ЖаңалықтарҚала тіршілігі

Осы жазда орындайтын он нәрсе

Әне-міне дегенше жаз да бітуге жақын. Жайма-шуақ ауа райымен тек тамызда ғана табысқан астаналықтар үшін мұны сезіну тым қиын екені рас. Қанша кісінің көкейінде «Осыны істеу керек еді, әттең…» деген армандар қалып барады. Сол ойлардың мерзімі өтіп кетпей тұрғанда, тезірек іске асыруға тырысайық, ендеше. Өзіміздің тарапымыздан да төмендегідей он идея ұсынамыз.

Жан-Астана

«Биыл мүлдем шомылмадым» деп мұңаюға әлі ерте. Өйткені, Орталық саябақтың ішіндегі ашық бассейн жабылған жоқ. «Оазис» деп аталатын жағажай клубы бүгінде елордалықтар мен қала қонақтары арасында едәуір танылып үлгерді. Ендігі уақытта шаһардан алыс ұзамай-ақ, аспан астында қалағаныңызша жүзе беруіңізге болады. Теріңізді де күнге сүйдіресіз, өзіңіз де шат-шадыман көңіл-күйден құралақан қалмайсыз.
Лондонның екі қабатты қып-қызыл автобустары Астанада жүр дегенге сенер ме едіңіз? Айтып отырғанымыз – еш қоспасыз шындық. Ол автобустар сізге қаладағы ең әдемі жерлерді аралатып, бұрын-соңды естімеген небір қызықты деректермен таныстырады. Әсіресе, бұл көлік басқа өңірден қыдырып туыс­тарыңыз келгенде, сізге қолқанат болуға жарап тұр.
Нью-Йоркте түсірілген заманауи фильмдерді көріп, Орталық саябақтарда болатын бұқаралық жаттығуларға еріксіз тәнті боласың. Мұндай мүм­кіндіктің бізде де бар екенін білесіз бе? Егер сіз де салауатты өмір салтын ұстанатын болсаңыз, әр демалыс сайын Астаналық паркте ұйымдастырылатын шараға қатысыңыз. Аэробика, фитнес, йога және зумба сіздің таңыңызды тамаша етеді.
Орталық парктен алыстамай тұрып, ондағы аттракциондарға да мініп көруге кеңес береміз. Көктен жерге құл­дилағыңыз келе ме, төбеңізбен төң­керілгіңіз келе ме, өз қалауыңыз! Бірін таңдаңыз да, бар даусыңызбен айқайлай беріңіз. Сізге ешкім «қой!» демейді. Ауыр аптада жиналып қалған стрестің элементтерінен құтылуға таптырмас шешім!
Адреналинді сезінудің тағы бір тә­сілімен бөлісейік. Рафтингпен, картингпен, пейнтболмен айналысыңыз. Парашюттен секіріңіз. Квадроцикл­мен серуендеңіз. Джампингтің дәмін татыңыз. Мұндай экстремалды спорт түрлерінің нүктелерін елордадан еш қиналмай табасыз.
Міндетті түрде істеуіңіз керек «must have» әрекеттердің бірі – таңды қарсы алу. Күннің шығуы – табиғаттың бізге сыйлаған ғажап құбылысы. Сонау кездері сыныптастарыңызбен бірге таңды қарсы алғаныңыз есіңізде ме? Оны қайталауға не кедергі? Бар болғаны, Есілдің жағалауына барыңыз да, көзіңізді тіл жеткісіз көркем көріністе даярлаңыз.
Есіл демекші, өзен бойымен экскурсия жасайтын кемелерге отырмау өте бір өкінішті нәрсе болар еді. Дереу осы «олқылықты» түзеуге талпыныңыз. Елорданы су бетінен тамашалаудың қандай екеніне өзіңіз көз жеткізесіз. Ол жерден, тіпті, көпірдің өзі айрықша сән-салтанатты болып көрінеді. Саяхаттың сізге сөзсіз ұнайтынына сенеміз.
Астананың Қазақстандағы өзге қала­лардан айырмашылығы, мұнда шетелдіктер көп. Іскерлік орталыққа айналған бас қала үшін бұл жайт тіптен түсінікті. Жолай басқа мемлекеттен келген меймандарды ұшырастырып қалсаңыз, көмектесуге, сұраған мекенжайын тауып беруге, жылы ілтипат білдіруге әзір болыңыз. Сізбен арадағы диалогтан кейін оның ойында біздің елге деген жаманды-жақсылы пікір қалыптасатынын ұмытпаңыз. Әрі-беріден соң, өзіңізге де тілдік тәжірибе!
Кейде қаланың қым-қуыт тірлігінен босап, қазақы тұрмыстың иісін жан-дүниеңмен сезінгің келеді. Ондай шақ­та шаһар шетіндегі ипподромға баруыңызға болады. Мұнда күнделікті уайым-мұңнан арылып, сергіп, «Көшпен­ділер» немесе «Жаужүрек мың бала» фильмінде жүргендей әсерге бөленесіз. Атпен шауып көрмеген болсаңыз, қысылмаңыз. Сізге сондағы арнайы мамандар жәрдемдеседі.
Америкаға, Ұлыбританияға, Австра­лияға не болмаса Францияға бара алмай, ұнжырғаңыз түсіп жүр ме? Бұл тығырықтан құтқаратын жол бар. Әрине, ешкім сізге билет дайындап қойған жоқ. Есесіне, әлгі мемлекеттердің басты символдары бейнеленген статуялар Нұржол бульварында қаз-қатар тізулі тұр. Ырымдап, соның жанында суретке түссеңіз, арманыңыз ақиқатқа айналар күн туып қалар.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button