Басты ақпаратМәдениет

Орыс театры «Әлиямен» оралды

М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының жаңа 123-маусымы Қанат Жүнісов пен Игорь Сединнің «Әлия» драмасының премьерасымен ашылды. Спектакль Республика күніне арналып, бас кейіпкері, қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молда­ғұлованың дәл туған күні күрделі жөндеуден өткен, жаңарған, заманауи техникамен жабдықталған ғимаратта көрермендерге жол тартты.

Бұл театр 6 жылдан кейін өз сахнасына оралды. Ғимаратты күрделі жөндеу осынша уақытқа созылды. Спектакльдің алдын ала көрсетіліміне Мәдениет және спорт министрі Аида Балаева, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов қатысты.

Қойылым, негізінен, Әлия Молдағұлованың соғысқа алынып, мергендерді даярлау мектебіндегі кезеңінен сыр шертеді. Онда халықтар достығы, түрлі ұлт қыздарының бауырмалдығы, Әлияның сабақты бірден қағып алатын зеректігі, қажыр-қайраты жақсы көрсетілген. Әлия бейнесін жас актриса Айжұлдыз Халикова сәтті алып шықты.

Спектакльге «Бір бала», «Әдемі қыз» секілді халық әндері, Әлия билейтін «Қамажай» сынды ұлттық биіміз әдемі кіріктірілген. Аяғына композитор Сейдолла Бәйтерековтің, ақын Бәкір Тәжібаевтың өлеңіне жазылған «Әлия» әнін де қосуға болар еді деп есептейміз.

Жалпы М.Горький атындағы Мемлекеттік академия­лық орыс драма театрының жаңарған ғимаратта жаңа тынысы ашылғандай. Өткен аптада аталмыш өнер ошағында премьералар апталығы өтті. Көрермендерге классика – Антон Чеховтің «Шие бағы» комедиясы (қоюшы режиссері – Рача Махатаев), Т.Летстің «Тамыз: Осейдж графтігі» шығармасы желісімен қойылған «Жаз соңы» трагикомедиясы (режиссері – А.Троянова), Э.Ростанның «Сирано де Бержерак» романтикалық драмасы (режиссері – С.Федотов) ұсынылды.

Бұл спектакльдер аталмыш өнер ошағы Астана қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырған «Жаңа театр» халықаралық театр форумының бағдарламасына кірді. Театралдар жиыны аясында сахналық сөйлеуден (педагог Дмитрий Кошмин, Санкт-Петербург қаласы, Ресей), семсерлесуден (Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сергей Матвеев, Астана қаласы), режиссура және актерлік шеберліктен (Рача Махатаев, Астана қаласы) шеберлік сабағы ұйымдастырылды.

Форумға театр сыншылары, өнертану кандидаты Сәния Қабдиева (Алматы қаласы) және Антон Алексеев (Санкт-Петербург қаласы, Ресей) қатысты. Олар «Қазақстан театрларындағы заманауи үрдістер» тақырыбында дәріс оқып, М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының премьералық спектакльдерін талқылады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button