Орталықтың оңды істері
Астана қалалық №4 емхана жанында №3 отбасы денсаулығын сақтау орталығы бар. Орталықтың мақсаты – инфаркт, инсульт ауруларының асқынуын болдырмау.
Президент өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында алғашқы медициналық-санитарлық көмекті денсаулық сақтаудағы басым бағыт ретінде белгіледі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 23 қазандағы «Созылмалы аурулары бар адамдарға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру қағидаларын, бақылау кезеңдері мен мерзімдерін, диагностикалық зерттеулердің міндетті минимумы мен еселілігін бекіту туралы» бұйрығы бар. Соның негізінде «Инфекциялық емес созылмалы ауруларды басқару бағдарламасы» іске қосылды.
Орталықтың негізгі міндеті бар – диспансерлік есепте тұратын адамдарды инфекциялық емес созылмалы ауруларды басқару бағдарламасы бойынша алып қарау. Бұл бағдарламаны жүргізіп, қадағалайтын үйлестіруші – Айгүл Әбдірахманқызы.
Бұл бағдарлама созылмалы аурулары бар науқастардың біріктірілген медициналық араласулар мен коммуникациялар жүйесіндегі белгілі бір топтары үшін үйлестірілген, соның ішінде клиникалық және өзін-өзі басқаруға негізделгенін айту қажет.
– Бағдарлама халық денсаулығын нығайтуға жәрдемдеседі. Соның арқасында жедел жәрдем шақырулары азайып, әрбір адамды жеке емдеп, аурулардың асқынуын болдырмауға көмектеседі. Ауруханаға тұрғындардың баруы азайса, бұл шығындардың көлемін кеміте түседі. Тиімді медициналық көмек көрсету арқылы бағдарлама ұзақ мерзімді перспективада ауруларды емдеу және басқару шығынын азайтады. Сондай-ақ бағдарлама денсаулық сақтау жүйесін нығайту, оның жоғары сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсету қабілетін арттыруға бағытталған, – дейді координатор Айгүл Әбдірахманқызы.
Денсаулық сақтау мамандары үшін орталықтың мынадай артықшылықтары бар:
– профилактикалық сапалы медициналық көмек көрсету;
– ресурстарды тиімді пайдалану, соның ішінде кадрлық, қаржылық, емдеу кезінде медициналық көмек көрсету сапасын арттыру;
– пациенттерді өз ауруларын басқаруға бағыттау;
– ем алған пациенттердің қанағаттану деңгейін арттыру;
– пациенттердің медициналық қызметтерге, оның ішінде стационарлық қызметтерге қажеттіліктерін азайту.
Бағдарламаны енгізудегі күтілетін нәтиже қуантарлық. Аурулардың асқыну деңгейі төмендеп, дәрігерлердің үйге баруы азая түседі. Жедел жәрдем шақыру азайып, ауруханаға жатқан науқастардың жалпы саны кеміді. Өзін-өзі бақылауды жақсартқан пациенттер саны артып, олар алған қызметіне толығымен қанағаттанып, денсаулығын нығайтуда.
– Орталықтың үйлестірушісі ретінде осы бағдарламаның жүзеге асуын, дәрігерлердің науқастарды қарауын, олардың уақытында талдама тапсырып, дәрігерлік тексеруден өтуін, жалпы қызмет сапасын тұрақты түрде қадағалап отырамын, – дейді Айгүл Әбдірахманқызы.
P.S: Орталықтағы оңды істер бағыты осындай. Барлығы да қала тұрғындарының денсаулығы үшін жасалып отыр. Халықтан сұраныс бар жерде орталық тұрғындардың талабын орындауға әзір. Себебі ұлт денсаулығы – мемлекеттің байлығы. Тұрғындар көп баратын емханалар да денсаулық сақтау саласының халықаралық стандарттарға сай болуына, инновациялық технологиялардың емдеу орталықтарында кеңінен қолданысқа енуіне және денсаулық сақтау мекемелерінің білікті мамандармен қамтамасыз етілуіне барынша басымдық беріп отыр.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ