Қала тіршілігі

Отан қорғау – әр азаматтың борышы

«Ақшамда» айтылған ақиқаттың» кезекті басқосуына қорғаныс саласында қызмет ететін, әскермен байланысы бар азаматтарды шақырдық. Қазіргі таңда әскерге шақырылушыларды жинақтау, іріктеу науқаны қызу жүруде. Тақырып та осы бағытта, келушілер науқан барысындағы мәселелерді, түйінді дүниелерді барынша қаузады. Өрбіген әңгіменің қысқаша нұсқасын оқырман назарына ұсынсақ…

07b934ab94ed23d6043bc7359cde4359

АЛҒАШҚЫ ЛЕК АТТАНДЫ

Тілші: Бауыржан аға, ал­ғашқы сауалымызды сізге қойсақ. Әңгіме басында әскерге шақыру науқанының қалай жүріп жатқанын әңгімелеп берсеңіз.

Полковник
Бауыржан ЛЕКЕРОВ, Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы:

bauyrzhan-lekerov

– Қазіргі таңда 1989-1998 жылдары туған азаматтарды кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталып, белсенді жүргізілу үстінде. Науқандық шара желтоқсанға дейін жал­ға­сатынын айта кетейін. Мұнда біз әскерге мерзімді қызметке 700 азаматты жіберуге тиіспіз. Оның 240-ы Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарына алынса, қалғаны ҰҚК Шекара қызметіне, Мемлекеттік күзет қызметіне, Ұлттық Гвардияға жөнелтіледі.
Айрықша атап өтейін, ағым­дағы жылдың 1 қазанынан бас­тап Астана қаласы бойынша Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен әкімдігі ұжымының ұйымдасқан ісінің арқасында Қазақстанда бірінші болып болашақ сарбаздардың алғашқы легін мерзімді қыз­метке аттандырды. 43 әскерге шақырылушыны «Отан-Ана» монументі алдындағы алаңнан Шекара қызметінің теңіз шептеріне, яғни Ақтауға ата-аналарымен, туған-туыстарымен, ел ағаларымен бірге салтанатты жағдайда шығарып салдық.

Тілші: Келесі сауалымыз да сізге қатысты болып тұр, болашақ сарбаздарды іріктеу, қай жаққа баратынын анықтау қалай жүзеге асады?

Полковник Бауыржан ЛЕКЕРОВ:
– Баршамызға белгілі, Елбасы – Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қарулы Күштер сан жағынан көп емес, ұтқыр және шынайы ұрысқа қабілетті болуы тиіс» деген. Бұл тұрғыда, әскери бөлімдерге жөнелтілетін әскерге шақы­рылушылардың саны да көп емес. Жастарымыздың саны әскерлерді жасақтау үшін керекті мөлшерден жетіп артылады. Осыған байланысты «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болатындар ғана таңдалуда. Ау­дандық, қалалық, облыстық маңызы бар қаланың әскерге шақыру комиссиясы азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру және Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштерінің тиісті түрі мен тегіне, басқа да әскерлері мен әскери құра­лымдарына тағайындау туралы шешім қабылдау кезінде олардың өндірістік біліктілігі мен мамандығын, денсаулық жағдайын ескереді. Осыған байланысты зымыран, авиация, броньды танк техникасын және радиотехникалық аппаратура шығарумен байланыс­ты ұйымдарда жұмыс істейтін әскерге шақырылушылар тиісті әскер түрлері мен тектерін жасақтауға жіберіледі. Ре­жимдік және арнайы бөлім­дерді жасақтау үшін көрсе­тілген командаларға алдын ала іріктелген әскерге шақыры­лушыларды ұсынамыз. Сол сияқты, аэроұтқыр әскерлерін жасақтау үшін кемінде жалпы орта білімі, жақсы дене бітімі бар және бірінші кезекте парашютші спортшылар қатарынан әс­керге шақырылушыларды іріктеу жүзеге асырылады. Рес­публикалық ұланды жасақтау үшін жақсы дене дайындығы, кемінде жалпы орта білімі бар әскерге шақырылушыларды басым тәртіппен іріктеу жүзеге асырылады. Жоғары білімі бар әскерге шақырылушылар оқу-жаттығу бөлімдеріне олардың біліміне және әскери даярлық бейініне ұқсас мамандықтар бойынша жіберіледі. Математика, физика және инженерлік-экономикалық факультеттерді бітірген азаматтар радиотехникалық, зениттік-зымыран бөлімдеріне, Қарулы Күштердің барлық түрлерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдардың байланыс бөлімдеріне шы­ғарып салынады. Ауыл ша­руа­шылығын механикаландыру және электрлендіру факуль­теттерін бітірген әскерге шақырылушылар танк, авиация, зениттік-зымыран бөлімдеріне және Төтенше жағдайлар министрлігінің азаматтық қорғаныс бөлімдеріне, Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлеріне жіберіледі.

Медицина және фармацевтика факультеттерін бітірген болашақ сарбаздарды Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға тиісінше кіші медициналық персонал лауазымдарына аттандырамыз. Оқу-жаттығу бөлімдеріне және сержанттарды, сарбаз мамандарды даярлауға арналған мектептерге кемінде жалпы орта білімі және жоғары моральдық қасиеттері бар әскерге шақырылушылар қатарынан қатаң дербес тәртіппен іріктеледі.

ЖАСТАР ДЕРТІНЕ АЛАҢДАП, ДАБЫЛ ҚАҒАТЫН СӘТ ЖЕТТІ

Тілші: Бәріміз біле­тіндей, жастардың әскери билет алуына жоғары оқу орнында да мүмкіндік бар. Ал ондағы әскери қызмет қалай ұйымдастырылатыны туралы Қайрат аға баяндап берсе…

Запастағы бірінші дәрежелі капитан Қайрат БАЙНАЗАРОВ, Қазақ гуманитарлық заң университеті Әскери кафедра бастығының орынбасары:

kajrat-bajnazarov

– Отан қорғау ісінде әрбір құрылым, мекеме, оқу орны аса жауапкершілік таныту керек деп білемін. Мен алдымен өзіміздің кафедра жайын айта кетейін. Мәселен, бүгінгі күні Қазақ гуманитарлық заң университетінің Әскери кафедрасында 536 студент білім алуда. Олардың 319-ын биылғы оқу жылында қабыл­дадық. Негізі, бастапқы құжат тапсырғандардың саны 437 болған. Жүзден аса сту­денттің жолы болмады. Олар­дың денінде жүрек ауруы, көздің көрмеуі, қан айналымы қысымдарының жоғарылығы немесе төмендігі секілді дерттер көп кездеседі. Бұл – жалғыз біздің студенттерге тән аурулар емес, қазіргі жастардың басым көпшілігінде бар дерттер.

Біз екі жылдық сабақ барысында дене тәрбиесінен гөрі теориялық білімге назар аударамыз. Өйткені олардың әскери билеттерімен қатар, лейтенант шені қоса беріледі.

Білім саласындағы осынша жылғы тәжірибемде байқаған бір нәрсемді айта кетейін, жастардың жылдан жылға Отанға деген сүйіспеншіліктері жоғарылап келеді. Олар дене тәрбиесіне қатысты жиындарға, жаттығуларға белсене атсалысады. Біз оларды түрлі жарыстарға, байқауларға қатыстырамыз. Құлшыныстары ерекше.

Тағы да айта кетерім, Әскери кафедрадағы сабақ аптасына бір-ақ күн жүргізілгенімен, студенттер әскери билет алар алдында бірнеше сынақ тапсырады. Бірінші этапта 90 са­ғаттық, екінші этапта 138 сағаттық жиынға қатысады. Оның ішінде әскери бөлімдерде өтетін жиындар бар. Мұндай емтихандардан өте алмай қа­ла­тындар да кездеседі. Десе де, әскери билетке білімі, бі­ліктілігі, дене тәрбиесі жағы­нан шыңдалып, әскери қыз­метке дайын болып жетеді.

Тілші: Қайрат аға жас­тар арасында көп кез­де­сетін ауруларды ай­тып қалды. Расында, «әскерге шақырылу­шылар­дың арасында жарамсыз болып қа­латын­дары көп» деген әңгіменің пайда болға­нына біраз болды. Жас­тардың дені қандай дертке шал­дыққан, Әнуар?

Әнуар ӘУБӘКІРОВ, Астана қаласы Қор­ғаныс істері жөнін­дегі депар­таменті меди­циналық қызметінің капитаны:

– Қазіргі әскерге шақыру­шыларды медициналық тексеруден өткізгенде, үшінші дәрежелі майтабан дертін көп кездестіреміз. Сонымен қатар, жас жігіттердің денсаулығында ас қорыту жүйесінің, зат алмасу процесінің бұзылғандығы, гипоталамин синдромы, яғни дене салмағының артуы, борпылдақ семіздік жиі байқалады. Соңғы аурулардың көбеюін дәрігер-мамандар фаст-фуд өнімдерімен, энергетикалық сусындармен байланыстырады. Мұндай тағам түрлерін күнделікті өмірінде көп пай­даланатын жастардың ден­саулығына алаңдайтын болсақ, ендігі дабыл қағатын мезгіл жетті деп ойлаймын.

Тілші: Раджан, осы орайда әскердегі суицид жағ­дайын айта кетсеңіз. Бұл – көптеген ата-ананы алаңдатқан мәселе. Әс­керге кетіп, мәйіті орал­­ған жігіттердің мысалын көп­теп тізбелеуге болады.

Подполковник Раджан ЖАНЫСОВ, 68665 әскери бөлімі десанттық-шабуылдаушы бригада командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары:

e499f85a-95f7-4cc2-a669-2128226acf5e

– Әскердегі суицид жағда­йына келсек, өз-өзіне қол жұмсау кез келген қоғамда бар, азаматтық өмірдің қандай саласында да кездеседі. Мек­тептегі оқушылар да, қара­пайым жұмысшы да өзіне қол жұмсап жатқанын естіп-біліп жүрміз. Міне, әскердегі жігіттердің де суицидке баруы қандай да бір қысым көріп, ұрып-соғуға шыдамағандықтан емес. Олардың бойындағы бір кесел деп білемін. Әйтпесе, әскери бөлім бір жылда шақы­рылушылардың екі легін қа­былдап алатын болса, олар бір-бірімен ешқашан байланыста болмайды. Олар офицерлер тарапынан қатаң бақылауда. Рас, бұрындары әскерге алғаш барғандар кейін келгендерге қысым көрсетіп, «дедовщина» болғанын мойындау керек. Ал қазір бұл үрдістен барлық әскери бөлімдер айыққан.

ӘСКЕР – ӨМІР МЕКТЕБІ

Тілші: Бауыржан аға, меке­мелеріңіздің әскерге шақырудан жалтар­ған­дарды анықтайтын қандай «құралдары» бар? Анықталған жалтарушыларды қандай жаза тосады?

Полковник Бауыржан ЛЕКЕРОВ:
– Әскерге шақырылу­шы­лардың аудандық, қалалық, облыстық маңызы бар қаланың әскерге шақыру комиссиясына дәлелді себептерсіз келмеген, сондай-ақ азаматқа шақырту қағазын жеке өзіне беру мүмкін болмаған барлық жағдайлар туралы Қорғаныс істері жөніндегі бас­қармалардың бастықтары оларды іздестіру үшін ішкі істер органдарына хабарлайды. Әскерге шақырудан қасақана жалтарған, сондай-ақ азаматтардың әскерге шақыру пункттеріне уақтылы келуіне кедергі келтірген адамдарға жиналған материалдар қолданыстағы заң­намаға сәйкес оларды жауап­кершілікке тарту үшін тиісті органдарға тапсырылады. Азаматтардың әскерге шақыру пункттеріне келмеуінің дәлелді себептеріне еңбекке жарамдылығынан айырылуға байланысты науқастануы, басқа адамның көмегіне мұқтаж, толық мем­лекеттік қамтамасыз етуде тұрмаған, Қазақстан Респуб­ликасының аумағында олармен бірге немесе бөлек тұратын жақын туыстары немесе заң бойынша отбасы мүшелерін асы­рауға міндетті басқа да адамдар болмаған кезде әскерге шақырылушы адам тара­пынан күтімді талап ететін жақын туысының қайтыс болуы немесе науқастануы, азаматтың жеке өзінің келу мүмкіндігінен айырған табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жатады. Келмеу себептері құжат түрінде расталуға тиіс.

Тілші: Барлығыңыз да әскери саланың басы-қасында жүрсіздер. Қазіргі жастардың Отан қорғауға деген құлшынысы қандай?

Запастағы бірінші дәре­желі капитан Қайрат БАЙНАЗАРОВ:
– Қазақстан Республикасын қорғау – оның әр азаматының қасиетті борышы. Мұны баршамыз білеміз. Біздің халқымыз жоғары патриотизм рухында тәрбиеленген. Адамзат тарихында жер бетінен жоғалып кеткен халықтар мен мемлекеттер аз емес. Тек патриотизм және Отанға деген сүйіспеншілік қана кез келген мемлекеттің гүлденуі мен өркендеуіне кепіл болар негізгі күш. Жастарымыз да ерліктің дастаны болған бабаларымыздың жолымен жүріп келеді. Сондықтан болар, әр әскерге шақыру жасындағы азаматымыз әскери киімді киіп, жауын­герлік коллективтің рухын сезінгісі келеді.

Подполковник Раджан ЖАНЫСОВ:
– Мен жиырма жылдан бері қорғаныс саласында қызмет етіп келемін. Талай жігіттерді күтіп алып, талай жігіттерді шығарып салдық. Тақырыпқа орай айтайын, әскери бөлімдер келушілердің жылда екі легімен толығады. Мәселен, соңғы рет отыз баланы Оңтүстік Қазақстан облысынан жеткіздік. Жалпы, ішімізде екі мыңға жетпейтін офицерлер мен әскерилер бар.

Мен енді мерзімді қыз­метке шақырылғандардың жай-күйін былай баяндасам, біз алдымен болашақ сарбаздарды жергілікті әскерге шақыру пункттерінен алып кетеміз. Жиырма-отыз баланың пойызға отырғанша бір-екі «лидері» шығып үл­гергенін байқаймыз. Жолға шыққан соң, әлгі «лидерлердің» жүні жығылып, өзге «лидерлер» пайда болады. Ал әскери бөлімге келгенде, олардың да мысы басылып, басқа «лидерлер» шығады. Біздің көмекшілеріміз де, жолдас­та­рын тәрбиелейтін де осылар. Бастапқы 35-40 күннің ішінде, яғни ант қабылдағанға дейін жігіттер әскер өміріне біршама үйреніп қалады. Десе де, таңғы алтыда тұрып, мызғымас тәртіпке бойұсыну оңай емес. Олардың ішінде біреудің жалғызы бар, біреудің кенжесі бар дегендей. Небір еркетотайларды кездестіреміз. «Мен әскер тәртібіне көн­діге алмайды екенмін, қатал тәртіпке шыдамай барамын, дене шынықтыруға шамам келмейді, отбасымды сағындым» дейтіндер де кездескен. Бірақ уақыт өте олар қасындағылардан ұялатын болады немесе өзге шымыр жігіттерге еліктейді. Әйтеуір, үйренеді.

Сембек ҚАБИЕВ, жауынгер-интернационалист, Ауғанстан соғысының ардагері:

kbb_8377

– Әр жігіт әскерге барып, Отан алдындағы борышын өтегені дұрыс. Өйткені әскер – өмір мектебі. Әскерге барған адам, біріншіден, физикалық әрі рухани тұрғыда шыңдалады. Жас жігіт өз бетінше, белгілі бір тәртіпке бейімделіп өмір сүруді үйренеді. Отанға деген сүйіспеншілік, ата-анаға, досқа деген құрмет сезімі артады. Мәселен, мен қазір өзімнің кіші ұлым Жәнібекті өскенде әскери адам болуға үгіттеп, баулып жүрмін. Қазір төртінші сыныпта оқиды, жүзумен айналысады. «Отан қорғаушы» боламын деп қояды.

Тілші: Елімізде ұлт­тық идеология мен пат­риоттық тәрбие қандай деңгейде деп ойлайсыз?

Сембек Қабиев:
– Ауғанстан соғысы ардагері ретінде жастардың патриоттық тәрбиесіне бей-жай қарай алмайтын адамдардың қатарынанмын. Өзіміздің қоғамдық ұйымның бастамасымен қаламызда, облыс­та өтіп тұратын қоғамдық-саяси шараларға тұрақты қатысып жүремін. Астана қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігі жүргізетін түрлі кездесулер, «Ерлік са­бақтары», мемлекеттік және ұлттық мерекелерге арналған шараларда қолымыздан келгенше жасөспірімдер мен жастарға өз тәжірибемізді беруге тырысамыз. Сондай-ақ, «Жауынгер-интернационалист Қазбек Абдрахманов атындағы қайырымдылық, патриоттық қордың» аясында өткізілетін шараларды ұйымдастыруға қатысамын. Осындай жұмыстардың басы-қасында жүріп, балалар мен жастарға патриоттық тәрбиені кішкентай кезінен бастау қажет деп санаймын. Сонымен қатар, тәрбие жұмысы ең алдымен отбасында мақсатты жүргізілуі керек деп ойлаймын. Қазақтың «Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілесің» деген сөзі жай айтылмаған ғой.
Асхат РАЙҚҰЛ
Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button