Құқық

Орталық қызметі – тегін татуластыру

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық сот Қазақстан Респубикасы Жоғарғы соты жобасы аясында «Татуласу: сотқа дейін, сотта» орталығын («Примирение: до суда, в суде») ашқан еді.

Заңға бағыну, заңды құрметтеу, сонымен қатар мемлекеттің алдындағы өзіңнің азаматтық құқығың мен міндеттеріңді білу – адам бойында құқық мәдениетін қалыптастырудың негізгі талабы.

– Аталған татуластыру орталығының ашылғанына жақында үш жыл толды. Осы жылдар ішінде біраз тәжірибе жинап қалғандаймыз. Әрине, кез келген нәрсені тыңнан бастау оңай шаруа емес. Алғашқы жартыжылдықта уақытымыздың көбі ұйымдастыру, сотқа дейінгі дау-дамайларды реттеу бағытында банктермен, шағын несие беруші ұйымдармен байланыс орнату, татуластыру үдерістерінің таныстыру, түсіндіру, кеңінен насихаттау сияқты көзге көрінбейтін ішкі жұмыстарын бір ізге түсірумен кетті, – дейді татуластыру орталығының үйлестірушісі, Сарыарқа аудандық сотының судьясы Лейла Зейнашева.

Осы жылдар ішінде соттан тыс дау-дамайларды қарап, татуластыру үдерісін кеңейту (ҚР Ұлттық банкі, екінші деңгейлі банктерді, шағын қаржылық ұйымдарды, нотариустар мен ӘХАТ қызметкерлерін, тағы басқа да қоғамдық ұйымдарды қатыстыра отырып) мәселелері бойынша сегіз дөңгелек үстел мәжілісі өткізілсе, «Атамекен» ҰКП, коммуналдық қызмет, құқық қорғау органдар мен шаруашылық субъектілерінің қатысуымен татуластыру мәселелеріне қатысты жиырмаға тарта кездесулер ұйымдастырылды.

Елде таралған індетке орай 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы азаматтардың сотқа жүгінуі көбейгені байқалды. Сондай-ақ жаппай карантин кезінде ең алғашқы күннен бастап адвокаттар мен психологтардың тегін онлайн-кеңес­терін ұйымдастырған да осы татуластыру орталығы екенін айта кеткен жөн. Осы кезде еңбек келісімшартына байланысты туындаған дау-дамайлардың көбейіп кетуіне байланысты орын алған келеңсіздіктердің зардаптарын азайту мақсатында татуластыру орталығы әкімдікке, прокуратураға хабарласып, тегін заңдық көмектер көрсету жөнінде бас­тамалар көтеріп, дауласушы екі тарапты келісімге шақырған болатын. Азаматтардан түскен арыз-шағымдарды сотқа жеткізбей, татуласу тұрғысынан шешілуіне көп күш салды.

Татуластыру орталығының модераторлары мен үйлестірушілері, қалалық әкімдік пен прокуратураның өкілдерімен бірлесе отырып, кәсіпкерлердің арасындағы келіспеушіліктер мен арыз-шағымдарды талдап, жалға алу мен коммуналдық және басқа да қызмет көрсету төлемдерін сотқа жеткізбей, мәселенің оң шешілуіне ықпал жасады. Елордалық татуластыру орталығының бұл жұмысын Қазақстан Респубикасының Жоғарғы соты оң тәжірибе ретінде бағалап, елдің басқа аймақтарына қолдануға кеңес берді. Жүргізілген талдау нәтижесі татуластыру орталығы көрсетіп отырған тегін қызметтердің тұрғындар арасында сұранысқа кеңінен ие бола бастағанын көрсетті.

Ал 2022 жылдың алғашқы жарты жылдығында өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда татуластыру орталығына жүгінушілер саны 30 пайызға (1728 шағым) артқаны байқалады.

Қазіргі кезде татуластыру орталығы барлық аудандық соттардың қатысуымен «Отбасылық сот» қанатқақты жобасының жұмысын жандандыруға белсене атсалысуда.

Бұл – тың бастама, игі қадам. Негізгі мақсат – осындай күрделі мәселелер туындағанда оны ушықтырмай, жаймен екі тарап арасында түсіністік жағдайында шешуге тырысу. Осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, орталық: «АРЭК-­Энергоөндіру» ЖШС, ДУМК филиалы, «Астана­энергосбыт» сияқты бірқатар ұйымдармен өзара ынтымақтас­тық жөнінде меморандумға қол қойылды. Міне, осы ұйымдардағы электр ­қуатына ақы төлеуге байланысты туындайтын келіс­пеушіліктерді сотқа дейін реттеу­ге мүмкіндік жасалып келеді.

Тағы бір атап айтарлығы, 2019 жылдың 7 қыркүйегінен бері орталықта қорғаушылар мен заңгерлердің қатысуымен тегін заң кеңесі ұйымдастырыла бастады. Осы негізде 2019 жылы 127 адамға көмек көрсетілсе, 2020 жылы – 483, 2021 жылы – 286, 2022 жылдың 9 айында 333 адам тегін заң қызметіне жүгінген.

– 2020 жылдың наурыз ­айынан бері психолог пен заңгердің сессиялары мен кеңестері онлайн және офлайн режимде өткізіліп келеді. Бұл тұрғыда орталық көрсететін қызмет түрлеріне тұрғындардың да сұранысы күннен-күнге өсе түсуде. Бізге келген адамдар ресми емес жағдайда еркін отырып, бір-бірімен ашық әңгімелесе алады. Сөйтіп, көбіне екеуара мәмілеге келіп жатады.

Жұмекен Нәжімеденов көшесі, 10-үйге келсеңіз, біздің есігіміз қандай мәселе болса да ортақ шешім табу үшін кез келген адамға ашық. Мұнда өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар қызмет істейді. Туындаған дау-жанжалды сотқа дейін шешу үшін татуластыру орталығы барлық мүмкіндіктерді пайдаланып отыр, – деді орталықтың үйлестірушісі Лейла Зейнашева.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button