Жаңалықтар

Өрт сөндірушілер ерлігі

Күн сайын қауіппен бетпе-бет келіп, тілсіз жауды тізгіндеп, адамдарды құтқаруды асыл міндеті санайтын мамандық иелері өрт сөндірушілер мен құтқарушылар екені сөзсіз. Әсіресе Нұр-Сұлтан сынды алып шаһарда оларға әсте босаңсуға болмайды. Тәуліктің кез келген уақытында дабыл қағылса, оқиға орнына дереу жетіп, әбжіл қимылдау қажет.

[smartslider3 slider=2140]

Өткен аптаның соңында елордалық Төтенше жағдай департаментінің өрт сөндіру бөлімшелері Мәңгілік ел даңғылындағы көппәтерлі тұрғын үйде өрт шыққандығынан хабар алады. Келген сәтте өртке қарсы қызмет мамандары үшінші қабатта орналасқан пәтердің жиһазы мен заттарын жалын шарпып, жалпы 25 шаршы метр аумақ өртке оранғанын көреді. Шапшаң әрекет нәтижесінде өрт ауыздықталып, эвакуация жұмыстары жүргізілген. Өрт сөндірушілердің кәсібилігінің арқасында жоғарғы қабаттағы пәтерден құтқару маскасының көмегімен баспалдақ маршы арқылы 1954 жылғы әйел кісі құтқарылды.

Өрт салдарын жою үшін қалалық ТЖД жеке құрамынан 5 техника мен 27 адам жұмылдырылған. Оқиғадан бір күн бұрын аталған департамент қызметкерлері «Өрт қауіп­сіздігі сенбілігін» өткізген болатын. Сенбілік аясында 200-ден астам жеке тұрғын үйлердің аулаларын аралап, халықтың әлеуметтік осал топтарына 12 улы газға қарсы құрылғы орнатқан. Сонымен қатар Алматы ауданындағы ­Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрында өртке қарсы жаттығу өткен.

Өткен жылдың еншісінде 718 өрт туралы хабар түскен. Соның салдарынан 20 адам жарақат алып, 11 азамат қаза тапқан. Жалпы 179,6 млн теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген. Өрттің басым көпшілігі жеке секторларда болған. Олардың саны 330 болса, көлік құралдарында – 210, бақылаудағы нысандарда 123-ке жеткен. Жыл басынан 68 дерек тіркелсе, 2 адам жарақат алып, 5 адам қайтыс болған. Бұл туралы мемлекеттік өртті бақылау басқармасының басшысы Е.Отарғалымұлы мәлімдеп отыр. Сонымен қатар ол қала тұрғындарын барынша сақтық шараларын сақтап, өртке соқтыратын салдарды болдырмауға шақырып отыр.

Әсия НҰРБЕКҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button