Орталық Азия елдеріндегі гендерлік теңдік мәселелері талқыланды
Астанада гендерлік теңдік пен тұрақты дамудың бесінші мақсатына (ТДМ 5) қол жеткізуге арналған «2030 жылға дейінгі күн тәртібінің орындалуына бес жыл: Бейжің декларациясы мен іс-қимыл платформасының 30 жылдығына орай Орталық Азияның басымдықтары» атты жоғары деңгейдегі субөңірлік кездесу өтті. Шараны Қазақстан Үкіметі «БҰҰ-әйелдер» құрылымымен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Кездесуге ҚР Парламентінің депутаттары, Орталық Азия мемлекеттік органдарының басшылары, халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
ҚР Конституциялық Сотының Төрағасы Эльвира Азимова субөңірлік кездесуге қатысушыларға арналған сөзінде адам құқықтарын қорғау мәселелеріндегі құқық үстемдігінің маңыздылығын және оның әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту және зорлық-зомбылықпен күресу саясатына әсерін атап өтті. Эльвира Азимова Ата заңның үстемдігі үшін конституциялық бақылау арқылы демократиялық саясат пен мемлекеттік биліктің әртүрлі тармақтары арасындағы диалог көтермеленетінін атап өтті.
«Астанадағы жоғары деңгейдегі кездесу #Beijing30 жетістігінің көрсеткіші және ұжымдық әрекетке шақыру болды. Бұл алға ұмтылу, өңірлік ынтымақтастықты жұмылдыру және гендерлік теңдік пен әйелдер құқықтары саласындағы жетістіктерді атап өту үшін маңызды сәт», – деп атап өтті шараны ұйымдастырушылар «БҰҰ-әйелдер» Кеңсесінің атынан.