Басты ақпаратҚоғам

Отан – шаңырақ, әскер – уық

Қазір баяғыдай Онон өзенін бойлап, Орхон суын жайлап, Аспан таудан Отпан тауға дейінгі аумақты қыстау, Қарақорымнан Қара Ертіске дейінгі жерді жайлау қылып, тұлпар мініп, ту алып, айбалтасын айдың нұрына суарып жататын заман емес.

Кешегі бабаларымыздың еңку-еңку жер шалып, егеулі найза қолға алып жүріп қорғаған жерін тек ғылым мен озық технологияның тілін меңгеріп сақтап қалатын кез келді. Мұндайда мұздай қаруланған әскеріңнің айбынымен еліңнің іргесін күзетіп, сақтық жасамасаң, құр сөзге құр да селт етпейтіні анық. Мемлекет – шаңырақ болса, әскер – уық. Сондықтан Тәуелсіз Қазақстанның қауіпсіздігінің қалқаны, тыныштығының күзетшісі – кез келген талаптарға сай заманауи, жауынгерлік дайындығы жоғары әскері ғана.

Алғашқы әскери дайындық неге үйретеді?

Бүгінгі таңда Тәуелсіз Қазақстанның әскері де әлсіз емес. Оның үстіне бабаларымыздың рухын балаларымыз­дың бойына сіңіру мақсатында Қазақстанның барлық мектептерінде 10-11 сыныптарда алғашқы әскери және технологиялық пәні оқытылады. Пәннің басты мақсаты – оқушыларды әскери іс, қорғаныс, алғашқы әскери дайындық, сондай-ақ техникалық және технология­лық дағдылармен таныстыру болып саналады.

Ал Астана қаласы әкімдігінің №77 мектеп-гимназиясының алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Жүніс Мукушев пәннің бағдарламасы жастарды патриотизмге тәрбие­леп, оларды өмірлік маңызды дағдылармен қаруландыруды көздейтіндігін айтады.

– Біз оқушыларды әскери қызметке алдын ала дайындау мақсатында осы пәннен сабақ береміз. Мұнда оқушылар теориялық білім мен практикалық дағдыларды қатар игереді. Сондықтан оныншы және он бірінші сыныптарда ер балалар мен қыз балаларға бірыңғай сол пән оқытылады. Жылына жалпы 98 сағат бөлінеді. Ал оныншы сыныптарға аптасына бір рет 34 сағат және 30 сағат әскери далалық жиын өткізіледі.

Сабақ барысында оқушыларды тактикалық және саптық дайындықтардан өткіземіз. Және оларға қару-жарақпен қалай жұмыс жасау керек екендігін де түсіндіреміз. Бұл, шын мәнінде, оқушылардың әскерге бармағаны болмаса,  негізгі сабақтар сол әскери пәннің сабақтары. Сондықтан бізден оқып шыққан балалар әскерге барғысы келіп тұрады. Әскерге бару – ол азаматтарды ауыр жұмысқа салу немесе қинап тәрбиелеу емес. Ол – абыройлы міндет. Сондықтан біздің жастарымыз одан қашпауы керек. Керісінше кез келген уақытта әскерге баруға дайын болуы керек, – дейді Жүніс Шамиханұлы.

Әскери тәртіп қандай?

Жыл сайын елімізде 18-27 жас аралығындағы денсаулығы жарамды жігіттер міндетті түрде әскерге шақырту алады. Осылайша шақырту алған әрбір азамат Ата Заңға сәйкес Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарына қабылданып, елдің тыныштығын күзету үшін әскери ант беріп, соған лайық борышын өтейді. Міне, сондай Отан үшін отқа түсетін оғландарды тәрбиелеп шығатын жердің бірі – елордадағы Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімі. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен келген сарбаздар Отан алдындағы борышын өтеуде. Оларға жүктелген міндет жеңіл емес екенін де аңғаруға болады. Сарбаздар үшін әрбір минут қымбат. Жас жігіттерге әскери өмірдің берері мол. Рота командирінің тәрбие және әлеуметтік құқық жөніндегі орынбасары, аға лейтенант Дінмұхаммед Исақов: мұнда тәртіп арқылы жас сарбаздар шыдамдылық пен төзімділікке үйренетіндігін айтып, бізге сарбаздардың бір күндік өмірін тізбелеп айтып шықты.

– Бұл жерде біз екі күн тәртібі бойынша жұмыс жасаймыз. Бірі – қызмет күн тәртібі, екіншісі жауынгерлік дайындық болып саналады. Қызмет күн тәртібі бойынша сарбаздар таңертеңгі сағат 7-де тұрады да, сағат 8.00-ге дейін жуынып, шайынады. 8:30-да таңғы тексеріске сапқа тұрады. Бұл 10-15 минут уақытты алады. Одан таңғы асқа барады. Одан сағат 12:50-ге дейін арнайы сабақ кестесі бойынша сабақ өтіледі. Одан кейін қызметке дайындық басталып, 13:30-да жеке құрам қызметке дайындала бастайды. Әскери  формаларын киіп болғасын жауынгерлік есеп оқылып, кім қай ауданда, кіммен жүретіні туралы ақпарат алады. Сосын қызмет барысында сарбаздарға тәрбие сабағы беріледі. Одан кейін түске асқа барып келеді де, 16:40-та жауынгерлік бұйрық беріледі. Бұйрықты алғасын бәрі өз міндетін атқаруға жолға шығады. Сөйтіп, түнгі сағат 23:00-ге дейін қаланың тыныштығын сақтау мақсатында қызметте болады. Егер осы уақыт аралығында олардың денсаулығында қандай да бір қалыпсыздық байқалса, онда оған дәрігер шақырылып, бірден керекті көмек беріледі. Әрі далада жүретін болғандықтан, нан шайлары да беріліп отырады. Ал қыстың күні 60 градустық суыққа дейін шыдамды киіммен қамтамасыз етілген.

Сонымен қатар, мұндағы сарбаздарға әскери тәртіптен бөлек, әскери қызметтік міндеттер де жүктеледі. Сондай-ақ сарбаздарға жеке-жеке қызметтік міндеттер бекітіледі. Сол бойынша сарбаздар өз бөлімшесінде арнайы тапсырмалар орындайды. Тапсырмаға қару-жарақтың жағдайын тексеру, тұрған орындарының тазалығын сақтау, әскери техникамен жұмыс істеу сияқты жұмыстар жатады. Бұдан бөлек, әскерде әр сарбаздың жеке жұмысы мен жеке уақыты болады. Бұл кезде олар өздерімен қатар басқа да қоғамдық жұмыстарды орындап, демалуға мүмкіндік алады. Кейде бұл уақытта сарбаздар жеке өздерінің оқуға, дайындыққа немесе бос уақытын өзінің шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге пайдалана алады, – дейді рота командирі.

Біз барғанда сарбаздарға саптық дайындық өткізіп жатты. Әрине, рота командирінің қазақша берген нұсқаулығы бойынша сарбаздар оңға, солға бұрылып, алдыға қадам басып, өздерінің күнделікті жасап жүрген машықтарын жасауға көшті. Осы орайда бізде әскери терминдердің аудармасы қалай? Ұлттық ұлан сарбаздарына команда қай тілде беріледі деген сұрақты бірінші батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік құқықтар жөніндегі орынбасары, капитан Айқын Амантаевқа қойдық.

– Әрине, біз әскери қызметкер болғандықтан, бірінші кезекте Қазақстан Республикасының әскери Жарғыларының тәртібі мен міндеттерін сақтауды қатаң көзде ұстанамыз. Екіншіден, Заңмен бекітілген ережеден артық біз ештеңе істей алмаймыз. Яғни, кейбір әскери терминдер аудармасының тілге жатық келмейтін тұстары жайында тіл ғалымдары болмаса қоғамдағы басқа бір адамдар айтқанмен, біз оны сол адамдардың сөздерінің негізінде пайдалана алмаймыз. Өйткені біздің біртұтас бекітілген әскери термин немесе команда беру қағидамыз қалай тұр, біз соны солай атқарамыз немесе орындаймыз, соған сәйкес команданы да қазақша береміз, – дейді Айқын Ролланұлы.

Ұлттық ұланда ұлттық ұран әлсіз бе?

Алайда осында біздің назарымызды аударған бір дүние, біріншіден, әскерлерге бұйрықты қазақша беріңіз деп өтініш етуіміз арқылы орындалғаны, екіншіден, біздің алдымызда қазақша пәрмен бергенмен басқа саптағы рота командирінің раз, два, три деген пәрменмен айғайлап кетіп бара жатқаны болды. Әрине, мұнда қазақ әскері болғандықтан, оларға бұйрықтың қандайда бір түрі болсын, үшінші тараптың талап етуінсіз-ақ, тек қана қазақша берілуі тиіс емес пе? Әлде орысша берілмесе, сарбаздарға түсініксіз болып қала ма? Жоғарыдағы раз, два, три дегенді бір, екі, үш деп айтса несі кетер еді?

Шын мәнінде қазақ әскері қазақ тілінде, ұлт сарбаздары өз ұлтының үнінде сөйлеуі әскери борыш өтегенмен бірдей міндет болуы тиіс-ақ. Әрі әскери қызметкер өз ұлтының тілінде сөйлесін деген тақырып бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Бұл мәселені сонау Алаш Орда үкіметі кезінде арыстарымыз да көтеріп, әскери терминология жасап, орысша терминдерді қазақшалаған. Оған 1926 жылы Қызылордадан басылып шыққан «Орысша-қазақша әскерлік атаулары» деген кітап дәлел бола алады. Әрі бұл еңбек XX ғасырдың жиырмасыншы жылдары Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялыларының ресми бекітіп, алғаш басылып шыққан терминологиялық сөздіктердің бірі болып саналады. Сайып келгенде, біздің де күткеніміз сол Ұлттық ұландарымыздың үнінен де, түрінен де қазақылықтың иісі бұрқырап тұрса, Қазақстан Республикасы әскерінің айбынына айбын қосар еді деген тілек. Өйткені ұлтымыздың да, рухымыздың да діңінің тамыры – ел қорғар азаматтарымыздың тіліне байланып тұр.

Сарбаздардың үлесі бар

Ал елордадағы Ұлттық ұлан сарбаздарының қаламыз үшін де, халқымыз үшін де сіңіріп жатқан еңбегі аз емес. Атап айтар болсақ, астанамыздағы биылғы өткен ШЫҰ Саммиті мен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті күшейтуге, табиғи сипаттағы төтенше жағдай кезінде су тасқынына қарсы және іздестіру-құтқару іс-шараларына белсене қатыс­ты.

Сондай-ақ аумақтық полиция және Ұлттық қауіпсіздік органдарының күштік қолдауымен қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін, оның ішінде ІІМ және ҰҚК Орталық аппараттарымен бірлесіп, арнайы операциялар жүргізуге де өз көмектерін тигізіп келеді.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button