Жаңалықтар

Отанды қорғау – азаматтың борышы

Тәуелсіз Қазақстанның атаулы төл мерекелері бар. Солардың бірі – Отан қорғаушылар күні. Осыдан жиырма бір жыл бұрын 7 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық Қарулы Күштерді құру туралы жарлыққа кол қойды. Содан бері елімізде қыруар істер ат­қарылып жатқанын қазақстан­дықтар жақсы біледі.

Қазақстан Қарулы Күштерінің айбыны күн санап өскеніне куә­міз. Қазақстандық сардарлар мен сарбаздар алдыңғы қатарлы мем­лекеттердің әскерлерімен бір­лес­кен оқу-жаттығу жұмыстарын жүр­­гізіп, тәжірибесін шыңдауда. Қазақстан әскерінің қатарында азаматтық борышын атқару әрбір жастың басты міндетіне айналды. Әскер қатарында болу жастарды отансүйгіштікке баулып, елі мен жеріне сүйіспеншілігін арттырып, өмірге бейімдейді.

Жастар елін қорғайтын әскери мамандықтың да бар екенін жақсы біледі. Жеткіншектерге мектептен бастап насихат жұмыстары жүргізілуде. Арнайы әскери мектептер мен лицейлер ашылып жатыр. Солардың бірі – «Арыстан» мамандандырылған әскери лицейі. Аталмыш оқу орнында болғанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің Отанымыз біреу, ол – Қазақстан, еліміз біреу, ол – Қазақ елі. Бәріміздің қанымыз бір, болашағымыз бір. Отанды сақтау, Тәуелсіздігімізді көздің ағы мен қарасындай күзету – бәріміздің борышымыз» деген болатын. Осы айтылған сөз әрбір қазақстандықтардың жүрегіне отан­сүйгіштік сезімін ұялатып, Отан, Қазақстан, Тәуелсіздік, Бола­шақ, Бейбітшілік деген сөздердің мағынасын терең түсінуге меңзейді.

Бүгінгі ұрпақ отансүйгіштікті, бейбіт өмірді, өз жері мен елін қор­ғауды алдыңғы буыннан үйрене алады. Оған мысал жетерлік. Атап айтатын болсақ, олар – қазақ елінің бостандығы үшін болған Анырақай шайқасы, фашизмның бұғауынан құтқарған Ұлы Отан соғысы.
Сұрапыл Ұлы Отан соғысында қазақстандық азаматтар қан майданда қару ұстаса, тылда әйелдер мен балалар зауыттар мен фабрикаларда, ауыл шаруашылығында күндіз-түні аянбай еңбек еткенін жақсы білеміз. Соғысқа бір жарым миллиондай қазақстандық қатысып, олардың 60 мыңы батылдық пен батырлық көрсеткендері үшін ордендер мен медальдармен марапатталды, 369 адам Кеңес Одағының батыры атағын алды. Кеудесіне екі мәрте батыр медальдарын тақ­қан Талғат Бигелдинов пен Сергей Луганскийдің, қазақтың қос қарлығашы Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың аттарын аса құрметпен және мақ­та­нышпен айта аламыз. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның құрамында соғысып, кейіннен оның командирі болған аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының ерліктері көптеген кітаптарға арқау болып, жастарды отансүйгіштік пен батырлыққа шыңдауға септігін тигізгенін көпшілік жақсы біледі. Соғыс жылдары кәсіподақ органдары тылдағы қауырт істердің басы-қасында болып, оларды орын­дау үшін аянбай тер төкті. Мы­салы, 1941-1942 жылдары Қазақ­станға батыс аймақтардан көші­рілген 110 кәсіпорынды жайғас­тыруға атса­лыс­ты. Соғыс жылдары Қазақстанда өнеркәсіптің бар­лық саласы дамып, жеңіс үшін жұмыс атқарды. Бір мысал, тек қана жеңіл өнеркәсіпте еңбек еткен қыз-келіншектер мен балалар 350 дивизияға жаздық киім-кешек, 80 дивизияға шинель, 100 дивизияға аяқ киім, тонналаған азық-түліктер жөнелтті.

Қазақстандықтар екі жыл ішінде соғыс аймақтарынан көшіп келген 428,5 мың адамды, 1,6 мың жетім балаларды бауырына басты, бір үзім нанымен бөлісті. Еңбекшілер өз қаражаттарына ондаған танк коллонналарын, әуе эскадрилия­ларын жасақтады. Бұл соғыста жеңісті әскер мен халық тізе қоса отырып, ерлік көрсетіп, ерен еңбек арқасында бірге шыңдады.

Бүгінгі бейбіт өмірде соғысқа қатысқан әскерилер мен тылда еңбек еткендерге сый-құрмет көр­сету – әрбір ұйым мен аза­мат­тың борышы. Сондықтан, Астана қа­ласындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда кәсіподақтың қаты­суымен Отан қорғаушылар мен Жеңіс күндеріне арналған іс-шаралар атқарылуда. Мысалы, «Астана Тазалық», «Астана су арнасы», «Астана Зеленстрой», «Астанателеком» кәсіпорын­да­­рында, теміржол саласының кә­сіпорындарында, мектептер­де, жоғары және орта оқу орын­да­рындағы әкімшіліктер мен кә­сіп­одақ ұйымдары соғыс және еңбек ардагерлеріне қошемет көр­сетіп, сый-сияпат жасайды.

Бүгінгі таңдағы әрбір адамзаттың тілегі – бейбіт өмір. Сол бейбіт заманда адам баласы негізгі үш тағанды өзіне мақсат етіп қоюы абзал деп ойлаймын. Олар – зор ден­саулық, берекелі отбасы мен адал еңбек. Қазақстанның тәуелсіздігі баянды болуы, Астананың күн санап өсіп-өркендеуі үшін бәріміз атсалысайық, ағайын.

Сәрсенбай МЫҢБАЕВ,
ҚР кәсіподақтары Федерациясы төрағасының орынбасары,
Астана қаласы кәсіподақтар Кеңесінің төрағасы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button