Басты ақпарат

Отан қорғау – қасиетті парыз

Биыл 7 мамырда ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толады. Бұл күн қазақстандықтар үшін Отанға деген сүйіспеншілік әрі оған қалтқысыз қызмет ету міндетін көрсетеді. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласындағы №44813 әуе шабуылына қарсы әскери бөліміне барған едік.

[smartslider3 slider=2901]

Біз барған кезде мерзімді әскери қызметін өт­кергендеріне бір жыл толған сарбаздарды марапаттау рәсімі басталды. Әскери тәртіппен өткен жиынның кіріспесін подполковник, №44813 командирі Берік Молдакулов ашып берді. Сарбаздарды құттықтаған соң әрқайсысына ефрейтор дәрежесі мен Алғыс хат табыстады. Үздік көрінген сарбаздардың ата-анасына медаль берді. Салтанатты рәсім кезінде әрқайсысының жүзінен қимастықпен бірге Отан алдындағы борышын адал атқарған мақтаныш сезімі білініп тұрды.

Әскери бөлім командирі, подполковник Берік Молдакуловтың айтуынша, мұнда басқалардан гөрі өзгешелеу.

– Әуе шабуылына қарсы әскери бөлімде жыл бойы жауын­герлік кезекшілік болады. Яғни, бізде жай күн деген болмайды. Белгіленген жеке құрам жауынгерлік кезекшілікте тұрады. Шекарашылар шекараны қалай күзетсе, біз әуе кеңістігін бақылаймыз. Кезекшілікке міндетті түрде есеп топтың ішінде офицер, келісімшарт бойынша қызметкер, мерзімді қызметкерлер кіреді. Олар Отан алдындағы борышын осылай атқарады. Заманауи дамыған техникаларымыз күні-түні жұмыс істейді. Мұнда жауынгерлік даярлықпен тағайындалған барлық сабақтар өткізіледі. Көбінесе арнайы және техникалық дайындыққа көңіл бөлеміз. Соның ішінде ату, дене шынықтыру және қорғаныс сабақтары өтеді. Арнайы дайындықтың ішінде медициналық көмек көрсетіледі. Ең алғаш 1996 жылы мерзімді қызметкер болдым. Содан бері осы саладамын. Ал осы бөлімде 2018 жылдан бері қызмет етіп келемін. Жалпы мұнда келген кез келген азамат алдымен әскери тәртіпке үйренеді. Бәрін нақты істеуге, белгілі бір уақытта тұрып, тамақтанып, ұйықтау арқылы тәртіпке бағынады. Айтылған бұйрықты бұлжытпай орындау­ға дағдыланады. Байқасаңыз, әскерде қызмет еткен адам ойланып сөйлейді, сабырлы болады, тыңдап біледі, – деді подполковник.

Бір жыл бойы Отан алдындағы әскери борышын өтеп, ефрейтор дәрежесі табысталғандардың ішінде Асылбек Елік те бар. Ата-анасына арнайы медаль табысталғанына қатты қуанып тұрғанын көзінен аңғардық. Алғаш әскери ант қабылдаған кезде тебіреніп, ерекше әсерде болған ол «Әуе қырандары» әнін шығарған. Қазір бұл ән әскери бөлімнің әнұраны іспеттес.

– «Әуе қырандары» әні Отан алдындағы борышымды өтеуге келгендегі алғашқы әсерден туындады. Себебі ант қабылдаған кезде ерекше эмоция алып, рухтандым. Бұрын өлең жазатынмын. Ал бұл – алғашқы әнім. Алғашқы шумағы осылай басталады:

Ұлы дала сарбаздары қыраны,

Азаматтың елге арналар жыр-әні.

Отан үшін от кешетін батырмыз,

Әуе қорғар өз елінің Отаны.

– Бір жылда әскерге байланысты түсінігім мүлдем өзгерді. Себебі қай ортаны да көрмей жатып, сынау дұрыс емес. Мұнда сарбаздарға дұрыс көңіл бөлінбейді деген пікірмен келіспеймін. Отан алдындағы борышыңды өтеуге келгенде, ата-анаң секілді сені де қолдайтын командир, подполковник болады. Барлық тамақ, киім-кешекпен қамтамасыз етеді. Ал әскердегі ең ерекшеліктің не екенін айтайын ба? 365 күн бойы желбіреген көк Туға қарап тұрып, күнде Әнұран шырқау – екінің біріне бұйырмайтын бақыт. Осы бақытты сезіну үшін әр азамат Отандық борышын өтеуге келу керек деп ойлаймын. Себебі кез келген адамға Отанды қорғау бірінші міндет деп айтар едім. Өз отбасымызды қорғағымыз келсе, әуелі Отаннан бастауымыз керек.

– Бұл жерден сабырлылық пен сыйластықты үйрендім. Дәл қазір қайтуға деген керемет сезім бар. Бір жыл бойы туған үйден жырақта жүрдік. Әскери шен алдым, ата-анама медаль беріп жатыр. Соны бергендегі ата-анамның қуанышын мен сезініп тұрмын. Сол үшін мен үйге қайтуға асығып тұрмын.

Бұдан әрі қарай сарбаздардың бір күндік өмірімен таныстық. Мұнда келген сарбаз таңертең 6:00-де тұрады. Дене, әскери оқу-жаттығуларын жасап болған соң, таңғы ас ішеді. Кейін саптық алаңға тұрып, күнделікті тапсырма алады. Түскі ас алдында арнайы сабақ жүргізіледі. Бұдан соң мемлекеттік құқықтық сабақтар өтеді. 17:00-ден соң әрқайсысына бос уақыт беріледі. Яғни, кітап оқиды, киім дайындайды. Ал кешкі астан соң ұйықтауға бұйрық беріледі. Аптасына 4 рет үйімен сөйлесуге мүмкіндік бар. Бұдан кейін сарбаздардың күнделікті оқу-жаттығу түрлерімен таныстық.

Әскери бөлімде мерзімді әскери қызметін өтеген соң болашағын осы саламен байланыстыратындар да көп екен. Соның бірі – №44813 байланыс торабының ақпарат тарату қондырғылары бөлімшесінің маман-механиігі, ефрейтор Жанболат Кеңгесов. Ол бізге бөлімдегі радиостанцияны таныстырды.

– Бұл радиостанция басқа әскери бөлімдермен байланысу үшін керек. Басқа бөлімдерден хабарды радиостанция арқылы аламыз. Солай қызметімізді атқарамыз. Мұны Саршаған полигонында 2019 жылы қолдандық.

– Мектепте оқып жүргенде әскери адам болуды армандайтынмын. Себебі әкем әскери қызметте істеді. Соның ізін жалғастырғым келді. Осында келместен бұрын Нұр-Сұлтан қаласында шеф-аспаз болып қызмет еттім. Мерзімді әскери қызметімді өтеуге 20 жасымда келдім. Содан соң мерзімді қыз­метшіден әскери қызметшіге қол қойдым. Әскери өмір маған ұнайды. Әрі қарай болашағымды осы саламен байланыстырамын. Әскери қызметкер боламын деген іні-қарындастарыма алдымен дене-жаттығу дайындықтарын арттырып, есте сақтау қабілетін шыңдау керек деп айтар едім, – деді Жанболат Кеңгесов.

Әскери қызметтің мәртебесі жыл сайын артып келеді. «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестіктің филиалдары, жыл сайын өткізілетін «Айбын» әскери-патриоттық жиындар өткізіп жүр. Бұл әскери борышын өтейтін жастардың да қызығушылығын арттырады деп ойлаймыз.

Айзада

Жайыққызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button