Білім

ӨРНЕГІ ӨЗГЕШЕ САЙЫС

Астанадағы «Нұр Орда» мектеп-лицейінде «KATEV» Халықаралық қоғамдық қорының мұрындық болуымен қазақ-түрік лицей оқушыларының арасында республикалық «Жас жасампаздар жоба жарысы» мен «Робототехника» сайысы басталды.

Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы аясында – «Жас жасампаздар жоба жарысы» осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Ал «Робототехника» сайысы биыл алғаш рет өзгеше ойлайтын алғыр жасөспірімдердің шығармашылық пен логикалық қасиеттерін ұштап, уақыт талабына сай қажетті хай-тек және нанотехнологияларды дамыту үшін өткізілуде. Оған еліміздің барлық өңіріндегі қазақ-түрік лицейлерінен 200-ден аса оқушы қатысуда. Байқауда балалар робот жасайтын жаңа үлгідегі «ЛЕГО-РОБОТ» секілді бағдарламаларды пайдаланады. Қазылар құрамына осы салада еңбек етіп жүрген отандық және шетелдің білікті мамандары шақырылған. Жоғары бағаланған оқушылардың жобалары «Стартап» ретінде қарастырылып, кәсіпкерлікте қолданылмақ.
Салтанатты шараға ҚР Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Жаңыл Жонтаева, «KATEV» Халықаралық қоғамдық қорының вице-президенті Абдурахман Сел, Астана қаласының мәслихат депутаты Гайдар Қасенов, Республикалық Дарын ғылыми-практикалық орталығының директоры Шолпан Қирабаева секілді жауапты тұлғалар қатысып, оқушыларға игі тілектерін білдірді.
Сайыста жүлдегер атанған жеткіншектер Корея мен Бразилияда өтетін жарысқа жолдама алады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button