Мәселе

Отандық білім: Ілгерілеуге не кедергі?

Көптеген реформаға қарамастан, отандық білім беру жүйесінің деградациясын біздің сарапшылар ғана емес, сонымен қатар бірқатар әлемдік рейтинг көрсетіп жүр. Сонымен, Ceoworld журналының білім беру қызметтерінің сапасы бойынша индексінде Қазақстан 93-тен 62-орында, ал US News&World Report нұсқасы бойынша оқуға арналған үздік елдер тізімінде 78-ден 71-орында. Әр министр ауысқан сайын басталатын көптеген реформаға қарамастан, бұл саланың деградациясы жалғасуда. Теріс тенденцияны қалай өзгертуге болады?

Мәселе жүйенің және ойлауды дамыту жолдарының жоғында деуге болады. Білім саласындағы биліктің тізгінін ұстаған атқамінерлердің ойынша, жастар жоғары оқу орнының дипломын алғаннан кейін оларға қатысы жоқ, жауапкершілік мойнында емес екенін айтады. Олар қаншалықты жақсы маман даярлады, ол алған білімімен, мамандығымен жұмыс таба ала ма, табыс тауып, салық төлеп, мемлекетке пайда әкеле ме – бұл жағы оларды қызықтырмайды. Сондықтан білім беру саласын реттеу мен басқарудың қазіргі тәсілдері сапаға емес, формальды түрде сан қууға қызмет ететіні даусыз.

Білім сапасы жоғары болса, өндіріске озық ғылымның нәтижелері енгізілер еді, дипломмен жұмыс таба алмай жүрген қабілетсіз мамандар азаяр еді. Білім жүйесінде жүйенің жоғы себепті оның ащы жемісін жеуге мәжбүрміз.

Тағы бір жағымсыз нәтиже – халық діндарлығының тез өсуі, бұл, әдетте, адами капиталдың сапасы төмен елдерде байқалады. Әріптестеріміз баспасөз беттерінде дабыл қағып, жазғанындай, егер мемлекет білім беру жүйесін дағдарыстан шұғыл түрде шығара алмаса, онда Ирак, Ливия, Ауғанстан, Мысыр сияқты елдердің жолын қайталау қаупі бар. Не істеу керек? Ең әуелі қоғамдық көзқарасты өзгерту керек. Білім берудің басты міндеті – оқудан кейін табыс табатын, өзін және отбасын қамтамасыз ететін, жаңа жұмыс орындарын ашатын, салық төлейтін, өзін-өзі қамтамасыз ететін азаматтарды даярлау. Өкінішке қарай, соңғы жылдары біз кері процесті көріп отырмыз: тұрақты жұмыс таба алмай, күнкөрісі нашар, әлеуметтік ауыртпалықтан арылмаған, мемлекеттен үнемі көмек сұрайтын, білімі төмен, кедей адамдардың саны артып келеді.

Білім сапасы жоғары болса, өндіріске озық ғылымның нәтижелері енгізілер еді, диплом­мен жұмыс таба алмай жүрген қабілетсіз мамандар азаяр еді. Білім жүйесінде жүйенің жоғы себепті оның ащы жемісін жеуге мәжбүрміз. Тағы бір жағымсыз нәтиже – халық діндарлы­ғының тез өсуі, бұл, әдетте, адами капиталдың сапасы төмен елдерде байқалады

Бізде көпшілік өзінің кірісі мен шығысын жоспарлап, отбасы бюджетін жүргізуді, негізгі басымдықтарды белгілеудің орнына халықтың несиеленуі күрт күшейді. Мысалы, жастар iPhone сатып алу үшін несие алуға дайын, бірақ бұл ақшаны өзінің әрі қарай білім алуына, дамуына немесе кәсіпкерлігіне жұмсауға дайын емес.

Тағы бір қауіп бар – табыс­ты адамның бейнесі қалай насихатталатынын қараңыз. Әртүрлі вайнерлер, блогерлер, жеңіл табыс иелері жастардың ­идеалына айналып барады, «жеңіл ақша» табу, өз рахатымен өз алдына өмір сүру үлгі болып бара жатқаны өкінішті. Мұнымен күресу, жоғары адами құндылықтар мен нағыз еңбегін насихаттау жөнінен билік заман ағымынан әлдеқайда кеш қалды. Ендеше кеңес кезіндегі идеологияның нақты қадамдарын, еңбек адамдарын танымал етуді қайта бастап, олардың рөлі мен қоғам үшін маңызын арттыратын уақыт келді.

Кеңес заманында «университет дипломын алсаң, табыс­ты боласың» деген бұлжымас қағида болды. Ол бағыт-бағдар, шынымен де, жұмыс істеді – инженерлер,  дәрігерлер, заңгерлер, экономистер жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін өте жақсы ақша тапты әрі кезекке тұрып пәтер алатын.

Шындығында да, мемлекет қайраткерлері мен менеджерлері азаматтардың біліміне тек әлеуметтік функция ретінде қарауды тоқтатуы керек – олар оны стратегиялық ресурс ретінде, болашақтың баспалдағы ретінде қарастырғаны жөн. Мұны қағаздағы есептер емес, нақты істер мен нәтижелер растауы қажет. Өйткені елдің бәсекеге қабілеті, болашақта өмір сүру шарты осыған тікелей байланысты.

Сосын тағы бір мәселе – халқы тығыз орналасқан жерлерде мектептерге, балабақшаға деген сұраныс жоғары-ақ. Қалада зәулім ғимараттар, көппәтерлі көптеген тұрғын үй салынғанмен, мектептер, балабақшалар жетіспейді.

Мектептердің тапшылығы көппәтерлі кешендер тығыз және бүкіл ауданда салынып жатқан жерлерде байқалады, бұл қазіргі кезде оқу орындарына қарағанда тұрғын үй салу тиімдірек деген қорытындыға келеді. Бізде, өкінішке қарай, алдымен тұрғын үйлер салады, содан кейін олар білім және медициналық мекемелерді қайда қою керегін ойлайды.

Ең өкініштісі сол, мектеп стадиондарының аумақтары тұрғын үй салуға алынғанда немесе стадиондарсыз мектеп салуды жоспарлағанын көрудің өзі жүйесіздіктің салдары. Балалар тек интеллектуал білімді ғана емес, дене тәрбие­сін де қоса алуы керек екенін ұмытпауымыз керек.

Тағы да айтарымыз, білімге тек әлеуметтік сала, әлеуметтік функция ретінде қарауды тоқтатып, оны стратегиялық бағыт ретінде, болашақтың бағдары етуіміз керек. Сонда ғана болашағына сенімді, ел экономикасын өрге сүйрей алатын білікті, бәсекеге қабілетті мамандар, ұлтына жаны ашитын нағыз азаматтарды тәрбиелей алатынымыз хақ.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button