биік кранның краншысы – Күнсұлу, – деді…

Кентау қаласындағы №16 орта кәсіптік-техникалық училищеде білім алған Күнсұлу Қыстаубаеваның еңбек жолы бетон зауытындағы көпірлі кранды басқарудан басталады. Ол кезде Күнсұлу небары он сегіз жаста екен. Ал, Астанаға қоныс аударғанына 15 жылдың жүзі болыпты. «Көпірлі кран аса биік емес, оны жүргізу жеңілірек. Сондықтан 2006 жылы Астанада мұнаралы кранды басқару бойынша бір айлық курсты оқуыма тура келді. Алғашқы күннен-ақ құрылыстағы ер адамдар жұмысты алып кете алатыныма күдікпен қарап, «әйел адамға бұл кәсіп жараспайды, текке жүргенше, өзіңе лайық іспен айналыс» дегендей неше түрлі сөздер айтқанда, көз жасыма ерік беретінмін. Айналамдағылардың сенімсіздігі намысыма тиіп, жігерімді қамшылады. Бастағанымды тастамай, краншы болу менің де қолымнан келетінін дәлелдегім келді. Айналдырған 4 күнде үйреніп алдым. Бұл жұмыста еркектерден де кем түспейтініме көздері жетті» дейді Күнсұлу өткенін мақтанышпен еске алып.

Оның айтуынша, краншы жұмысы  сонау биіктегі жүргізуші орындығына отырып алумен шектелмейді. Кранға өрмелеп шығу – жұмыстың басы ғана.

– Менімен бірге оқығандардың біразы кранның жартысына дейін ғана көтеріліп, ары қарай аяқтары жүрмей қалатын. Иә, оңай емес, алғашында асқазаның ауырады, басың айналып, тұла бойыңды қорқыныш билеп, дір-дір етесің. Онымен қоса, жел әсерінен кранның да сәл-пәл тербеліп қозғалғанын қосыңыз. Бәрін жеңе білу адамның ішкі жан дүниесіне байланыс­ты. Бірақ, нағыз қиындық кабинада басталады…

Батылдық пен қорқыныш. Екеуі де краншыларға тән сезім деп ойладым. Алып көлікті тізгіндеген сәттен жұмыс аяқталғанға дейін краншы құрылыс аумағында жүрген адамдардың өмірі үшін қорқады. Яғни, бұл ойды жан-жаққа шашыратпайтын сергек сезім болса керек. «Жинақы отырамыз,  әр істі мұқият жасаймыз, асқан жауапкершілікпен қараймыз. Басқаша мүмкін емес. Мүлт кетсең, не кранды құлатасың, не адамды өлтіресің. Біздің жұмыс қателікті кешірмейді» деген Күнсұлу  өзін техникамен бір сезінгендер ғана жақсы жұмысшы бола алады деген ойда. Мысалы, жүргізуші көлігінің қай жері «ауырып тұрғанын» қалай білсе, краншылар да моторына құлақ түріп, қалыпты дыбысының өзгеруінен  бір ақау барын сезеді. Ондайда жұмысты тоқтатып, техниканы механиктерге тексертеді екен.

КРАНШЫ ЖҰМЫСЫНАН БІР ҮЗІК СЫР

Жұмысқа келе салып, краншы ауы­сымнан шыққан әріптесі тапсырған кранды жарты сағат бойы бүге-шігесіне дейін механиктермен бірге тексереді. Тексеру нәтижесін арнайы журналға тіркеп жазады. Оны құрылыс жұмысының басшысы – прораб бір шолып, жұмысқа кірісуге рұқсат береді. Содан кейін ғана кран баспалдағымен биіктегі кабинаға өрмелеп шығады. Қазір Күнсұлу 15-қабаттың құрылысына араласуда. Яғни, шамамен 50 метр биіктікте отырады. Краншы Күнсұлудың айтуынша, 6,8,10 тонналық күші бар «КБ-403, 405, 408» cияқты ресейлік крандар және 6 тонналық жүк көтеретін «Zoomlion» секілді қытай крандары болады. Қытайда шығарылғанның темірі тым жұқа келетіндіктен, ауа температурасы 25 градустан төмендегенде, жұмысты тоқтату керек, ал ресейлік крандар 30 градус аязға да шыдай береді. Сондықтан аяз күшейгенде, амалсыз демаламыз. Сондай-ақ, кран кабинасында жел жылдамдығын өлшейтін анемометр құралы орнатылған. Жел жылдамдығы 11м/с-ке жетсе, кабина ішінде дабыл ойнайды.

Краншы көзінің көруі жақсы, дәлдігі мықты болуы керек. «Қашыңдар, мен жүк түсіремін» дей алмаймыз ғой. Сондықтан ешкімге зақым келмейтіндей жерге орналастыруды көзбен өлшейміз. Сондайда физика, геометриядан алған білімің көмекші болады» дейді краншы апай.

Жалақысына келер болсақ, әр құрылыс компаниясының есептеуі әрқалай. Көп жерде жалақы сағатпен өлшенеді. Күнсұлу жалақысын жасырмады. «Сағатына – 854 теңге, ал, айлық табысымыз орта есеппен 150 мың, кейде 190-200 мыңға да жетіп жатады.  Бәрі де ұнайды, жаныма жайлы.

Жұмысқа қуанып барамын. Үстіне шығып алсам болды, осы жұмыстан артығы болмай қалады. Бәрі де алақандағыдай көрінеді.

Қала үстінен қараған ұнайды. Өйткені, біз – оның өсуінің, өркендеуінің шын мәніндегі физикалық қарқынын бақылай алатын бақытты жандармыз» деп аяқтады әңгімесін кейіпкеріміз.

P.S.

Қауіпсіздік ережесі бойынша құрылысқа жақындай алмадық. Сол себепті, Күнсұлудан арнайы оқырмандар үшін биіктіктен селфи жасауын сұраған едік…  

 

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button