Қала тіршілігі

Орындалды ата-баба­ арманы

Кенжеболат Жолдыбай, саясаттанаушы

Мемлекет ұғымының өзі ең алды­мен­ астанамен астасып жатады. Қай­ елді атасаңыз да, ә дегеннен сана­­ңыз­ға ол елдің астанасының аты түсе­тіні сон­дық­тан. Біздің қазақтың арғы-бергі тарихында Ордабалық, Суяб, Тараз, Баласағұн, Сығанақ, Жент, Сарайшық, Түркістан сияқты қала­лар­да ордалы жұрттың туы тігілген. Астананың дәл іргесінен табылған Бозоқ қаласы да үлкен орталықтың бірі болғанын ғалымдар дәлелдеді де.­ Ертедегі ер бабамыз Едігеден бас­тап, айбынды Абылайға дейінгі хан­да­ры­мыздың бәрі осы Есіл бойында орда тіккендері тіпті де тегін болмаса керек.

Бүгінгі жағдайда келсек, біз еліміз­дің астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыс­тыр­дық, елорданы Алатау бауы­ры­нан Арқа төсіне көшірдік деп айта салу аздық етеді. Бұл біз үшін өте дер кезінде, өз тағдырымызды бел­гі­лейтін сын сағатта істелген сәт­ті қадам бол­ды. Шын­ мә­нінде, біз еліміздің жаңа астанасын салуға кіріс­тік. Сол арқылы іс жүзін­де жаңа мемлекет құруға кірістік. Халқымыз жаңа да жас мемлекетінің астанасын­ өзінің қалаған жеріне, өзінің қалауы бойынша орнатты. Ең бастысы, өзінің кіндік қаласының құрылысына білек сыбанып, бар күш-қайратын, ынта-жігерін салды. Әр көшеге, әр үйге жүрек мейірін, перзенттік сүйіспеншілігін, жан жылуын жұмсады. Астана осылайша халқымыздың аялы алақаны, ыстық мейірімімен тұрғызылды.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Аста­на­ның­ тарихы біздің Тәуел­сіз­ді­гіміздің тари­хынан ажырағысыз екендігін тұрақ­ты түрде тілге тиек ететіні бекер емес. Расын айтсақ, жаңа елордаға ие болу біз үшін ақиқат ашар сәтке, жаһан­­дық­ тарих­тың толқынында қазақ­­стан­­дық­­ жолдың басталғанын байқатып тұра­тын­ маңызды мәреге айналды.

Иә, астана таңдауды қай кезде болса да мемлекеттің асқақ мүд­де­ле­рі айқын­даған. Бізде де астананы көшіру ұлттың стратегиялық мүд­де­ле­рінен туын­дады, онда геосаяси да, әлеуметтік-эко­номикалық та рухани­тарихи астарлар болды. Алайда көші­ру­дің мер­зі­мі мен жағдайын есеп­тей келгенде, Астана феномені бүгінгі әлемде өзіне ұқсас белгі табу қиынға түсетін бірегей тарихи уақиға болып табылады.

Бұл идеяны жүзеге асыру үшін ау­қым­­ды жұмыс атқаруға тура келді. Елдің бас қаласы 32 өлшем бойынша таң­дал­ды. Таңдауды қазіргі Аста­наға түсі­ре­тін­дей түйінді дәлел­дер көп болып шықты. Астананы ауыс­тыру Қазақ­­стан­ның гео­саяси айқын­дамасын күшейте түсуге тиіс еді. Астана ел орта­сында орна­лас­қан­дықтан жақын маңайға да, әлем­нің әр қиырына да бірдей ашық, сонысы арқылы біз­дің сыртқы сая­са­ты­мыздың бейбіт­сүй­гіштік сипатын танытып тұрады. Астананы тоғыз жолдың торабында тұрған қалаға ауыстыру Қазақстан экономикасын­ сауықтыру қажеттігінен, бүкіл эко­но­ми­каның өсуі үшін керек­ті­ муль­ти­пликативті тиімділікті қам­­та­­ма­сыз­ етуге ұмтылудан да туындаған еді. Елорданы құрамы жағынан көпұлтты өңірге көшіре отырып, біз тұрақты полиэтностық мемлекет құруға және ұлтаралық келісімге басымдық беруге бағыт ұстағанымызды таныттық. Сайып келгенде, жаңа астана көшпелі ордадан бүгінгі заманғы республикаға дейінгі дамудың көп ғасырлық жолын жүріп өткен қазақ ұлтын өзін-өзі танып-білудің аса маңызды белесіне шығарды. Қазақ этносы қалыптасқан Дешті Қыпшақтың ежелгі жерінің қақ жүрегінде орналасқан ел астанасы бүгінде номадтардың сан ғасырлық тарихи көшінің діттеген жеріне келіп тоқтауы, ұлттың кеңістік-тарихи ұйыт­қы­сының орнықты өлшемдерін анықтау сынды әсер етеді. Астана біздің ұлттық санамызды нағыз егемендік дең­гейі­не жеткізіп, қазақ этносын ұйыс­тыр­ған идеялық сим­вол­ға айналды.

Әрине, тарих үшін он бес жыл деге­ні­ңіз уақыттың қысқа ғана кезеңі. Дей тұрғанмен, Астанада бұл кезең бүкіл Қазақстанның және оның көпұлтты халқының өмірін түбегейлі өзгеріске түсірген терең үдерістерге толы бол­­ды.­ Бүгінде әлемдік қауымдастық үшін Қазақстан мен Астана атаулары­ егіз ұғымға айналып кетті. Бұл ұғым қарыш­тап даму мен өрісті өркен­деу­дің өнегелі үлгісі ретінде орнықты. Біз, қазақстандықтар, Астананы асқақтату арқылы дүние жүзіне өзіміз­ді келешегі кемел, әлеуеті мол мем­ле­кет еке­ні­мізді таныттық. Осы жылдар ішін­де Астана әлемдегі ең жас та та­ны­­мал ас­та­налардың бірі ретінде нақты елор­далық ауқымға ие болып қана қоймай, бүгінгі күні мейлінше үздік дамып келе жатқан әлемдегі 30 мемлекеттер астаналарының орта­­сы­нан ойып тұрып орын алып отыр­­ған­­ ас­та­на­ның­ біріне айналды. Ал, 1999 жылы ЮНЕСКО Астананы «Бейбітшілік қаласы» деп жариялады. 2008 жылдың сәуірінде Мәскеуде өткен «ТМД-ның таңдаулы қаласы» атты байқау-конкурста Астана 16 жүлденің 9-ын алды! Сөйтіп, елор­да­мыз­дың аты халық­ара­лық сөздік қорына тез-ақ енді, әлем картасында өзіне-өзі сенім­ді мемлекет пайда болғанын аңғар­та­тын­ маңызды мағы­наны ала келді. Сондай-ақ, біз­дің елорда өңірлік және жаһан­дық қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосуы тиіс көптеген форумдарды өткізудің орнына айналды. Астана қазір­дің өзінде жай ғана елорда емес, ол енді еуразиялық интеграцияның орталығы ретінде көрініп отыр. Нақ осы Астана өңірлік даму бойынша жаңа идеялардың, көзқарастардың, нақты бағдарламалардың генераторы болуда. Бұл қала жалпы әлемдік кон­фес­­сия­­аралық үнқатысудың астанасына айналды. 2003, 2006, 2009 және 2012 жылдары мұнда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларымыз төрт съезі өтті. 2010 жылы Астанада соңғы он жыл бойы өткізілмей келген Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мы­ның саммиті өткізілсе, 2011 жылы Астана VІІ қысқы Азия ойындарын және Ислам конференциясы ұйымына қатысушыларды қабыл­дады.

Жалпы алғанда, бүгінде Астана өмір сүріп, жұмыс істеуге барған сайын­ қолайлы, ыңғайлы болып бара жатқан мегаполиске айналды. Аста­нада Лев Гумилев атындағы жаңа Еуразия уни­вер­ситеті ашылып, өңір­дегі күшті оқу орындарының қата­рына қосылды. Ұлттық білім беру жүйесінің барлық артық­шылық­та­ры мен үздік әлемдік білім беру тәжі­рибесін үйлесімді қам­ти­тын, Қазақ­стан­ның ұлттық брэндіне айналып үлгерген ерекше үлгідегі оқу ордасы – Назарбаев университеті ашылды. Таяуда ғана дүниежүзінің ең үздік бес театры қатарына енетін «Астана-Опера» театры іске кірісті.

Астаналық медициналық клас­тер­ жайы да көңіл толарлықтай. Ол­ ең­ осы заманғы алты медицина инсти­ту­тынан құралған. Қазір мұн­да Ана мен бала орталығы, Бала­лар­дың­ сауықтыру орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, бүгінде Диаг­нос­ти­калық орталық, Нейрохирургия­ орталығы, Жедел медициналық жәр­дем­нің ғылыми-зерттеу орталығы іске қосылды. Осы орталықтардың негізінде біртұтас холдинг ретінде бас­­қа­­ры­латын бірегей «Денсаулық қала­шығы» құрылды. Ең осы заман­ғы озық медициналық құрал-жаб­дық­пен қамтамасыз етілген мұндай кешен көп­теген Еуропа елінде де жоқ. Қазірдің өзінде мұнда ауыр нау­қас­тар­ды емдеуге, бұрын тек шетелде ғана жасалатын аса күрделі операция­лар­ды атқаруға болады.
Астана экологиялық мәселелерді шешуде осы заманғы көзқарастың үлгі­сіне айналуда. Елбасының тікелей өзі бастамашы болған Астананың айна­­ла­­сынан «жасыл белдеу» жасау жобасы қарқынды жүзеге асырылуда. Осы жылдар ішінде Астананың маңайын­да қалың орман пайда болды. Ендігі мақсат – Астанадан Бурабайға дейінгі аумақ­ты жасанды орманмен тұтастыру.
Ең бастысы, Астана ұлттық табыс­тың жарқын өнегесіне айналды, ол қазақ­­стан­­дық­тарға қанат бітіріп, біз­ге күр­делі өтпелі кезең арқылы жүріп өтуге көмектесті. Астана біздің кез келген міндетті іс жүзінде шеше алаты­ны­мызды, қол жетпестей мақсат­тар­ға жете алатынымызды көрсетіп берді.

«Біреуге қарап пікір ет, біреуге қарап шүкір ет» дейді халқымыз. Пікір етсек те, шүкір етсек те орынды. Ірілі-ұсақты кемшіліктерден біз де құр алақан емеспіз. Бірақ, бүкіл дүние ойсырап жатқан тұста, бізде бәрі құдайға шүкір. Елбасының сөзімен айт­сақ, «Ата-бабаларымыздың ғасыр­лар­ бойғы арманын орындадық. Сол үшін біз зор бақыттымыз».

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button