Қоғам

Отан неден басталады?

Осы сұрақтың жауабын ешкім дәл тауып айтпаған болар. Бірақ жүрегімізді тербеп, дүниетанымымызға дем беріп, күнделікті әрекетіміздің арқауында осы сезім жатады. Сондықтан адам баласы үшін туған ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің орны бөлек. Әсіресе ата-бабаларымыздан аманат болған кең-байтақ жеріміздің мұрагері – қазақ баласы үшін Отанды сүю, оны қорғау биік парасаттың белгісі болуы тиіс.

Жақында әлеуметтік желі­де әскер қатарына шақырылған бозбалаларды жан-жағынан құрсаулап қоршаған полицейлердің вагонға жетектеп бара жатқанын көргенде ойымыз екіге бөлінді. Отан алдындағы міндетін орындауға маңдайы жарқырап, алшаң басып бармаған соң не қайыр дерсіз. Есі шығып, жүрегі езіліп шығарып салып тұрған жақындарын да түсінеміз. Бәле-жәледен сақтасын деп тілейді. Қорқынышына да негіз бар. Әскери прокуратураның өткен жылғы мәліметіне қарағанда, соңғы үш жылда 270 әскери қызметші әскери міндетін өтеу кезінде қыршынынан қиылған. Оның 140-тан астамы – Қарулы күштер қатарында міндетін атқаруға келген өрімдей жастар. Президенттің «Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты» деген сөзі жауапкершілік жүгін ауырлатып, көп жайттың ұштығын ­шығарды.

Бала мұрты тебіндеп, буыны қатса да, нақты қалып­тасқан дүниетаным жүйесі жоқ, әлі толысу кезеңіне жетпеген, өзіне деген сенімі кем балаң жігіттің мүлдем басқа ортаға, талабы зор қарым-­қатынас жүйесіне қарсы тұра алмауы – заңды нәрсе. Бұл оның кінәсі емес, отаншылдыққа тәрбиелей алмаған қоғам кінәлі. Әлі де ата-анасының етегіне оратылып жүрген еркесі, қатар-құрбысымен ортақ әңгіме айтып, тілдесе алмайтындар жаңа ортаға қайдан икемделе алады?

Отанды сүюдің алғашқы дәнін егетін – отбасы. Отбасы елсүйер ұлын өсіргісі келсе, алдымен жеті атасын жаттатып, олардың тарихын, өнегесін айтып, сол арқылы бір әулеттің ұлы деген ұғымын баптау керек. Жеті атасынынң есімін жатқа айтқанмен, олардың өткен жолын еліміздің ­тарихымен байланыстырмаса, мәні аз болады.

Жігіттің бір қасиеті – жауынгерлік жолын көрсететін батырлар жырын бұл күнде ешкім оқытпайды, кітап қолына алмайтын жастардың өздігінен оқуы неғайбыл. Тәрбиенің бір кемшіні осы деңіз.

Балалар бұл күнде смартфонға үңіліп, аз қозғалады, мектепте де дене шынықтыру басты пән емес. Әскерге барғанда алдынан шығатын басты талап дене шынықтыру екенін естен шығарамыз. Күші жоқ, әлжуаз бала үшін бұл да үлкен қиындық. Шымыр болып, ширатылып тұрса, өзгеден таяқ жер ме еді?!

Ұлан-ғайыр жеріміз бар деп айтамыз. Өз ауылынан әрі аспаған бала бұл ұғымды қалай түсінеді?! Отан сүюді сөз еткенде, сол Отанның тау-тасын, өзен-көлін көріп, сол жердің егесі екенін білген жөн. Астана мен Алматы, соңғы кезде Түркістан туристік орталыққа айналып келеді. Бірақ қазақ жерінде Абай елі, Қызылжар, Қостанайдан бастап, Баян­ауыл, Көкшенің көгілдір көлдері мен Арқаның кең-байтақ жазығы, Атыраудың алқабы, Сыр бойы бар. Бала жасынан жерім менің, елім менің демейінше, отаншылдық сезімін түсінбеуі мүмкін. Ішкі туризм­нің тұралаған жері – осы. Мектеп оқушыларына арналған арнайы туристік пойыздар шығарып, ел-жер аралатуды қолға алатын қай министрлік екенін өзіміз де білмейміз. Алыс жолды қоялық, әр оқушының өзі тұрған жерінің шетінен ұзап, аралап көргені аз болар. Өлкетану, ауылдың тарихын зерделеу сабақтары қолға алынбаған. Мұның бәрін білмейінше, баланың дүниетанымы қалыптаспайды, өткенінен хабарсыз болады, өзін тамырсыз ағаштай сезінеді. Ал әскерге шақырылғанда елін, жерін қорғау деген бұлыңғыр түсінікпен алғашқы кедергілерді, қиындықтарды қалай жеңбек?! Жігері тасып, көзі жайнап тұрған жастардың орнына келген жасық, мінезі тайғақ жастарды бір жылда қалайша тәрбиелеп шықпақ?! Егер олардың тәрбиесіне мән беріп, Отан неден басталатынын айта алсақ, ­қазақ әскерінің рухы ­төмендемес еді…

Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button