9 мамыр - Ұлы Жеңіс күні

Отан үшін от кешкен әулет

Менің әкем Нұрмағамбетов Жармағанбет Сәдуақасұлы 1901 жылы ақпан айында дүниеге келген. Жастық шағы қазіргі Ақмола облысы Романовка елді мекенінің бөлімшесі Сарыкөл ауылында өтті. 1935 жылы Сарыкөл ауылында Мақанқызы Қапаш анамызбен шаңырақ көтереді.

[smartslider3 slider=2907]

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде әкеміз де сарбаздармен бірге сұрапыл соғысқа аттанады. Артында тілеуін тілеп, отбасы қалады. Соңынан ерген екі бауыры Тәжмағанбет пен Оралды Балалар үйіне тапсырып кетеді.

1942 жылы Украина қаласы, Харьков жерінде оң қолына оқ тиіп жараланып, Мәскеуге госпитальге жіберіледі. Мәскеуден арнайы санитарлық ұшақпен еліне әкеледі. Содан аздап денсаулығы жақсарған соң әкеміз соғысқа қайтадан сұранады. Сонда әскер басшылары бір қолмен қалай соғысасыз, мылтықты қалай ұстайсыз депті. Осы ерлігіңізбен елде қалыңыз деген екен. Сөйтіп, соғысқа кетерде Балалар үйіне тастап кеткен екі бауырын іздеп тауыпты. Екеуін екі жақтағы Балалар үйіне бөліп жіберген екен. Қапыда көз жазып қалған бауырларымен осылайша табысып, қауышады. Інісі Сәдуақасов Тәжмағанбет Сарыкөлде отбасын құрып, балалы-шағалы болады.

Әкем «Ұлы Отан соғысы ІІ», «Соғыстың 20 жылдығы», «Соғыстың 25 жылдығы» медальдармен, ордендермен марапатталады. Бірақ өте қарапайым адам болғандықтан, бір орденді кеудесіне таққан емес. Мен атақ үшін емес, ел үшін, Отан үшін бардым дейтін. Орден тағып жүруді мақтаныш санамайтын. Бұл қасиеті де әкемнің қарапайым жан болғанын көрсетеді.

Соғыстан кейінгі кезеңдерде осы елде еңбек етті. Мал шаруашылығымен айналысты. Үйір-үйір жылқысы бола тұра, қарапайымдылық пен адамгершілікті бірінші орынға қоятын. Атқа мінгенді жақсы көретін. Оның өзі әкем үшін спорт, таза ауаға шығу, бой сергіту деп білемін. 1946 жылы 22 маусымда Ескермес атты ұлы дүниеге келеді. 1952 жылы 8 мамырда қызы Алтынайдар мен дүниеге келдім. Әкем балаларды ерекше жақсы көрді. Әрдайым бізді еркелетіп отыратын, бізге мейірімді бола білді.

Әкемнің өмір жолы ары қарай Аршаты совхозында жалғасты. Балаларына туған жерін көрсетіп, Ши деген ауылда өзінің анасы Ұлтуар және інісі Ермағанбеттің жерленгенін айтты. Аршаты совхозында дүниеге келгендіктен осы жерде дүние салсам арманым жоқ дейтін.

Біздің әулет – 6 бірдей азамат соғысқа аттанған шаңырақ. Әкемнен басқа атам Хамзин Бекжан, ағаларым Хамзин Жәкен, Хамзин Омар, Хамзин Шайхан және әкемнің інісі Сәдуақасов Тәжмағанбет те қолына қару алып соғысқа барды. Отанды жаудан қорғау үшін өз отбасымен, туыс-туғандарымен, бала-шағаларымен қоштасып, елі, жері үшін соғысқа аттанады. Соғыс уақытында анам Қапаш, әжем Жайбөпе, Ақыш, Дәмен, Әзкен апаларым соғысып жатқан солдаттарға арнап қолғап тігіп, шұлық тоқып, ыстық тағамдар пісіріп, күн демей, түн демей, солдаттарға арнайы қалта тігіп жөнелтіп отырған екен.

 1945 жылы сұрапыл соғыстың аяқталған кезі. Ауылдастар бөркін аспанға атып қуанып жатты. Соғыстан ағайынды бауырлар да оралды. Біреуі жаралы болып оралып, енді біреулерінен соғыстан қара қағаз келіп жатты. Хамзин Бекжан атам екі құлағына оқ тиіп, жаралы келді.

Жәкен ағамнан қара қағаз алдық. Ағам соғысқа кетерде апамыздың аяғы ауыр қалады. Соғыс кезінде жұбайы Ақыш апама арнап хат жазады. Хатында: «Егер ұл туса, атын Найман қойыңдар, себебі жанымда жүрген майдандас бауырларым Павлодар елінен, найман руынан еді. Сол майдандас бауырларымның құрметіне Найман деп атағым келеді. Ал қыз туса, өздерің қоярсыңдар» депті. Содан жеңгеміз шекесі торсықтай ұл туып, есімін әкесі армандағандай Найман деп атаған екен. Сол Найман баласы отбасылы болып, екі ұлдың әкесі атанды.

 Хамзин Омар ағам соғыстан аман оралып, «Тыл ардагері» атанады. «Соғыс ардагері» атағына ие болады. Дәмен атты жеңгейге үйленіп, Бану деген қызды болады. Омар ағам 86 жасқа қараған шағында Астана қаласында өмірден өтіп, Ильинка ауылында жерленеді.

 Хамзин Шайхан ағам Беларусь елінде немістермен шайқасып, Смоленск, Витьевск, Брянск қалаларын жаудан тазартуға атсалысқан екен. Сол Беларусь елінде болған шайқаста жараланып, оң көзі мен оң аяғына оқ тиіп, мүгедек боп елге оралады. Солдаттар ағамды санитарлық ұшақпен әкеліп, туған-туыс, бауырлары жылап қарсы алады. Оқ тиген аяғына протез салып, сол аяғымен жүреді. Отан үшін от кешкені үшін елден медаль, ордендермен марапатталды.

 Сәдуақасов Тәжмағанбет – әкемнің туған бауыры. 1944 жылы 18 жасында соғысқа аттанады. Соғыс біткен соң 6 жыл Германияда әскери борышын өтеп, елге оралады. Соғыстан кейін медаль, ордендермен марапатталды. Тәжмағанбет ағам 72 жасында дүниеден өтіп, Аршаты ауылында жерленді.

«Ер есімі – ел есінде» демекші, елі, Отаны үшін жанын шүберекке түйген, ел даңқын ерлікпен асқақтатқан жандардың есімі мәңгі ұмытылмас. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деп қазақ атамыз айтқандай, бұл ағайынды бауырлар – бірліктің арқасында сұрапыл соғысты қайсарлықпен жеңген нағыз жауынгерлер. Отан үшін от кешкен ата-бабаларымыздың ерлігі еш ұмытылмайды.

Алтынайдар БОКЕШОВА,

Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданы Ардагерлер ұйымының тұрмыстық-әлеуметтік комиссиясының төрайымы

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button