Жаңалықтар

Отан үшiн от кешкен

Ел басына күн туған сол бiр сұрапыл отты жылдарда кеудесiн оққа тосып, ерлiктiң үлгiсiн көрсеткен жерлес жауынгерлердiң арасында Құрмантай Айтжановтың есiмiн ерекше атауға болады.
Бүгiнде тоқсанға толған қариямен мерейтойында таныстым. Тағдырдың жазуымен қаршадайынан соғысқа аттанған ол кезiнде өзi секiлдi барлық майдангердiң көкейiнде тек бiр ғана мақсат болғанын айтты: «Ол – Отанды жаудан қорғау және тек қана жеңiс» болатын. Мiне, сол мақсатқа жеткен, бiзге бүгiнгi бейбiт тiрлiктi сыйлаған аға буын өкiлдерiне құрметтiң қандайы да лайық.
Құрмантай ата 1922 жылы Қорғалжын ауданының  Бiртабан ауылында дүниеге келiптi. Кейiн отбасымен Қараегiн ауылына көшiп келедi. Балалық шағы, отызыншы жылдардағы қиын нәубет жылдары әлi күнге дейiн көз алдында. Ашаршылықтың ауыр кезеңiн басынан өткере жүрiп, өзi құрбылас балалар секiлдi ол да ерте есейедi. Сол тұста көрген қиындықтар бала Құрмантайды төзiмдiлiкке тәрбиелеп қана қоймай, басқа түскен ауыртпалықтарды жеңе бiлу қасиеттерiн де бойына сiңiре бередi. Ол уақытта бар болғаны он жаста едi. Соған қарамастан, әкесiнiң қиналып жүргенiн көрiп, үйдiң шаруасына көмектесiп, еңбекке ерте араласады. Жоқшылықпен тайталаса жүрiп, ұлдарының  ер жетiп қалғанын ата-ана байқамай да қалады.
1942 жылы мамыр айында әскерге шақыру хатын алған кезде ол он тоғызға жаңа толған едi. Әскери жолы сегiзiншi атты-гвардиялық әскерде басталады. Осында 4 ай оқығаннан кейiн Башқұртстандағы мергендер мектебiнде оқуын жалғастырады. Оқуды бiтiрiп соғысқа кiрiседi.
– Соғыста жүрген кезде адам баласы ажалдан қорықпайды екен, – дейдi ардагер. Жүрегiнiң түбiне берiк орныққан «туған жердi қорғау керек» деген ұранмен артына қарамай, тек қана алға қарай адымдай бередi.
Ол – Ленинград қаласын қорғап қалуға өз үлесiн қосқан қазақ сарбаздарының бiрi. Осы жерде немiстермен алты ай қырғын соғыс болған. Құрмантай атаның айтуы бойынша, сол кезде жаудың қоршауында қалай қалып қойғанын бiздiң сарбаздар бiлмей де қалған екен. Фашистер  жауынгерлерiмiздiң өз ерiктерiмен берiлгенiн күткен, бiрақ ол ойлары iске аспай қалады. Жуков басқарған Ленинград майданының әскерлерi келiп, жауды артқа қарай шегiндiредi. Сарбаздарымыз қоршауда тоғыз жүз күн болыпты. Жуковтың әскерiне қосылып, ол Польшаны, Румынияны, Украинаны, Белоруссияны жаудың қолынан азат етуге қатысқан.
– Ленинград блокадасында  ұшқыштарымыз аспаннан кептiрiлген нан әкелiп лақтыратын, сондай қиын күндерде ажалдан қаймықпай, Отан үшiн оққа ұшқандар қаншама?! Бiз оларға әрдайым бас иемiз, ерлiк iстерiн ұрпаққа үлгi етiп келемiз, – дейдi  ақсақал.
1945 жылы Француздардың әскери бөлiмшелерiне қосылып, Кеңес одағының әскерi Эльба өзенi бойында жаумен бетпе-бет айқасқан. Солардың арасында қатардағы жауынгер Құрмантай  Айтжанов та болатын. «Бiз жеңдiк!!!» деген қуанышты хабарды ол дәл осы жерде естiген. Сол сәттегi қуанышын сөзбен жеткiзу қиын. Төбелерi көкке жеткендей, қуанғандарынан бiр-бiрiн құшақтап, сүйе берiптi, секiре берiптi…
Соғыс бiткеннен кейiн майдангер бiр жыл Берлиндi күзетедi. 1946 жылы елге аман-есен қайтып оралады. Алла сақтап, соғыстан жарақат алмай аман-сау келген. Бейбiт заманда темiр жолда жұмыс iстеп, 1949 жылы Бәтiш Садыққызын кездестiрiп, екеуi шаңырақ көтередi. Бүгiнде Жетпiсбай, Алпысбай, Абзал, Баян, Әзизат атты балаларын тәрбелеп, бiлiм берiп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, олардан 12 немере, 6 шөбере сүйiп отырған ақсақал саялы бәйтерек iспеттес. Кеудесiндегi орденьдер мен медальдар – ардагердiң жүрiп өткен жолдарының бедерлi белгiсiндей.

Әсел Жұмағұлова

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button