Орталық Азиядағы апаттар тәуекелін азайту және сақтандыру
Астанада «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында Дүниежүзілік банк ұйымдастырған Орталық Азиядағы апаттар тәуекелін азайту және сақтандыру жөніндегі шараларды қаржыландыру мәселелері бойынша өңірлік конференция өтті, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/
Іс-шараға орталық банктер мен сақтандыру секторының реттеушілері, Орталық Азия елдері үкіметтерінің өкілдері, сақтандыру нарығы, ғылыми қоғамдастық және өңірдегі апаттар тәуекелін қаржыландыру және сақтандыру саласында жұмыс істейтін халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Панельдік сессиялар шеңберінде Орталық Азиядағы апаттар тәуекелін қаржыландыру мәселелері және халықаралық тәжірибе, мемлекеттің табиғи апаттардан сақтандырудағы рөлі және апаттар тәуекелін қаржыландыруға арналған инновациялық өнімдер туралы айтылды.
Конференция шеңберінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Мария Хаджиева қазіргі уақытта Қазақстанда апаттық тәуекелдерден сақтандыру мүлікті ерікті түрде сақтандыру шеңберінде жүзеге асырылатынын атап өтті. 2023 жылы мүлікті ерікті түрде сақтандыру бойынша 366 мың шарт жасалған. Сонымен қатар, реттеуші өкілі азаматтардың сақтандыру арқылы тәуекелдерден қорғануға деген қызығушылығының төмен екенін атап өтті.
«Соңғы жылдары Түркия мен Мароккодағы жер сілкіністері Қазақстан үшін маңызды белгі болды. Осы оқиғалардан соң Қазақстанда азаматтар мен бизнес материалдық активтерін қорғап қана қоймай, сондай-ақ табиғи апаттардан кейін қалпына келтіруді жылдамдатуға мүмкіндік беретін құралдардың бірі ретінде апаттық тәуекелдерден сақтандыруды енгізу туралы мұқият ойлана бастады», – деп атап өтті Мария Хаджиева.
Сондай-ақ, Агенттік Төрағасының орынбасары елімізде апаттық тәуекелдерден қаржылық қорғаудың көпдеңгейлі әрі икемді жүйесін құру қажеттілігі және оған барлық мүдделі тараптың қатысуының маңыздылығы туралы сөз қозғады.
«Апаттық оқиғалардан қорғаудың көпдеңгейлі жүйесін әзірлеу маңызды. Бұл тиімді сақтандыру жүйесі ғана болып қоймай, шығынды барынша азайтуға және ірі апаттардан кейін қалпына келтіруді тездетуге көмектесетін резервтік қорлар құруды да қамтуға тиіс. Халықаралық сақтандырушылар және халықаралық қаржы ұйымдарының кредит желілері мен апаттық облигациялар сияқты қосымша құралдары қорғаудың маңызды бөлігі бола алады», – деді Мария Хаджиева.