Жаңалықтар

Отан күзетінде – 30 жыл

Қазақстан Қарулы күштерінің 30 жылдығы қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық мұражайда «Қуатты армия – қуатты Қазақстан» атты ҚР ҚК Әскери-тарихи музейінің көшпелі көрмесі өтті. Мұндағы экспонаттар мен деректер төл армиямыздың қалыптасу кезеңдері, әскер түрлері мен тектерінің құрылу тарихы, қазақстандық жауынгерлер атқарған бітімгершілік миссиялар туралы сыр шертеді.

[smartslider3 slider=2779]

Тұңғыш Президент – ­Елбасы Н.Назарбаев пен еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы ­С.Нұрмағамбетовтің балауыздан жасалған мүсіндері арқылы Қазақстан Қарулы күштерін құру туралы Жарлыққа қол қою сәті бейнеленген. Көрмеге келушілер сол тарихи Жарлықтың мәтінімен толығырақ таныса алады.
Осы шара аясында баспадан жаңа шыққан тарихи-құжаттамалық кітаптың тұсауы кесілді. Ол «Қазақстан Республикасының Қарулы күштері 1991-2001 ж.ж. Құжаттар мен материалдардың жинағы» деп аталады. Бұл еңбекті ҚР Президенті мұрағаты мен әскери-тарихи мұражай ұжымдары бірлесіп шығарып отыр.
Осы уақытқа дейін төл әскеріміздің тарихы жеткілікті түрде зерттелген емес. Мұның себебі оның құрылуына қатысты құжаттар әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік және қызметтік құпия белгісіне ие болатын. Уақыт өте оларды жариялауға рұқсат етілді. Енді еліміздің әскери құрылысынан хабар беретін алғашқы онжылдықтағы құжаттар ғылыми айналымға енді деуге болады.
Кітап «Қазақстан Республикасы әскери ұйымының пайда болуы (1991-1992)», «ҚР Қарулы күштерінің қалыптасуы (1993-2000)», «ҚР Қарулы күштерін реформалау (2000-2001), «Еліміздің жоғары мемлекеттік және әскери басшылығының Қазақстан армиясының құрылуы туралы естеліктері», «ҚР Қарулы күштерінің фотошежіресі» атты бірнеше бөлімдерден тұрады.
Жинақта тұңғыш Қорғаныс министрі С.Нұрмағамбетов өз қолымен жазған Әскери анттың алғашқы нұсқасы да жарияланған. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің атына сол кезгі еліміздің Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаевтың 1994 жылдың 22 қарашасында жазған «О российских гарантиях безопасности Казахстана» деген хаты әлі күнге маңызды деп білеміз.
Қазақстан басшылығының атына тәжік-ауған шекарасындағы ахуалға алаңдаушылық білдіріп жазған Б.Ельциннің хаты да көп нәрседен хабар береді. Хат 1995 жылдың 18 сәуірінде жазылған. Содан бір күн бұрын тәжік-ауған шекарасындағы Висхар шатқалында Қазақстан мен Ресейдің бітімгершілік батальонының жауынгерлері тосқауылға тап болып, ауыр шығынға ұшыраған еді.
Кітапқа енген 140 тарихи құжаттар мен 40 фотосуреттің дені тұңғыш рет жарияланып отыр. Аталмыш еңбек жоғары әскери оқу орындарының курсанттары мен оқытушы құрамына арналған. Ол ғылыми қауымдастықтың ғана емес, сонымен қатар жалпы көпшіліктің қызығушылығын тудырады деп үміттенеміз.

Ә.СМАЙЫЛОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button