Басты ақпаратЖаңалықтар

«Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтары қойылды

Бүгін Астанада Ұлы Жеңіс күні тойлануда. Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 71 жылдығына арналған салтанатты шаралар «Отан қорғаушылар» монументіне гүл қою рәсімімен басталды.

1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғысқа Қазақстаннан 1 млн 200 мың адам аттанды. Олардың тең жартысы ұрыс даласынан қайтып оралмады. Бұдан бұрын 500 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды делінсе, кейінгі жылдары бұл тізім толықтырылып, батырлар саны 600-ден асты.
 
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан майдангерлердің рухына тағзым ету және Ұлы Жеңісті ұлықтау үшін монумент жанына ҚР Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бақтықожа Ізмұхамбетов, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов, соғыс және еңбек ардагерлері, мемлекеттік орган басшылары, сондай-ақ, елорда тұрғындары мен қонақтары жиналды.
ERM_1983 ERM_2136
Шара барысында «Отан қорғаушылар» ескерткішіне 1 500-ге жуық гүл шоқтары қойылды. Қан майданда ерлікпен қаза тапқан отандастарымыздың рухына тағзым жасалып, бір минут үнсіздік жарияланды.
ERM_2043
Ұлы Жеңіс күні «Отан қорғаушылар» алаңында тігілген шатырлар қалашығында мерекелік шаралармен жалғасты.
ERM_2615 - копия
Сол маңға жиналғандарға солдат ботқасы таратылып, Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы әртістері майдан әндерін шырқап, би билеп, барша жұртты мерекелік көңіл-күй ауанына бөледі.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button