Басты ақпарат

Осман билеушісі қазаққа ара түсті ме?

немесе Шәймерден Қосшығұлдың Ыстанбұл сапарының сыры

Жуырда біздің институтымыздың жас ғалымы, Еуразия ұлттық университетінің ізденуші-докторанты Самат Жұматайұлы Түркия Республикасынан ­ғылыми-­тәжіри­белік іс-сапардан келді. Институт тапсырмасы бойынша «Шәймерден Қосшығұл: өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі» атты тақырыбы бойынша Түркияның Ыстанбұл қаласына ғылыми-тәжірибелік сапарға барып келді. Аталған тарихи тұлғаның өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі мәселесін зерттеу еліміз тәуелсіздік алған жылдардан кейін ғана басталды. Бүгінгі күнге дейін бұл тұлға жайында толыққанды ғылыми еңбектер жоқтың қасы…

[smartslider3 slider=3748]

АЛАШ АРДАҚТЫСЫ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ

Көрнекті Алаш қайраткері, діндар Шаймерден Қосшығұлұлы 1874 жылы Ақмола облысы Көкшетау уезі Қотыркөл болысында дүниеге келген. Ол ауыл молдасынан діни сауатын ашып, Дума мүшелерінің тізімінде ауқатты, бай адам деп көрсетілген. Халық арасында үлкен беделге ие болған. 1906-1907 жылдары Ресей Мемлекеттік Думасына қатарынан екі рет депутат болған тұлға. ХХ ғасыр басында тарихи Мұсылман діні (мұнда тек дін мәселесі емес, ұлт және тіл, білім мәселесі қарастырылған) съездері мен конференцияларына делегат ретінде қатысқан. Көкшетаудағы атақты Науан Хазіретпен бірге мешіт-медресе ашып, Ресейдің жергілікті халыққа көрсеткен қыспағына қарсы шыққан. Ақын Абай Құнанбайұлына арнайы хат жазып, өзекті мәселені бірлесе талқылауды ұсынған. Осы іс-әрекеті үшін түрмеге жабылып, итжеккенге, Сібірге, Саха еліне жер аударады. Науан Хазірет екеуінің жазықсыз қудалануын Әлихан Бөкейхан бастаған қайраткерлер Петерборда көтеріп, көп кешікпей жаза өзгертіледі.

1907 жылы Шәймерден Қосшығұл Алаш ­­көсемі Ә. ­Бөкейханның ­тікелей тапсырмасымен Түркияға арнайы барып, үкімет, парламент басшыларымен кездеседі, баспасөз беттерінде қаймана халқының мұң-мұқтажын айтып, ойын ашық түрде жеткізеді. Міне, осы тұста ол Ыстанбұлдың беделді газеттерінің бірінде қазақ елінің ауыр жағдайы туралы мақала жариялаған. Мақсат – қазақ халқының қарапайым құқының тапталғанына, Ресей патшасының шоқындыру және қоныстандыру саясатының асқынғанына қарсы әлем назарын аудару болатын.

1907 жылы Шәймерден Қосшығұл Алаш көсемі Ә. Бөкейханның тікелей тапсырмасымен Түркия­ға арнайы барып, үкімет, парламент басшыларымен кездеседі, баспасөз беттерінде қаймана халқының мұң-мұқтажын айтып, ойын ашық түрде жеткізеді. Міне, осы тұста ол Ыстанбұлдың беделді газеттерінің бірінде қазақ елінің ауыр жағдайы туралы мақала жария­лаған. Мақсат – қазақ халқының қарапа­йым құқының тапталғанына, Ресей патшасының шоқындыру және қоныстандыру саясатының асқынғанына қарсы әлем назарын аудару болатын.

 

Біздің ойымызша, осы тарих «ақтаңдақтарын» Түркиядағы ынталы ғалымдар бірлесе зерттеуі қажет болған. Осы ақтаңдақты зерттеуші жас ғалым Самат Жұматайұлына қол ұшын беріп, қолдау танытқан Түркиядағы Едитепе университетінің профессоры, белгілі ғалым, профессор Ахмет Ташағыл, Халықаралық IRCICA – Ислам тарихы, өнер және мәдениетті зерттеу орталығының бөлім басшысы т.ғ.д., профессор Әшірбек Муминов, Түркия Республикасының Осман архивінің әкімшілігіне алғысымыз шексіз.

ДУМА ДЕПУТАТЫ ОСМАН ИМПЕРИЯСЫНДА…

Ағартушы-ұстаз Шәймерден Қосшығұлұлы І және ІІ Мемлекеттік Думаға екі рет сайланды. 1907 жылдың ақпанынан өз жұмысын бастаған ІІ Думаға Ақмола облысынан Ш. Қосшығұл сайланды.

ХХ ғасырдың басында Ресей империясы қазақтарды, Орта Азиядағы бүкіл халықты шоқындыру саясатын жүргізді. Сол саясатты жүргізу барысында көп қиыншылықтардың туындауы себебін Әлихан Бөкейхан бастаған ұлттың алдында жүрген тұлғалар ақылдаса келе, Осман империясына хат жазуды ұйғарады, оны жеткізу Шәймерден Қосшығұлға тапсырылды.

1907 жылы Қырым, Мәрмар теңізі арқылы Шәймерден Қосшығұл империядан шыға алмайтын болған екен, себебі Мемлекеттік думаның депутаты болған соң, 1902 жылы сотталған себебімен шекарадан шығуына тыйым салынған, ол Тілеулес Шабанбайұлы атты есіммен келіп, ал өзінің төлқұжатын табанының астына тығып, Ыстанбұлдағы «Қырым өнеге» қонақ үйіне тоқтаған екен.

Сол заманда Осман империясының сұлтаны, соңғы билеушісі және 99-шы Халифа 1876-1909 жылдары билік еткен Сұлтан Абд ал-Хамид еді. Ол қазіргі, Ыстанбұл қаласындағы Минар Синан университетінің ректораты орналасқан ғимаратта ­отырған болатын. Ол  – жеке дара билік орнатып және империяның аумақтық ­тұтастығын сақтауға тырысқан адам. Оның мақсаты – ислам әлемі халифатының беделін сақтау болды. Шәймерденнің сол халифпен кездесуге жолы болмай, бірақ уәзірлерге шығып, ешбір әрекет болмайды. Мәжіліс басшысы Ахмет Риза, Жөн түркілер басшысы Доктор Назарбай, Садр-и-азам Камал Шамун Ислам кездесті. Ең соңында бұл көтерілген мәселе «Икдам» және «Сербасти» газетінің беттерінде жарияланып, өзекті мәселелердің біріне айналды. Мақала «Ахвал-и-Казакистан мамлакат-и-Русия» («Қазақ бауырларымызға Ресей мемлекетінің қысым көрсеткені туралы хабарын жеткізіп келген сенімді өкілі») деп аталады, есімі «Қазақ» деп жазылған.

Қазақ зиялылары Шәймерден Қосшығұл арқылы жіберуге табысталған сұлтанмен кездесу 1909 жылы ұйымдастырылды. Бұл кездесуде маңызды екі мәселе көтерілді. Біріншісі, жер мәселесі – құнарлы жерлерді тартып алып, су жоқ, ағаш жоқ, шөлді далаға қоныстандыру болса, екіншісі, дін мәселесі – мешіт-медреселерді жауып, құрандарды жыртып, жаппай шоқындыру саясатын жүргізіп, шіркеулер ашылып, қырық мыңға жуық қазақ балаларын шоқындырып жіберген еді. Сол мәселеге байланысты әлем назарын қазақ жеріне аудару болды.

Қазақ халқының көрнекті тұлғасының Түркия еліне барып, отаршыл Ресейдің шоқындыру саясатына қарсы тұрып, халқының қайғысын жеткізуін аса мақтанышпен айта аламыз. Кейбір деректер бойынша Осман елінің патшасы Ресей империясының патшасы II Николайға ашық наразылық білдіріп, хат жолдаған: «егер менің қазақ бауырларыма шоқындыру саясатын жүргізе берсеңіз, мен сіздің бұл жақтағы христиан бауырларыңызды мұсылмандыққа көшіремін…»

Бұл бағытта ғалым Самат Жұматайұлы баурымыз өзінің зерттеулерін жалғастырады деп ойлаймыз…

ҚЫЗЫЛ ИМПЕРИЯ ҚҰРБАНЫ

1931 жылы сотталып, 1932 жылы балалары абақтыға барып, жатқан мәйіттердің арасынан алып шығып, Омбы жақтағы ­ағайын-туыстарының қолында қайтыс болған. Халқының адал перзенті болған Шәймерден Қосшығұлы қуғын-сүргінге ұшырап, айдауда жүріп, аштықта қасіретті күндерді бастан өткеріп, елім деп еңіреп өмірден өтті.

Алашшыл азамат 1932 жылы Омбы облысы Есілкөл ауданындағы Ақсары аулының зиратында жерленген. Біз Омбы мемлекеттік университетінде оқып жүргенде осы ауданға талай барып жүрдік. Сонда жергілікті ақсақалдар бізге: «Ақсары аулының зиратында есімі бүкіл әлемге белгілі Шәймерден аталарың жатыр» деуші еді…

2011 жылдың 22-қазанында ұрпақтары және зерттеуші ғалымдар ердің басына құлпытас қойып, ерен тұлғаның рухына арналған аста алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, ақын Дәулеткерей Кәпұлы және басқа да ел азаматтары қатысқан еді…

Шүкір, соңғы жылдары Түркия елінің көрікті орындарында қазақтың көрнекті тұлғалары Абай, Жамбыл сынды заңғар тұлғаларға біршама ескерткіштер орнатылды. Ендігі кезек Түркия мен Қазақстан арасындағы тарихи сабақтастықтың бірден бір көрінісі болып табылатын нар тұлға Шәймерден Қосшығұлына келіп отыр деп ойлаймыз. Бұған тарихи дәлелдер мен ­дәйектер жеткілікті. Ең үлкен дерек – дін қайраткері, ақын Сәдуақас Ғылманидың еңбегі. Бір қуанышты жағдай, осы тұлғаның мұрасын Ыстанбұлдағы Халықаралық «IRCICA» мекемесі түрік, ағылшын тілдерінде кітап етіп жариялады.

2022 жылы Қазақстан мен Түркия арасындағы жаңа сападағы дипломатиялық ынтымақтастыққа 30 жыл толды. Осыған ­байланысты, Ыстанбұл қаласында Шәймерден Қосшығұлдың сапарын дәлелдейтін, екі елдің ынтымақтастығын айшықтайтын көше атаулары, ескерткіштер бой көтеріп жатса, бұл қадамдар мерейтой жылында жүзеге асырылған игі істер деп білеміз.

Шәймерден Қосшығұл атамыздың Омбы облысында жатқан орны қазақ қастерлейтін қасиетті жер болып табылатын күн де алыс емес шығар…

Қазақ мемлекетінің талай қалаларында марқұмның атымен көшелер де аталар деген сенімдеміз.

Алдағы уақытта да жыл сайын озат жас ғылыми кадрларға Шәймерден Қосшығұлұлы атындағы стипендия тағайындау, шәймердентану саласын қалыптастырып, дамыту, көрнекті тұлғаның өмір тарихы мен ғылыми мұрасы аясында магистрлер мен докторанттарға зерттеу тақырыптарын бекіту мәселелері басты назарға алынып жатса, онда аталмыш қайраткердің рухының шаттанғаны, Қазақ тарихы ғылымының асқақтағаны деп түсінер едік.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының директоры

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button