Қоғам

ОТАНДЫҚ МЕДИАНЫҢ ЖАҢА БЕЛЕСІ

Кеше Астанадағы Қазмедиа орталығында Аймақтық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің форумы өтіп, онда отандық масс-медиа мәселелері және олардың жай-күйі мен даму келешегі талқыланды. Маңызды жиынға ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысты.

????????????????????????????????????

Форумның басында Дәурен Абаев сөз алып, министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасымен аймақтық масс-медианы жаңа деңгейге көтеру шараларын қолға алғандығын баяндады.
– Бүгінгі форумда осы саладағы түйінді мәселелерді өздеріңізбен бірлесе талқылап, өзара тәжірибе алмасудың тамаша мүмкіндігі болмақ. Жалпы, мемлекеттің ақпараттық саясатын жүзеге асыруда аймақтық медиа үлкен рөл атқаратындығы аян. Бұқараның өзекті мәселелерін жергілікті баспасөз бен телеарналар бірінші болып көтереді. Елбасы саясатын насихаттау, бірлік пен тұрақтылықты нығайту, ұлттық мүддені қорғау, өңірлік медиа ұдайы назардан тыс қалдырмайтын алтын арқау саналады. Оған қоса, олар журналистика саласына сапалы кадр даярлау ұстаханасы ретінде қызмет атқарып отыр. Бүгінгі күні елімізде 3 мыңға жуық бұқаралық ақпарат құралдары тіркелген болса, соның 80 пайызын өңірлік медиа құрайды. Осының өзі өңірдегі БАҚ-тың ықпалды күш екенін көрсетеді, – деді министр.
Сонымен бірге, Дәурен Әскербекұлы бүгінгі таңда өңірлік медиаға айрықша көзқарас талап етіп отырғандығын жеткізді. Оның бірден-бір жолы – жаңа технологияларды қарқынды дамытуға мүмкіндік жасау. Министрдің айтуынша, ең жедел сайттардың өзі ақпарат таратуда әлеуметтік желілердің жылдамдығына ілесе алмай отыр. Бүгінде кез келген адам қандай да бір оқиғаны болмасын мобильді телефон арқылы тарататын деңгейге жетті. Осындай жойқын бәсекеде ұтылмау үшін аймақтық медианың алдында бір ғана жол бар. Ол – заманға сай күрделі өзгерістер жасау. «Қазіргі күннің талабы – ақпаратты жедел әрі сапалы тарату ғана емес, тұтынушының қызығушылығын дәл тауып, оқырманмен тікелей байланыс орната білу. Сонымен қатар, елдің мүддесін, халықтың мұң-мұқтажы мен өңірдегі басқа да өзекті мәселелерді терең сараптап, мемлекеттік саясаттың бағыт-бағдарын халыққа тиімді тәсілдермен жеткізу» деді ол.
Форум барысында үш сессия бойынша тақырыптар белгіленіп, қызу пікірталас өрбіді. Мәселен, «Қазақстандық медиа – нарықтағы дағдарыс – менедж­мент» тақырыбында «Астана» теле­арнасының бас директоры Ләззат Та­нысбай қазақстандық журналистерді алаңдатып отырған мәселелерге кеңі­рек тоқталды. Ол, бірінші кезекте, елімізде ақпарат мәселелері жөнін­дегі жаңа заңға қатысты проблемаларды тал­қылауға өз әріптестерін белсенді қатысуға шақырды. «Жалпы, БАҚ сала­сының өкілдері осы заңның талқы­лануына атсалысуымыз керек. Одан бас тартуға болмайды. Өйткені ол – сіз бен біздің күнделікті тіршілігіміз, ертеңгі жұмысымыздың сәтті болуына ықпал жасайды. Сонымен қатар, тағы бір ма­ңызды мәселе бар. Біз, журналис­тер, күнделікті жұмысымызда екі үлкен ұғымның арасында таңдау жасаумен жүрміз. Я нарыққа жұмыс істейміз немесе ұлттық құндылықтарды сақтауға қызмет етеміз. Осы бір таңдауда жүр­ген біз үшін де қазір үлкен мәселелер тұрған секілді» деді ол. Ресейлік «НТВ» телеарнасының жаңалықтар бағдар­ла­масын жүргізуші Лилия Гильдеева осы саладағы пайымды пікірімен бөлісті. Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы Евгений Кочетов те ақпарат саласы туралы салмақты сөз қозғады. Содан кейін аймақтан келген журналис­тер ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевқа өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. Министр де оларға тиянақты жауап беріп отырды.
Жиында отандық БАҚ өкілдерінің басын біріктіретін альянс құру туралы да ойлар айтылды. Қысқасы, форумда отандық журналистерді бейтарап қалдырмайтын өзекті мәселелер сарапқа салынды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button