Мәслихат

Орта бизнес – қоғам тірегі

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың ­Қазақстан Халқына арнаған Жолдауы еліміздің экономикалық дамуының жаңа кезеңіне жол ашып, орта және шағын бизнесті қолдауға бағытталған нақты қадамдарды айқындады.

Ел Президенті 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін 15 пайыз­ға жеткізу Үкіметтің алдында тұрған басты міндет екенін белгіледі, бүгінде бұл көрсеткіш тек 7 пайызды құрап отыр. Мемлекет басшысының бұл бастамасы – тек кәсіпкерлерге ғана емес, еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына да жаңа серпін бермек. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады» деп атап өтіп, орта бизнес­ті қолдау шаралары жеткілікті болғанымен, оларды тиімді және оңтайлы пайдаланудың баршаға қолжетімді әрі түсінікті болуын тапсырды.

Мен өзім де бірнеше жылдан бері бизнес саласында жүргендіктен, кәсіпкерлердің өз ісін дамытуға қолдау көрсетіп, олардың орта бизнес деңгейіне көтерілуіне жағдай жасау – ел экономикасының тұрақты өсуіне және кәсіпкерлердің табысты дамуына зор ықпал ететініне кәміл сенемін. Сәйкесінше орта бизнестің дамуы арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, азаматтардың тұрмыс деңгейі көтеріледі. Сондықтан әрбір кәсіпкерге қолдау көрсетудің нақты әрі түсінікті жүйесін қалыптастыру – аса маңызды қадам деп білемін. Салық саясатын реформалау да Жолдаудың негізгі бағыттарының бірі болды. Мемлекет басшысы салық саясатын жетілдіру қажеттігіне ерекше тоқталып, туындаған мәселелерді шешудің нақты жолдарын ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев салық саясатының тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жеңілдетіп, салық төлеу­шілердің сенімін нығайтуы тиіс деді. Осы мақсатта Салық кодексі барша азаматтарға түсінікті әрі қолжетімді болуы керек. Сонымен қатар, Президент салықтық әкімшілендіруді цифрландырудың маңыздылығына да тоқталды. Фискалды жүйені толық цифрландыру сыбайлас жемқорлықты азайтып, салық саласындағы ашықтықты қамтамасыз етеді. Осы бағытта салық режимдерін, әсіресе бөлшек салықты оңтайландыру маңызды қадам болмақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Жеке табыс салығының мөлшерлемесін азаматтардың кірісіне қарай дифференциациялау қажеттігі туындап отыр» деп атап өтті. Жолдауда салықтық әкімшілендіруде жазалау тәсілінен бас тартып, бизнеске қолайлы орта қалыптас­тырудың маңыздылығы да айтылды. Бұл қадам кәсіпкерлерге өз істерін дөңгелетуге мүмкіндік беріп, бизнестің өркендеуіне жағдай жасайды.

Ел Президенті салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру мәселесін де көтерді. «Кәсіпкерлер өздері пайдаланатын салық жеңілдіктері бойынша есеп беруге тиіс. Бизнесті дамытуға нақты септігі тиетін жеңілдіктерді ғана қалдырған абзал. Мысалы, өндірісті өркендетеміз деген инвесторларға артықшылық беруге болады. Яғни, құрылыс салуға, активтерді сатып алуға, жаңғыртуға және қайта құруға бір реттік салық жеңілдігін берген жөн. Терең өңделген өнімді экспортқа шығаратын кәсіпкерлерге жеңілдіктер беру маңызды. Олар өзге бизнеске қарағанда көбірек қолдауға ие болуы керек» деп атап өтті Қасым-­Жомарт Тоқаев.

Президенттің Жолдауында айтылған бұл бастамалар экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға жол ашады. Салық саясатын жетілдіру, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау сынды маңыз­ды шешімдер еліміздің болашағына сенімді қадам жасауға мүмкіндік беріп, Қазақстан экономикасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін.

Мадина ӘЖІКЕНОВА,

 Астана қалалық мәслихатының депутаты

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button