Президент пәрмені

Отан – қуат, отбасы – шуақ

IMG_5081

Отбасы құндылығы – кез келген мемлекеттің ұстанып отырған басты саясаты. С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетінде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның 15 жылдығына арналып ұйымдастырылған кездесуде осы мәселе кеңінен талқыланды .

 

IMG_5075

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігін сезіну рухында тәрбиелеу керектігі, өйткені оның салдарынан, ең алдымен, балалар зардап шегетіні туралы атап көрсетілген. «Бала тәрбиесі – тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті» деді Н.Назарбаев. Осыған орай, Елбасы Жарлығымен бекітілген мемлекеттік гендерлік саясат та «Қазақстан -2050» стратегиясы негізінде жұмыс істеуде.
«Отбасылық құндылық және жастар саясаты» атты басқосуда Ұлттық комиссияның төрайымы, Президент кеңесшісі Гүлшара Әбдіхалықова
комиссияның міндеті, бүгінгі таңда қандай жұмыстар атқарып жатқандығы туралы әңгімелей келе, биліктегі әйелдердің үлесі еркектермен тең болуы керек деген мәселеге байланысты көшбасшы әйелдерді ілгерілетудің қалайша жүзеге асырылып жатқанына тоқталды.
Елімізде 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясында мемлекеттік органдар басшыларының арасындағы әйелдердің үлесін 30 пайызға жеткізу міндеті қойылған. Бұл ретте Астанада әйелдерді саяси салада алға жылжыту және осы саладағы жаңа үкіметтік емес ұйымдарды анықтау барысындағы жұмыстарды қалыптастыру мақсатында саяси көшбасшылық мектебі құрылып, жұмыс істеуде. Нәтиже де жоқ емес.IMG_5070
Қазір елімізде он жеті миллион халық болса, соның елу екі пайызы, яғни сегіз миллионға жуығы – нәзік жанды ханымдар. Елімізде әйел министрлер саны – үшеу, министр орынбасарларының арасында да айымдар қатары көбейіп келеді. Төрт әйел «А» корпусына жауапты хатшы болып тағайындалса, сонша облыстың мәслихатында әйелдердің үлесі отыз пайызға жетіп қалыпты. Расында да, қазіргі қыздар өте белсенді. Дегенмен, отбасы мәселесінде шешімін күткен проблемалар да жоқ емес. Мәселен, қазір жасөспірімдер арасында суицид, өкінішке қарай өршіп тұр. Сонымен бірге, комиссия мүшелерін жетім және тастанды балалар тағдыры, әсіресе әлеуметтік жетімдер проблемасы алаңдатып отыр. Бұл ретте комиссия төрайымы еліміздегі отбасылардың берекесін арттыру үшін ұлттық дәстүр-лерімізді жаңғырту керектігін алға тартты.
Президентіміз елдегі отбасы, демография саясатына жоғары деңгейде мән беруде. С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаев алдымен осыны айтты. Одан әрі Қазақстан халқының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары негізінде елдегі демографиялық саясатты жүргізу бағытында Гүлшара Наушақызы жетекшілік етіп отырған ұлттық комиссияның жемісті жұмыс істеп келе жатқанына тоқталған ол: «Біздің халқымыз «Отан – қуат, отбасы – шуақ» деп тегін айтпаған. Өйткені, шағын отбасымыздан мемлекет құрылады. Мемлекеттің берік болуы отбасылық демографиялық жағдайларға тәуелді. Сондықтан, отбасы – адамның тірегі ғана емес, қоғамның басты негізі. «Отан – отбасынан басталады» деген даналық та осыдан шыққан» – деді.
Кездесу барысында ұлттық комиссияның мүшесі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Жұмагүл Солтиева, «Деловой мир-Астана» ЖШС директоры, «Отбасым» журналының бас редакторы Шолпан Сыздықова, экономика ғылымдарының докторы, ұлттық инженерлік академияның академигі, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы президентінің кеңесшісі Айзада Аққазиева отбасылық құндылықтар туралы ойларын ортаға салды. Бір қызығы, олардың үшеуі де көп балалы аналар екен. Ол аз десеңіз, соңғы екеуінің төртінші перзенттерін күтіп отырғаны қуантты бізді. Санаға ой салатын тағылымды әңгімелер айтқан айымдардың атқарып жүрген істері де ауқымды. Демек, бір қолымен бесік тербесе, екінші қолымен әлемді тербеген аналардың қоғамдағы алар орны қашанда биік екеніне тағы бір сәт анық көз жеткізгендей болдық. Студент-жастар болса, ел ертеңі үшін елеңдейтіндіктерін, ең бастысы қоғамдағы болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарай алмайтындықтарын аңғартты. Қонақтарға қойған сұрақтарынан соны ұқтық.
Кездесу барысында КазАТУ-дың жас оқытушысы, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Бақытжан Әріпов ұлттық комиссия төрайымына өзінің «Әлди бөпем» атты авторлық жұмысын тарту етсе, осы оқу ордасында білім алып жүрген өнерлі жастар күмбірлете күй тартып, ән мен жырдан шашу шашты.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button