Денсаулық

Ота жасау оңай емес

IMG_8667

Жұрт не десе, о дер, еліміздің көптеген сала бойынша көршілерден озып отырғаны менің көңілімді тоғайтады. Бұл «қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ» алаңсыз ғұмыр кешіп жатырмын дегенді білдірмейді. Менің жеке басым­ның проблемалары жеткілікті-ақ. Алайда, ол елдік тұрғыдан келгенде, соншама көкейкесті емес. Бұл орай­да бәзбіреу өз басыңды, отбасыңды ойламайтын қандай адамсың? – деп сөгуі де мүмкін. Бірақ… солай!

Қоғамдағы түйіндерді, бәлкім, түгендеп айтып тауыса алмаспыз. Бұл жерде тоқталмағым – медицина саласы.
Есілдің сол жағалауында сәл ертеректе «Жедел жәрдем ауруханасы», кейінірек «Ұлттық трансплантология және онкология орталығы» деп аталған емдеу мекемесі бар. Сырқаттардың үміт артып, медет табар жерінің бірі – осы. Өйткені, оның емдеу мүмкіндігі мол. Мысал үшін бір ғана саласын алайық. Эндоскопия! Ол – іш құрылысы ағзаларына диагноз қоюдан бас­тап, күрделі оталар жасауға дейін баратын бөлімше. Жалпы бөлімше бұрыннан бар болғанымен, шыны керек, оған деген қызығушылық қазіргідей емес еді. «Көкірек ты­нысы ашылды» десе болғандай. Олай деуімізге негіз боларлық себеп бөлімшенің орталықтың басқа да салалары сияқты сапалық жаңаруы. Екі ғасырдың жұмыс үлгісін көріп, жақсылықтарын көңілге түйген тарландармен қатар жаңалыққа жаны үйір жастардың иықтаса жұмыс істеп, бірін-бірі толықтыруы оң нәтижелерін бергені даусыз. Олардың бәрі де шетелдерде тәжірибе алмасып қайтты. Әрісі Жапония, АҚШ, Түркия, Корея­да біліктілігін арттырса, бергісі Ресей мамандарынан тәлім алып келді. Біздің мамандарға білгенін үйретіп жүрген Ресейлік профессор Дмитрий Ульянов осы күнге дейін Астанадағы оталарға өзі қатысып келеді.
Бұл тақырыпта тілге тиек етуге әбден лайық фактордың негізгісі – сөзсіз шетелдік технология. Аппаратуралар Жапониядан алынған. Арнайы сабақ алмаса, оның «құпияларын ашу» оңайға түспейтіні анық. Жапондардың өзі де тұнып тұрған құпия ғой…
Медициналық техникаларды меңгеру жайында өткен кем­шіліктерді ескере отырып, сәл-пәл тартына сөйлеу қажет сияқты. Барды жалаулатып мақ­­тануға қашан да үлгереміз. Осы­дан бірнеше жыл бұрын қыруар қаржыға сатып алынған аппаратуралардың аурухана, емхана қоймаларында іске қосылмай шаң басып тұрғанын, кейін ғана шетелдік мамандардың жарамды етіп кеткенін баспасөздің үлкен мәселе ғып көтергені бар.
Ал енді «ақылды» аппараттың артықшылығы неде? Біріншіден, пышаққа түспейсің. Бұрын ота десе, алдымен ойымызға пышақ (скальпель), кесіліп-тігілген дене келетін. Қазір олай емес. Скаль­пельдің орнын лазерлік сәуле алмастырды. Мәселен, бүйректегі бармақтай тасыңызды лазер тас-талқан қып уатады. Ас­қазан ісіктерін сәулемен сылып тастау аса қайрат талап етпейді. Жалпы, асқазан-ішекке жасалатын (бұл аса көп сырқаттардың қатарында) оталардың бәрі қиындықсыз атқарылады. Сондай әрекеттің бірі – эмболизация деп аталады. Бұл – бауыр аурулары кезінде өңеш пен көкбауыр жолындағы күре тамырға жасалатын шара. Бауырдың өз мүмкіндігінде жұ­мыс істемеуі алдымен қан жолы түтіктеріне әсер беретін көрінеді. Яғни, жүректен қарқынмен келген қан әлгі екі ағзаның тұсында бөгеледі. Өйткені, бауыр өзінің басты қызметі – келген қанды бұрынғыдай (сау кезіндегідей) сүзіп үлгере алмайды. Содан ба­уырға баратын тамырлар лық­сып келген қанның пәрменіне шыдамай кеңейе береді. Кеңеюдің де шегі бар. Ақыры тамыр жарылып тынады. Қан кету дегеніміз – осы. Ал, қан жоғалтқан адамның одан арғы жағдайын өзіңіз бағам­дай беріңіз. Әлсіздік, лоқсу, тәбет­сіздік, бас айналу, құлау одан әрі ем қолданылмаса, өмірмен қоштасу…
Міне, эмболизация осы кезде керек. Ол асқазанға жіберілетін зонд арқылы бейнекөрініс жа­сай­­тын флюороскоппен бас­қа­ры­­лады. Мамандар монитор­да жарылған түтіктер айдан анық көрінеді дейді. Қан толып «бү­йен­дей» болған тамырлар жан-­жақтан қысылып орнына кел­тіріледі. Одан әрі тағы да қан жолы түтіктері жарылмас үшін арнайы платинадан жасалған спиральдар салынып, ол қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етеді. Несіне жасырайық, бұрын мұндай операциялық емдеу пышақ арқылы жасалып, денеде тыртық таңба қалдыратын. Сырқаттың одан арғы оңалу тағдыры да күрделі болатын. Қазір белгілі бір мерзімнен соң операцияның нәтижесі сол зондпен монитор арқылы тексеріледі. Бұл да үлкен жетістік емес пе? Осынау медицина шапағатын көрген адамның бірі ретінде сол игілікті айтуды жөн көрдім. «Жақсының жақсылығын айт…!» Ғылымның осынау жаңалығы елімізге соңғы бір-екі жылда ғана келген екен. Сәйкесінше, бүгінгі күні мамандар да соған «сақадай сай». Бәрі де шет елдерде біліктілігін жетілдіріп келгендер. Небәрі 7-8 адам ғана жұмыс істейтін бөлімшеде әр күні қызған еңбек. Эндоскопия бөлімшесінде алғашқы ота өткен жылдың желтоқсанында жасалды, – дейді бізге жаңа аппаратураларды таныстыра жүрген эндоскопист-онколог Әсет Уәлиханов.
Бұл жақсылықтың тиімділігін үлкен әсермен әңгімелеген Әсет мұның әркімге де қолжетімділігін, нәтижесінің зор екенін, болашақта тағы бір күрделі аппарат алынатынын айтып өтті. Ол қолға тисе УЗИ, компьютерлік томография немесе магниттік резонанстық томография осында жасалынатынын да қуанышпен хабарлады. Әзірге мұндай мүмкіндік жоқ. УЗИ, компьютерлік томография қызметтері сырқаттардан едәуір қаржыны талап етеді. Бөлімше меңгерушісі Бақтияр Аманжоловтың сөзіне қарағанда, бұлардың бәрі бөлімшенің өзінде болса, бар шаруа бір портал арқылы атқарылар еді. Бұл пациентке өте тиімді. Оның жоспар бойын­ша осы жылдың соңына қарай алы­натын түрі бар. Тапсырыс берілген. Ал, ақылы медициналық қызметке жүгінетіндердің осынау асқазан-ішек жолдары оталары – эмболизация үшін 1 млн 200 мың теңгені қалтасынан шығаруына тура келеді. Бұл – бекітілген прей­скурант.
Ақылы медициналық қызмет мұндай аппаратураларды пайдаланатын емдеу мекемелері үшін қажет. Бұл құрылғы алғашқыда қазына ақшасына немесе басқа да қаржылық көздер арқылы алын­ғанымен, бүгінде оның әр ота үшін жұмсалатын материалдарын сатып алуға қыруар ақша кетеді. Ондай материалдың өзімізден шықпайтыны – армандарымыздың жүзеге асуына әзірге тұсау. Арман – медицинаны әр қазақстандық үшін қолжетімді ету.
Ол күнге де жетеміз, – дейтін меди­цина мамандарының сөзіне қарағанда:
– Қазіргі қиындық өтпелі ауырт­палық, мақсаты – жерлес­теріміздің шетел клиникаларынан гөрі өзі­мізді таңдауына қол жеткізу.
Бүгінгі нақты көрініс ол мақсатқа жету күнінің алыс еместігіне сен­діре түседі. Көкжиек көрініп тұр.

Айтқадыр Тілеуов

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button