Басты ақпаратЭкономика

ОРТАҚ ВАЛЮТА ЕЛЕСІ

Ғасырдан астам уақыт жалпыадамзаттық деңгейде байлық пен табыскерліктің символы болып келген АҚШ долларының беделіне сына түскелі 5 жылдан асты. Бүкіл әлем, АҚШ-тағы ипотекалық дағдарысты, одан жалғасын тапқан банк дағдарысымен Ақ Үй қалай күресетінін аңдып отырғанда, Федералдық Резерв Жүйесі ақша басатын станоктарын іске қосудан артық амал таппады. Осылайша дүниеде ешқандай құнды тауармен бекітілмеген орасан ақша қоры пайда болды, сарапшылардың пікірінше, тура – 1,5 триллион доллар.

«ҚАҒАЗ БІЗДЕН – ҚОРҒАУ СІЗДЕН»

Бірақ АҚШ бос қағазды дамылсыз басқанымен, нарықтық бағамы сонша құлдырай қойған жоқ. Тап осы көлемдегі ақшаны, айталық, біз бастырсақ, теңгеміз дереу құнсызданар еді? Мұның сыры неде? Неліктен АҚШ әлгі 250 млрд-тық купюра шығарған Зимбабве сияқты күлкіге айналмай отыр?

Сөйтсек, ұлттық экономикалар долларды қолдауға мәжбүр. Себебі, көптеген мемлекеттің қаржылық қорлары, одан қалды, ауқатты азаматтарының басым көпшілігінің салымдары осы АҚШ долларында. Оның құлдырауы – жағдайды күрт нашарлату деген сөз. Ендеше, қазақ – теңгенің, орыс – рубльдің, жапон – иеннің күшеймеуіне мүдделі. Өзіміздің Ұлттық Банк соңғы 5 жылда жалпы сомасы 7,5 млрд доллар болатын теңгені отандық валюта нарығына лақтырған. Есесіне АҚШ доллары салыстырмалы түрде сол деңгейінде тұр.

«АЛТЫННАН» «ЕВРАЗҒА» ДЕЙІН…

Қазақстан, Ресей, Беларусь үшеуінің ортақ валюта жайын күйттеп жүргені қазір ғана емес. Еуразиялық интеграцияға қандай да бір қадамдар басталған Путиннің алғашқы президенттік дәуірінде Елбасымыздың қолқа салуымен бұл мәселе 2000 жылдары көтерілген болатын.

Енді міне, осы жылдың маусымында тап сол оқиға қайталанды. Айырмашылығы – бұл жолы тақырыпты орыстар өздері іліп әкетіп отыр. Алдымен, Ресей Премьер-министрі Медведев Петерборда өткен бизнес-форумда «Ресей, Беларусь, Қазақстан ортақ валютаға өтуі мүмкін» десе, іле-шала Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенко ханым, ол ортақ валютаның – ресей рублі болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл тізбектеле жалғасқан атқарушы мен заң шығарушы органның мәлімдемелерінен – ортақ валютаның да Ресей өкіметі дәліздерінің қалтарыстарында тақырыпқа айналғанын көрсетеді.

Ортақ валюта жөнінде алғаш әңгіме қозғалған жылдары оған «алтын» деген атау ұсынылған еді, ал енді кешегі бизнес-форумнан кейін тіпті «евраз» деген нұсқа да айтылды. Бұл уақытта біздің елде де ортақ валюта жөнінде көзқарастар қалыптасып үлгерген еді.

ПСИ-ФАКТОР

Ортақ валютаға «қазақстандық көзқарас» қалыптасу кезеңінде көрінгені, ең алдымен – білікті сарапшылардың біршама артқаны, түрлі бағыттағы пікір өрбігені қуантады. Шыны керек, қазақстандық экономистер қызықты да, әрі назар аударуға тұрарлық пікір білдірді.

Алдымен, ортақ валютаға қарсылардың уәжін тыңдасақ. Бұл жерде ең қызығы, ортақ валюта экономикалық тұрғыдан емес, саяси тұрғыдан мүмкін емес көрінеді. Мысалы, экономист Төлеген Асқаров «1993 жылы теңгені өз еркімізбен шығарған жоқпыз, Ресей бізді рубль аймағынан тура мағынасында лақтырып тастады.

Тіпті, Ақорда бірнеше рет «Қазақстанды лақтырған» Ресей шенеуніктерінің атын атап, түсін түстеп те айтты. Ендеше ортақ валютаға ең алдымен қазақстандық саяси элитаның өзі қарсы болып жүрмесін», – дейді. Шынымен, 1993 жылы ел әбден титықтаған тұста Ресей «жығылғанға жұдырық» дегендей, Қазақстанды рубль аймағынан еркінен тыс шығарып тастаған болатын. Ендеше, жалпы теңгенің ену фактісінің өзін үлкен тәуекел мен ерен еңбектің жемісі деуге әбден болады.

Бұған қоса, елімізде теңгеге байланысты психологиялық фактор барын ескермеске болмайды. Бар гәп – теңгеміздің – ту, елтаңба, әнұран сияқты рәміздік сипатқа ие боп кеткенінде. Төл теңгеден айрылғаннан – егемендіктің бір бабына нұқсан келеді деп есептейтіндерді аз деуге болмас. Ал, оларға ешқандай саяси түсіндірме мен келетін пайда туралы әңгіме демеу бола алмайды. «Тәуелсіз валюташылардың» сараптамалық кескіндемелері де жоқ емес. Олар ең алдымен – ортақ валюта енгеннен соң жеке қаржылық саясат, жеке фискалдық саясат құрдымға кетеді дейді. Мысалға еуроаймақтан сыртқа тебіліп жатқан Грекия келтіріледі. Егер Грекия өзінің драхмасын сақтап қалғанда, ұлттық валютасының девальвациясын жариялап, қазіргі күйі әлдеқайда жақсы болар еді дейді сарапшылар. Ал, ол бас салып, толығымен еуроға көшіп алып, енді жеке қаржылық саясат жүргізуге хақысы болмай, пұшайман болуда. Ортақ еуразиялық валютаға енсек, біз де көршіміздің экономикалық қатесінің зардабын ортақ тартамыз ба деген қауіп бар.

Осы орайда, ресми пікіршілердің аргументтері кемшін түсіп жатқан сияқты. Олардың айтуынша, ортақ валюта «интеграциялық процестерді жеделдетеді». Мұндай жарытымсыз түсініктеме әрине, тәуелсіз теңгені жақтаушыларға басу бола алмайды. Алдағы уақытта екі жақтың да көзқарастары әлдебір критикалық массаға жетіп, алдымыздағы айқын кескін арқылы бір шешім қабылдармыз деген үміт бар.

Ерлан ОСПАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button