Жаңалықтар

Отан отбасынан басталады

Бас қаладағы амфитеатрда «Мерейлі отбасы-2021» ұлттық байқауының Нұр-Сұлтан қаласындағы жеңімпаздары марапатталды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орайластырылып өткізілген бұл байқауда 5 отбасы үлгілі деп танылды.

[smartslider3 slider=18]

Жеңімпаздарға диплом­дарды ҚР Президентінің кеңес­шісі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демография­лық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Маржан Әкімжанова мен елорда әкімінің орынбасары Асхат Оралов табыс етті. Асхат Оралов қала әкімінің атынан байқауға қатысқан бар­лық отбасыларға алғыс білдірді.
– «Отан отбасынан басталады» дегендей, берекелі отбасы болып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ата-­ананың қасиетті борышы. Әрбір отбасы берекелі, үлгілі болса, қазақ елінің де мәртебесі биік болады. 2013 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Мерейлі отбасы» байқауы адамгершілік рухты жаңғырту және отбасылық жарасымдылық пен баянды некенің жағымды бейнесін қалыптастырудың жарқын үлгісін көрсетудің тамаша тәсілі ретінде дүйім жұрттың қолдауына ие болып отыр. Байқауға қатысушылар да жыл сайын молайып келеді. Биыл елорда бойынша 120 отбасы байқауға қатысты. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген биылғы байқаудың мән-маңызы ерекше. Сондықтан мен байқаудың жеңімпаздарын жүлделі болуымен және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтаймын, – деді әкім орынбасары.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізуге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы ­Нұрсұлтан ­Назарбаев 2013 жылы отбасылық құндылықтарды дәріптеу және отбасы институтының мәртебесін арттыру мақсатында бастамашылық жасаған болатын. Қазірге дейін 7 мәрте өткізілген бұл байқау қатысушыларының саны жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2018 жылы байқау комиссиясының қарауына 51 елордалық отбасы өтінім берсе, 2019 жылы 60-тан астам өтінім түскен. Биыл «Мерейлі отбасы-2021» байқауына қатысқысы келген отбасылар саны 120-ға жетті. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, еңбек әулеттері, кәсіпкерлер және т. б. бар.

Байқауда топ жарған үздік отбасылар ақшалай сыйлықтармен және елорда әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Комиссия шешімімен көпбалалы шығармашылық отбасы Самарбаевтар ұлттық байқаудың қалалық кезеңінің жеңімпазы атанып, 500000 теңгемен марапатталды. Сұңғат пен Алма 4 бала тәрбиелеп отыр. Отбасының барлық мүшесі спортты жақсы көреді, салауатты өмір салтын ұстанады. Отағасы – инженер маманы, 4 тілді меңгерген. Зайыбы Алма – журналистика саласындағы PhD докторы, аға оқытушы, жақында ғана отбасылық құндылықтар туралы «Бақытты келіншек» кітабы жарық көрген. Отбасы конкурстың республикалық кезеңіне қатысуға дайындалуда.

Екінші орын педагог Носиевтер әулеті мен өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің мамандары Бекеновтер отбасына бұйырды. «Мерейлі отбасы-2021» конкурсының қола жүлдесін Омаровтар отбасы мен алты бала тәрбие­леп отырған, кәсіпкерлерден құралған Ошақбаев отбасы жеңіп алды.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button