Басты ақпаратСараптама

Орта тап орта толтыра ма?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жұмысының бағытын атағанда, бірінші кезекте халықтың табысын арттыруды басымдық етіп, «Іскерлік белсенділікті арттырып, орта тап қалыптастырамын» деді.

«10-15 пайыз байлар, 10-15 пайыз кедейлер және 60-70 пайыз орта тап болатын қоғам құрғымыз келеді». Кезінде экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осылай армандап, «Financial Times» газетінің тілшісіне сұхбат берген еді. Осы жерде екі Президенттің де орта тапқа екпін беруі бекер емес. Өйткені қай қоғамда орта тап өкілдері мықты болса, сол мемлекет бәсекеге қабілетті келеді. Орта тап дегеніміз кімдер, олар қанша, қалай табыс табады? Осы бағытта ізденген едік.

ОЛАР КІМДЕР, МАҢЫЗЫ НЕДЕ?

Аристотельдің еңбегінде «Кез келген мемлекетте үш тап болады. Біреуі – байлар, екіншісі – кедейлер және үшінші тап. Ең ерекшесі де осы» деп байлар мен кедейлердің арасында тепе-теңдікті сақтайтын тапқа ерекше маңыз береді.

Расында, әлемнің озық елдері – АҚШ, Англия, Германия, Жапония, Корея, Сингапурда орта таптың үлесі 50-70 пайыз екенін көруге болады. Ал Скандинавия елдері – Швеция, Дания, Норвегия және Финляндия­да орта таптың үлесі 80 пайыздан жоғары. Дәл осы тап елдегі кедейлік пен әлеу­меттік қарама-қайшылық деңгейін азайтып, қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Германияда ұлттық байлықтың 90 пайызын орта тап өкілдері құрап отыр. Сондықтан Германия – тұрақты мемлекет. Қытайды аймақтық емес, әлемдік держава деңгейіне қосқан – дәл осы орта тап өкілдері. Ресми Пекин өзінің орта табымен мақтанады. Өйткені Қытай орта тап бойынша әлемде бірінші орын алады. Онда 400 миллионнан аса адам орта тапқа жатады екен.

XVIII ғасырдың аяғынан бастап саяси пайымдаулар нәтижесінде орта тап туралы түсінік қалыптасып, маңызға ие бола бастады. Орта тап – жоғарғы және жұмысшы таптың аражігінде орналасқан, қолмен жасамайтын еңбектің кәсіби тобы. Олардың еңбегі физикалық емес, көбіне ақыл-ой сипатында бағаланады. Яғни қолөнершілер мен шеберхана иелері, сондай-ақ түрлі саладағы бизнесмендер мен менеджерлерді жатқызуға болады.

Озық елдер орта таптың қалыптасуына мүдделік танытып, ерекше мән береді. Оның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, мемлекеттік жұмыс сапасының «көрсеткіші».

Екіншіден, бизнесті қозғаушы күшке ие.

Үшіншіден, қазынаны толтыратын негізгі салық төлеуші.

Төртіншіден, саяси тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқарады.

Бесіншіден, әлеуметтік тұрақтылық, қоғамдық тыныштық қалқаны.

Қысқасы, орта тап өкілдері ертеңгі күніне сенімді болып, қоғамдық-
саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыда елдің дамуында белсенді рөл атқарады.

ҚАЛАЙ АНЫҚТАЙМЫЗ?

Бұл сұрақты әлеуметтанушы ғалым Эльмира Отардан сұрадық.

– Орта таптың үлесін есептеу – күрделі процесс. Мұны анықтауда Батыстың капиталистік әдісі кең тарады. Бұл экономикалық параметрлер бойынша бағаланады. Яғни объективті және субъективті критерий бойынша қарастырылады. Объективті – тұрақты табыс көзі, жылжымайтын мүлкі, бос уақытын қалай өткізетіні мен білім деңгейі және тағы басқасы сараланады. Субъективті – құндылықтар бағдары арқылы анықталады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:

«KPMG Қазақстан байлығының тең жартысына бар-жоғы 162 адам иелік етеді деп мәлімдеді. Сонымен қатар халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды немесе жылына 1300 доллардан сәл ғана асады. Мұндай ақшаға өмір сүру мүмкін емес. Тез арада жағдайды өзгерту керек және көп нәрсе сіздерге байланысты, құрметті кәсіпкерлер»

Екіншісі бойынша қарастыратын болсақ, яғни адамның интеллектісі, білімі, біліктілігі, яғни құндылықтар бағдарлары арқылы, онда Қазақстанда орта таптың үлесі посткеңестік елдер арасында жоғары деуге болады. Егер объективті тұрғыда алатын болсақ, онда орта таптың үлес салмағы төмен, – деді әлеуметтанушы.

Жалпы әлеуметтік зерттеу орталықтары мен қорлардың мәліметінше, Қазақстанда орта таптың үлесі – 30-40 пайыз. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады. Бүгінде айлығы шайлығынан аспайтын, табысының 50 пайызын азық-түлікке, оның ішінде 46 пайы­зын тамақ сатып алуға жұмсайды көп отбасы. Елдегі 6,2 миллион адам екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдарына қарыз, оның 1,5 миллионы – проблемалық кредит. Билiктің тамағы тоқ, көйлегi көк, баспанасы мен көлiгi бар, бiлiмi жоғары, медициналық қызметтi пайдалана алатын адамдарды орта тапқа жатқызатыны қаншалықты дұрыс?

– Орта таптың табыстық-мүліктік сипаттамасы, стандарты бойынша бірнеше тәсілмен анықтайды. Соның ішінде депозиттік шотта жинайтын қаржы үлесімен қарастырғанды құптаймын. Қазақстанда депозиттік шотта сақтайтын респондент үлесі 15 пайызға жуық. Міне, елдегі орта таптың үлесі осы цифрға сәйкес деп ойлаймын, – дейді ғалым Эльмира Отар.

2019 жылы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) дерегі бойынша қазақстандықтардың 14,7 пайызы депозитте жинақтауға мүмкіндігі бар десе, «Стратегия «ӘСЗО» ҚҚ әлеуметтік сауалнамалар нәтижесінде 12-14 пайыз екенін анықтады.

Халықаралық ортақ критерий бойынша орта тапқа жататын адамның жылдық табысы 10-100 мың доллар болуы тиіс. Қытай орта тап үлесінің көптігімен көш бастайды. 2019 жылы Қытайда 400 миллион адамның, яғни жалпы халқының 30 пайызының әл-ауқаты орта деңгейге жетті.

АҚШ-та орта тапқа айына 20-25 мың доллар тұрақты табысы бар, әрбір отбасы мүшесіне 40 шаршы метр тұрғын үй алаңы тиетін, бірнеше автокөлігі бар адамдар жатады. Егер осы өлшеммен қарастыратын болсақ, елде орта тап әлі толық қалыптасып болмағанына көз жеткізуге болады.

ҮЛЕСІ НЕГЕ АРТПАЙДЫ?

Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында ұлт табысын әділ бөліп, монополияны тоқтататынын атады. Бұл жерде «монополияны тоқтатамыз» дегенінде терең мән бар. Себебі олигополистік капитализм әлеуметтік теңсіздік пен ішкі нарықтың теңгерімсіздігін тудырып, монополистердің жосықсыз қызметі азаматтардың нақты табысының өсуіне кедергі келтірді, оларды «кедейлік тұзағына» түсірді және орта таптың нығаюына кедергі келтірді. Әсіресе креативті индустрияларда жұмыс істеуге бағдарланған креативті бизнес пен хабтар, бизнес-инкубаторлардың дамуын тежеп отыр. Мәселен, электр жарығы және жылу энергетикасы саласындағы монополия бірыңғай тарифтік-инвестициялық саясат жүргізуге мүмкіндік бермей, салада шағын және орта бизнесті араластырмай отыр.

Жалпы ел нарығының тұтыну көлемі мен сатып алу деңгейі жоғары емес. Ашық бәсекелестік жоқ. Мұның бәрі экономиканың тірегі саналатын орта тап өкілдерінің қалыптасуына теріс әсер етеді.

«Біз әлі де кедейлікті жеңе алмай келеміз. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстан азаматтарының 15 пайызы – кедей санатында. Оған қоса, ресми статистика халықтың 5,1 пайызы күнкөріс деңгейінен төмен табыспен өмір сүретінін көрсетеді» деді Жәмила Нұрманбетова Үкімет сағатында. Халық қалаулысы дұрыс айтады.

Кейінгі жылдары мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы бірнеше есеге көбейгенмен, өзге мамандық иелері әлеуметтік тұрғыда өз деңгейінде қорғалмай келеді. Төмен және орташа жалақы алатын адамдар қымбатшылық пен инфляция салдарынан күнкөріс деңгейі қиындады. Жоғары жалақы алып, депозитте қаржы сақтауға шамасы келетіні 14-15 пайыз екеніне тағы көз жеткіземіз.

Әлеуметтанушы Тимур Айсауытов: «Қазақстан халқының санасына жаңа форматты, яғни орта тап туралы Батыстың түсінігін чип ретінде енгізетін болсақ, онда бұл жағдай тұрғындардың төбесіне жай түскендей әсер етері анық: халықтың 90 пайызына «сендер кедейсіңдер» дегенді есту қайдан жағымды бола қойсын?! Ресми билік мұны ешқашан айтпайтыны түсінікті» дейді.

Дамыған елдерде азаматтың жылжымайтын мүлікке иелік етуі, табыс деңгейі, тұтыну стандарты арқылы қандай әлеуметтік топқа кіретіні анықталатын болса, біздің елде мұндай классикалық өлшемді қолдану қиын. Өйткені Қазақстанда баспана мәселесі шешілмеген азаматтың қарасы мол, ауылды жерлердегі табыс көлемі төмен.

Орта тапты қалыптастырып, үлесін арттыру үшін не істеу керек? Бұл сұраққа Эльмира Отар былай жа­уап берді: «Әлеуметтік-экономикалық реформалар тиімді жүргізіліп, Президент пен Үкіметтің биліктегі араласу мүмкіндігі тепе-тең болуы тиіс. Заң шығару жоғарыдан төмен қарай емес, төменнен жоғары қарай жүргізіліп, жергілікті мәслихаттардың белсенділігін арттыру маңызды. Жергілікті деңгейде өзін-өзі басқаратын мемлекеттік құрылым басшылары жоғарыдан тапсырманы күтпей, өз мүмкіндігінше шешім шығара алуы керек. Сол кезде әлеуметтік мәселелер дер кезінде шешіліп, әділдік принципі іске асады. Шағын және орта бизнес саласын қолдау тетігін кеңейтіп, креативті жобалардың көбеюіне мән беру маңызды».

Рас, Жаңа Қазақстанның негізгі моделі қоғамның барлық саласында әділдік орнатып, әлеуметтің әлеуетін арттыру болса, онда орта таптың қалыптасуына ерекше мән беру керек. Сонда Қазақстан бәсекеге қабілетті елге айналады. Ресми деректе көрсетілгеніндей, орта тап 30-40 пайыз құрайды дегені шындыққа сай келмей тұр…

P.S: Қазір Үкіметтің алдында екі үлкен міндет тұр. Біріншісі – ел тұрғындарының әлеуметтік әлеуетін арттыру, екіншісі – қоғамды одан әрі демократия­ландыру және саяси жүйені жетілдіру. Бұл екеуін іске асыруда әділдікке сүйену міндеті тұр. Ал әділдікті жүзеге асыруда орта тап өкілдері мүдделік танытады десек, онда орта тапты қалыптастырып, дамытудың маңызы өзінен-өзі түсінікті болады.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button