Жаңалықтар

Отан үшін от кешкен

Биыл Жеңістің 71 жылдығы. Ұрпаққа игілік пен ізгілік сыйлаған, мемлекетіміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ардақты ардагерлеріміздің бүгінгі бейбіт күнге аман-есен жеткені – үлкен қуаныш. Қан майданнан аман-есен оралып, соғыстан кейінгі жылдары сот саласында қызмет атқарған, өз халқының бақытты өмірін көріп келе жатқан ардагерлердің бірі –  Александр Торкин. Ол жақында 97 жасқа толды. 

Мерейтой иесін Астана қаласы Есіл аудандық сотының ұжымы құттықтап, сыйлықтар табыс етті.
Майдангер судья Александр Петрович Торкин соғыс басталған 1941 жылдың 7 қарашасында әскери шеруге қатысып, қан майданға аттан­ған. Берлинге басып кірген тұста, Рейхстагқа ту тіккен батырларымыздың ерлігін көрген, жеңісті алғашқылардың бірі болып қарсы алған майдангер. Соғыс аяқталғаннан кейін туған елге аман-сау оралып, сот жүйесінде еңбек етіп, мемлекетіміздің өркендеуіне үлесін қосты.
Астана қалалық соты әрқашан ардагерлерін ардақтап, қарттарын құрметтеудің қастерлі жолынан жаңылған емес. Былтыр сот ұжымы қарияның үйінде болып, әлеуметтік көмек көрсеткен. Биыл да Ұлы Жеңіс қарсаңында құрмет көрсетіп, ақшалай да, сыйлық тартумен де, мәдени шарамен қуантпақ.
Ардагердің кеудесі ордендер мен медальдерге толы. Қарияға былтыр костюм сыйламақ болғандар да бар екен. Мұндай сыйлықтан үзілді-кесілді бас тартқан ардагер «бұл костюм, менің жан жарымның әпергені, қазір ол дүние салды. Бұл киім махаббатымның, талай күнгі қуанышымның белгісіндей» депті. Жүз жасты алқымдаған қарттың жарына деген адалдығына еріксіз сүйсіндік.
Уақыт өз дегенін жасайды. Бұл соғыс адамзаттың жүрегіне өшпес жара салды. Қаншама ұрпақты қайғы-қасіретке душар етіп, өмірін өксітіп кетті. Жыл артынан жыл өтті, қазір еліміз тәуел­сіздігін алды, бүгінгі ұрпақ азат тудың астында бақытты өмір сүруде. Тілеріміз сол, Алаш мінезді халқымыздың кө­кірегі сыздамасын, жаны ауырмасын, соғыс атауы жойылып, бүгінгі ұрпақ соғысты білмей өссін.
Ардагерлеріміздің қанымен за­рық­тырып жеткен бейбіт күннің қадірі біздер үшін тым қымбат. Біздің ендігі парызымыз Отан үшін от кешкен ардақты ардагеріміздің ерлігіне тағзым етіп, құрмет көрсету!

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button