Басты ақпаратҚоғам

Отандық ғылым әлеуеті қандай?

Кез келген мемлекеттің әлемдік өркениеттегі алар орны, бәсекеге қабілеті оның білім-ғылымының дамуымен өлшенеді. Сондықтан әлемде алдыңғы қатардан орын алуға ұмтылған мемлекет өзінің ғылыми-технологиялық, инновациялық дамуына көңіл бөледі, әлемдік білім кеңістігінің озық тәжірибелерін игеруге күш салады. Қазақстан да соңғы жылдары ғылым саласының әлеуетін арттыруға басымдық беріп келеді. Нәтижесінде бүгінде елімізде ғылыми зерттеулер және әзірлемелерді іске асырумен 400-ден астам ұйым айналысса, ғылымның әлеуетін арттыруға үлес қосып жатқан ғалымдар саны 25 мыңнан асады.

Саладағы серпіліс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде әлеуметтік қолдау ісін реттеп, ғылым саласын одан әрі дамыту қажет екенін атап өткен еді.
– Ғылым және жоғары білім саласындағы реформалардың қарқыны мен сапасын сақтау маңызды. Білім беру тапсырысын оқу орындарының рейтингіне қарай бөлу жұмысы Үкіметтің бақылауында болуға тиіс. Соңғы жылдары мемлекет ғылымға бөлінетін қаражат көлемін едәуір арттырды. Әлі де арттыра береді. Бірақ бұл қаржы нақты мақсатқа сай жұмсалуы қажет. Бюджет қаржысын сапалы әрі сұранысқа ие зерттеулер жүргізетін университеттер, институттар мен ғалымдар ғана алуы керек, – деді Президент.

Елімізде ғылымды реформалаудың тетігі былтыр қабылданған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң негізінде айқындалды. Жаңа заң аясында ғалымдардың мәртебесін арттырып, ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақысын көтеру, тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері, ғылыми-зерттеу ­институттары мен жоғары оқу орындарының мемлекеттік сатып алу үрдісіне қатысуын қамтамасыз ететін құқықтық тетіктер жасалды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2023-2024 жылы ғылымды дамытуға 194,4 млрд теңге бөлінді. 2025-2026 жылдарға 509,2 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Айтқандай, елімізде ғылыми қызметкерлер саны 25 мыңнан асқан. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13 пайыз­ға көп.

– Соңғы жылдары елімізде ғылымның дамуына айтарлықтай назар аударылып отыр. Біз ғылымды қажетсінетін экономика құру және отандық ғылымды жүйелі дамыту бойынша белсенді жұмысты көріп отырмыз. Соңғы 2-3 жылда ғылым бюджеті бірнеше есе өсті. Соның ішінде жас ғалымдарды қолдауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру мақсатында «Жас ғалым» грант жобасы енгізілген. Жоба бойынша ғалымдар кез келген мемлекеттік ғылыми ұйымға немесе дербес институтқа бара алады. Консультантпен бірге пост­докторлық бағдарлама жазып, оны конкурсқа ұсынады.

Сонымен қатар жыл сайын 500 ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді, – деді Ғылым комитеті басқармасының басшысы Ренат Елшибеков.

Ғылым мен өндіріс сабақтастығы

Отандық ғалымдардың арасында түрлі ғылыми жаңалық ашып, медицина, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және өзге де салаларда жетістікке жетіп жүрген мысалдар жоқ емес. Солардың ішінде өзгеден бәсі биік жаңалықтың бірі – Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ғалымдары ойлап тапқан селен металын алудың жаңа әдісі.

Әлемдік металл нары­ғында жоғары сұранысқа ие және сирек кездесетін селенді өндіру де, тазарту да қиын. Ал Қ.Сәтбаев университеті Металлургия және байыту институтының ғалымдары әзірлеген технология бір кезеңде құрамында 99,5 пайыздан асатын негізгі компоненті бар таза селенді арзан әрі реагентсіз тәсілмен алуға мүмкіндік береді. Қ.Сәт­баев университеті Металлургия және өңдеу ­институтының директоры Бағдәулет Кенжалиевтің сөзінше, бұған дейін елімізде негізгі құрамдас бөлігі аз мөлшердегі шикі селен ғана өндірілді. Қазір жаңа технология дамығаннан кейін Қазақстан жоғары технология өнімін шығаратын елдердің қатарына енді.

Тазалығы жағынан жоғары деңгейдегі селен алудың жаңа жолы бағаға да әсер етпей қоймайды.

Яғни елімізде өндірілетін таза селеннің құны шетелдікінен төмен болады. Аталған металл электроника, күн батареялары, медицина және басқа салаларда қолданылады. Ал Kazakhmys Progress компаниясы ғалымдар жасаған жаңа технологиямен селен металының өндірісіне кірісіп кетті. Жаңа технология селеннің әлемдік нарықтағы бағасының қосылған құнын 30 пайыздан 97 пайызға дейін арттырды.

Жас ғалымға қолдау көп

Қандай да бір тұралап қалған салаға жаңа тыныс беруде білікті мамандардың орны айрықша. Ал мұндай мамандарды ғылымға көптеп тарту үшін оларға жасалатын әлеуметтік қолдаудың ықпалы болуы керек. Ғалымдарға арналған сондай қолдау тетіктері былтыр қабылданған заңда көрініс тапты. Аталған заң бойынша енді 40 жасқа дейінгі жас ғалымдарды баспанамен қамтуда бірқатар мүмкіндік беріледі. Мәселен, былтыр ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 18 пайызға өссе, ал 2025 жылғы қаңтардан бастап тағы 17 пайызға артты.

Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» АҚ арасындағы келісім шеңберінде 2023 жылғы 1 желтоқсаннан бастап аталған банк ғылыми ұйымдардың, жоғары оқу орындарының жас ғалымдарына арналған 2023-2027 жылдар аралығына кредит беру бағдарламасы іске қосылды. Несиенің ең көп сомасы 20 млн теңге болса, қарыз мерзімі 19 жылды құрайды. Бағдарлама аясында 2024 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша жас ғалымдарға 290 пәтер берілді. Бұл оларды Қазақстанда қалуға әрі елімізде ғылымды дамытуға қосымша ынталандырады. Тиімді шартпен баспаналы болғандардың қатарында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Жасушалық биология және геномика институтының ғылыми ­қызметкері Әсия Құсайынова бар. Ғалым молекулалық генетика саласында еңбек етеді.

Ол радон мен асбест әсерінен туындайтын өкпе обыры патогенезінің молекулярлық-­генетикалық аспектілерін зерттеумен айналысады.

– Бағдарлама – жас ғалымдар үшін тұрғын үй мәселесін шешуге тамаша мүмкіндік. Өз меншігіңде баспананың болуы әрқашан тұрақтылық пен болашаққа деген сенімділікті ұялатады. Жас ғалымдарға арналған ипотека бағдарламасының ашылуы мені қатты қуантты, жігерлендірді және біз тиімді шартпен жеке баспана сатып алу мүмкіндігіне ие болдық, – дейді Әсия Құсайынова.

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button