Басты ақпаратҚұқық

«Орташа жылдамдық» қағидасы қалай болмақ?

Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметтеріне қарап отырсақ, өткен аптада жүргізушілер тарапынан 172 жол жүру ережесін бұзу оқиғасы тіркеліпті. Әрі олардың көбі жылдамдықты арттыру мен жаяу жүргіншілерге жол бермеу екенін байқаймыз. Ең қауіптісі де осы ереже бұзушылықтар. Автокөлік тізгіндегендердің осындай алаңғасарлығы мен жауапсыздығынан қаншама бейкүнә жан өмірмен қоштасып немесе мүгедек болып қалып жатыр.

Мәселе – жүргізушіде

Тек өткен жылдың екінші жартыжылдығында ғана елордада көліктің астына түскен 210 адамның 39-ы мерт болған. Қалғаны әртүрлі дәрежеде жарақат алып, емделген. Міне, осы жайлар тәртіп сақшыларын қатты ойландырып отыр. Алдағы уақытта елімізде көліктің жол қозғалысы жылдамдығы төмендетілуі мүмкін.

Рұқсат етілген жылдамдық өскен сайын көлік басқарудың қаупі де арта түсетінін жүргізушілер білмейді емес. Бірақ «әуежайға асығып бара жатыр едім, пойыздан кешігіп бара жатыр едім» деген сияқты желеумен «желаяқтар» азаймай тұр.

Мәселен, жылдамдықты сағатына 60 км-дан 80-ге өсірсеңіз, тежеу жолы екі есеге ұзарады. Бұдан бөлек, жүргізушінің әрекет ету қабілеті деген бар. Ол жолдағы кедергіні байқап қалғанда, бір секунд ішінде тежегішті басып үлгере ме? Сарапшылардың зерттеуінше, сағатына 80 км жылдамдықпен келе жатқан көлік әр секундта 22 метр жол жүреді. Егер осы кезде алдынан адам жүгіріп шықса, ол қанша тырысса да, көлігін 36 метрсіз тоқтата алмайды. Өйткені мұндай жылдамдықта тежегіш жолы 36 метрден кем болмайды. Яғни ол адам соқтығысудан қашып құтыла алмайды деген сөз. Ал жылдамдық сағатына 50 км болғанда ғана ол көлігін тоқтатып үлгеруі мүмкін.

Жол апатына алып келетін жайлар – тек қана жылдамдықты арттыру ғана емес, еліміздің көптеген күрежолдарының тар болуы, жол салушылардың сыбайластыққа, жемқорлыққа салынып, сапасыз жол көбейгені

Міне, осыларды ескере келіп, қауіпсіздік полициясы қаланың ең қауіпті көшелерінде көлік жылдамдығын сағатына 40 км-ға дейін төмендетуді ұсынған еді. Бірақ бұл көпшілік тарапынан қолдау таба қойған жоқ. Осыған байланысты қырық жылдық жүргізушілік өтілі бар қоғам белсендісі Ертарғын Нұрболат былай дейді:

«Әрине, жылдамдықты арттыру өте қауіпті. Бірақ миллионнан аса халқы бар, 400 мыңдай көлігі бар (ресми тіркелгені) ірі мегаполисте көлік жылдамдығын сағатына қырық шақырымға түсіру жүргізушілер тарапынан наразылық туғызары сөзсіз. Рас, сағатына 40 км жылдамдықпен жүрсе, жүргізушінің төңіректі шолу, жолдағы кедергіні көру аясы арта түседі. Жасыратыны жоқ, жылдамдықты төмендету тәжірибесі тұңғыш рет АҚШ-та қолданылыпты. Бірақ жол жүруде көшелерде қиындық туындап, апаттық жағдай азаймағандықтан, оны екі жылдан кейін алып тастады. Сөйтсе, мәселе негізінен жүргізушіге байланысты болады екен. Жүргізуші мұқият та қырағы болса, жолда жүру ережесін сауатты меңгерсе, сағатына 60 км жылдамдықпен жүруге болатыны толық дәлелденген».

Жол сапасын жақсарту маңызды

Ресми мәлімет бойынша 2022 жылы Қазақстанда жол-көлік оқиғасының саны 6 пайызға өсіп, 13930-дан 14834-ке жеткен. Жол апатының 75 пайызы ауылдық жерлерде жасалса, барлық тіркелген жол апатының тең жартысы қала сыртындағы күре жолда болған. Әсіресе жаяу жүргіншілерді машина қағып кету оқиғасы көп.

Жол ережелерін бұзуды автоматты тіркеу жүйесі бойынша өткен жылы 5 миллион жүргізуші анықталып, олардан 33 миллиард теңге айыппұл алынған.

Күре жолдардағы жол-көлік оқиғасының негізгі себебі жылдамдықты арттыру болып отыр. Елді мекендер мен тасжолдардың бойына радарлар қойылған. Бірақ жиі қатынайтын жүргізушілер олардың тұрған жерін біліп алып, сол маңға таяғанда жылдамдықты азайтып, шыға бере қайтадан өсіреді. Міне, осы көзбояушылықты тоқтату үшін полицейлер «орта жылдамдығы» дегенді ойлап тауып, ереже бұзатын жүргізушілерді айыппұлмен жазаламақ.

Қалайша анықтайды?

Орта жылдамдығы – бұл жол бойына қойылған екі бейнекамера арасындығы автомобильдің жүру жылдамдығы. Нақтырақ айтқанда, «А» бейнекамерасы мен «Б» бейнекамерасы аралығын 100 шақырым деп алатын болсақ, осы қашықтықты автокөлік жарты сағатта жүріп өтсе, жүргізуші сағатына 200 км жылдамдықпен жүрген деп есептеледі. Баршаға белгілі, автобанда рұқсат етілген жылдамдық – сағатына 140 шақырым. Жол ережесі бұзылғаны көрініп тұр. Жүргізушіге сағатына 40 км жылдамдық арттырғаны үшін 20 АЕК, яғни 69000 теңге айыппұл салынады.

Қазақстандық полицейлер мұны жүргізушілерге көптен бері айтып, «таяуда енгіземіз» деумен жүр еді. Қазір бұл жылдамдықты айқындау тәсілі дендеп қолға алына бастады. Алдағы айларда заңдық база да өмірге келетін сияқты. Өйткені Қазақстанның ұлттық стандарты «орташа жылдамдық» деген түсінікті бекіткені белгілі болды. Енді ол 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап жол ережесі мен Әкімшілік кодекс баптарына енгізілуі мүмкін. Қай жерлерге «ақылды» радарлар қойылатыны (оның өзі тұтас кешенді есептеу қондырғысы болмақ) өткен жылдың қазан айынан бастап айтыла бастады. Негізінен оны қала сыртындағы автобандар мен тасжолдардың бойына орнату жоспарлануда.

Құқық қорғаушы Жанай Рысқалиев­тің ойынша, бір қарағанда мұның бәрі дұрыс сияқты, дегенмен іс жүзінде қалай болмақ?

«Заң жүзінде жол ережесін бұзған адамға нақты уақыты, қай жерде бұзғаны көрсетілуі керек. Бұл – хаттама толтырғанда міндетті түрде орындалуы тиіс қағида. Ал біздің жағдайымызда «200-300 километрдің аралығында шамамен 12:00 мен 13:00-дің шамасында» деп толтырса, ол заңды болмайды. Сондықтан мұның заңдық негіздерін әлі де нақтылай түсу керек. Жол апатына алып келетін жайлар – тек қана жылдамдықты арттыру ғана емес, еліміздің көптеген күрежолдарының тар болуы, жол салушылардың сыбайластыққа, жемқорлыққа салынып, сапасыз жол көбейгені. Қазір тақтайдай қылып асфальт төсеп қойған жол үш-төрт айдан кейін шұрық-тесік болып жатады. Міне, осы мәселелерді ең бірінші кезекте жолға қою керек. Сонда ғана бір нәтиже шығуы мүмкін».

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button