Сұхбат

Орынбасар ЫНТЫҚБАЕВА, Астана қаласы теміржол вокзалы бастығының орынбасары: ТЕМІРЖОЛ БИЛЕТТЕРІН ТЕРМИНАЛ ДА БЕРЕДІ

Орынбасар Шамбайқызы, поездардың қозғалыс кестесі туралы қайдан білуге болады?

– Астана вокзалын­да анықтама-ақпараттық қызметі жұмыс істейді. Сіз «105» нөміріне хабарласып, жолаушылар поездарының қозғалыс кестесі туралы, олардың жүру бағыты жөнінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы және Тәуелсіз мемлекеттер достастығы аумағы бойын­ша поездағы орындардың болуы және жол жүру құны туралы ақпарат ала аласыз. Бұл туралы біздің вокзалдың ішінде әр екі сағат сайын диктор қыздар да хабарлап отырады.

Сонымен бірге Сіздер поездарға орындардың бо­луы, келу уақыты мен кешігіп келуі туралы ақпараттарды және басқа да әртүрлі анықтамаларды Астана теміржол вокзалындағы «Ұжымдық пайдалану таблосы» арқылы алуларыңызға болады.

Ұжымдық пайдалану таблосы вокзалдың касса­лар және күту залдарында орнатылған.

– Кейде кішкентай ба­лаларымызбен бірге жол жүруге тура келеді. Ондай­да әрине балалардың маза­сы кетіп, тынышсыздана­тыны белгілі ғой. Астана вокзалында осындай бала­лы аналарға арналған зал бар ма?

– Балалармен жүретін жолаушыларға арналған зал ескі вокзалдың бірінші қабатында орналасқан. Ал, 10 жасқа дейінгі балалар­мен жүретін жолаушылар күту залына өтіп, өздеріне керекті уақытқа дейін поезды күтулеріне болады.

– Мен жұмыс бабымен Қазақстанның қалаларына іссапарға жиі шығып тұрамын. Сон­да байқағаным, қазір теміржол билеттерін вокзалға бармайақ, орталықтарда орналасқан терминалдар арқылы да сатып алуға болады. Тер­миналдар арқылы тағы қандай ақпарат алуға бо­лады?

– Иә, қазіргі кезде жолаушылар вокзалдың билет зал­дарында өзіне-өзі қызмет көрсететін транзакциялық терминалдардан, сондай-ақ күту залдарында орналасқан өзіне-өзі қызмет көрсететін төлем терминалдары арқылы қолма-қол ақшаға теміржол билеттерін сатып ала аласыз­дар. Теміржол билеттерін Астана мен Алматыдан басқа Қарағанды және Ақтөбе қалаларының вокзалдарында орналасқан осындай арнайы терминалдар арқылы сатып алуға болады.

Терминалдардың көмегімен кесте, билеттердің бар-жоғы туралы анықтамалық ақпаратты тегін алуларыңызға, по­езд таңдауларыңызға және қолма-қол қаражат төлей отырып, билет са­тып алу мүмкіндіктері де қарастырылған болады.

Терминал токен береді, оның көмегімен билет бланкісін өзіне-өзі қызмет көрсететін транзакциялық терминалдар арқылы неме­се билет кассасында басып шығаруға болады. Мұндай терминалдар республикамыз бойынша бірнеше ірі сауда, ойын-сауық орталықтарында және басқа да қоғамдық орындарда орналасқан.

– Астанаға бірінші рет ат басын бұрғалы отырмыз. Алматы облы­сынан хабарласып тұрмын. Атым – Ақерке. Айтыңызшы, қалаға алғаш келген адамның көп қиындықтарға тап болуы мүмкін ғой. Онда мені құшақ жайып қарсы алар туысым не танысым да жоқ. Поез­дан түскен соң, қонақ үйге барып тоқтасам ба деймін ғой. Такси қызметі қалай болады екен?

– Бұл мәселенің бәрін бізде оңтайлы шешу жағы қарастырылған. Астанаға шы­нымен де күн сайын қаншама адам ағылып келіп-кетіп жа­тады. Әсіресе, жаз мезгілінде біздің қалаға келушілер тым көп. Олардың саны осы кез­дерде әдеттегіден 2-3 есеге дейін көбейіп кетеді. Осы жылдың шілде-тамыз айлары аралығында орташа есеппен алғанда бір сөткеде 7 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсетіппіз.

Біздің вокзал ғимаратында сіз секілді жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, вокзал алаңында арнайы орында орналасқан ресми такси қызметін қолдануларыңызға әбден бо­лады.

Астаналық теміржол вокзалының сыйымдылығы 1800 жолаушыға есептел­ген. Пойыздардан түскен және пойыздарға отыра­тын жолаушыларға арнайы жабдықталған екі отырғызу платформасы қызмет көрсетеді. Жолаушыларға қолайлы жағдай туғызып, оларға сервистік қызмет көрсету мақсатында вок­залда эскалаторлар және мүгедектер үшін лифтілер орнатылған.

Вокзал кешенінде төрт күту залы, бір қонақ үй, үш жүк сақтайтын орын жай, екі сервистік орталық, он банко­мат, валюта айырбастайтын пункт, дәріхана, намазхана, тағы басқа да көптеген орын­дар жолаушыларға қызмет көрсетіп тұр. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті сақтайтын полиция қызметкерлері мен көші-қон полициясы, әскери комендатура, санитарлық эпидемиологиялық станса күндіз-түні жұмыс істеуде.

– Менің екінші топтағы мүгедек ағам бар. Ол бұрын-соңды басқа елге поезбен қатынап көрмепті. Алма­ты облысындағы туыста­рымыз үнемі шақырады. Соған бір барып келсек пе деп едік. Біздің по­ездарда мүгедектерге қандай да бір жеңілдіктер бар ма?

– Тұрғындардың мүмкіндігі шектеулі тобына арналған сервистік қызмет көрсету деңгейін арттыру мақсатында Астана вокза­лында мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға қызмет көрсету бойынша № 3 билет кассасы және вокзалдың ескі ғимаратында орналасқан демалу бөлмесі ашылды. Мүмкіндігі шектеулі жо­лаушыларды автокөліктен жолаушылар вагонына не­месе қаламаңылық поездарға жеткізу үшін вокзалдың жаңа ғимаратында орналасқан Астана вокзалының кезекші көмекшісінің кабинетінде мүгедектерге арналған арба бар.

Тұрғындардың мүмкіндігі шектеулі тобына қызмет көрсету мәселесі бойын­ша барлық сұрақтарды вок­зал бастығының кезекші көмекшісінен, вокзал бой­ынша және анықтама беру бойынша кезекшілерден сұрауларыңызға немесе төмендегі телефондарға қоңырау соғуларыңызға болады. Астана вокза­лы бастығының кезекші көмекшісіне 94-34-93 телефоны арқылы неме­се анықтама бюросына 105 нөмірін теру арқылы хабарласуларыңызға болады.

– Атым – Айнұр. Аста­на арқылы өзге қалаларға қатынайтын фирмалық поездар көбейіп келеді. Со­лар туралы толығырақ білгім келеді.

– Айнұр, 2012 жылғы 1 шілдеден бастап «Жо­лаушылар тасымалы» Акционерлік Қоғамы «Қазақстан теміржолы «Ұлттық Компаниясы» Акционерлік Қоғамы құрастырған, «Алматы-Петропавл» қатынасындағы №151/152 жаңа жүрдек пойыздар халыққа қызмет көрсетіп келеді. Бұл пойыз­дар да «Тальго» жайлылығы жоғары вагондарынан құралған. Пойыздардың жолда жүруінің жалпы уақыты 18 сағат 45 минутты құрайды. Билеттерді теміржол касса­лары және Интернет, www.railways.kz , www.temirzholy.kz, www.pcentre.kz веб-сайттары сонымен қатар, өз-өзіне қызмет көрсететін терминалдар арқылы сатып алуға болады.

Сіздердің қолайлылықтарыңыз үшін 2-інші және 3-інші жолдардың арасындағы перронда орналасқан қаламаңылық кассала­ры қосымша жұмыс істейді.

Толығырақ айтар бол­сам, жолаушы пойыздарын жөнелту және қабылдау Астана стансасы бас паркінің үш жолы арқылы төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады. Жалпы, республикамыздың бас қаласы Астана арқылы бүгінгі таңда 31 пар жолаушылардың және 20 қала маңына жүретін пойыздар қатынайды.

Астаналық теміржол вок­залы еліміздің барлық об­лыстары орталықтарына, сондай-ақ ТМД елдерінің Мәскеу, Минск, Киев, Брест, Санкт-Петербург, Свердловск, Бішкек, Ташкент, Омбы және халықаралық бағыттар бой­ынша қатынайтын Үрімші қаласымен де тығыз байла­ныста жұмыс істейді.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button